БІЛІМ САЛАСЫНЫҢ МЕЦЕНАТЫ
Жақсылық – күн секілді. Сәулесін шашып, мейірім шуағын төгіп тұрады. Дәл сол секілді Махмұд Ыбырайханұлы да қандай шыңға шықса да, өзі түлеп ұшқан туған жеріне қайырымдылық жасаудан еш аянбаған.
Қайрымдылық деген қарапайым ғана ұғымды биікке көтерген жанның бірі – «Марсель Петролеум» ЖШС-нің директоры Махмұд Нәлібаев. Оның туған өлкесі –Шиелі ауданына, кенттегі Шиелі индустриалды-аграрлық колледжіне тартқан тартуларын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес.
Білім саласына құйған инвестицияның қайтарымы болатынын білетін білікті басшы колледждің материалдық-техникалық базасын нығайтуда ерекше үлес қосып келеді. Атап айтар болсақ, білім ұясындағы Ыбырайхан Нәлібаев атындағы әдістемілік кабинеттің толықтай компьютермен әрі интерактивті тақтамен қамтамасыз етілуіне қолдау білдірді. Бұған қоса, «Аспаз» мамандығына қажетті зертхананы күрделі жөндеуден өткізіп, қажетті құрал-жабдықтарын алып берді.
Мұнан бөлек туған жерден түлеп ұшқан азаматтың Шиелі кентіндегі аталған колледждің спорт және акт залдарын күрделі жөндеуден өткізу, спорт-жаттығу тренажерлармен қамтамасыз ету секілді тартулары көп. «Жақсы адам жай келеді, жан-жағын байқай келеді» демекші, М.Нәлібаев студенттердің оқу-тәжірибе шаруашылығына және өндіріс кенішіне қатынауы қиындық тудыратынын ескеріп, ПАЗ-32054 маркалы судай жаңа автобусты сыйға тартқан жомарттығымен де мәлім.Шарапатынан халқына шашу шашып жүретін жанның жақсылығы тек мұнымен шектеліп қалмаған.
– Туған жердің текті ұлы сондай-ақ 5 млн теңгеге колледж жанынан «Мұнай және газ алатын операторы» мамандығы бойынша 6 айлық оқу бағдарламасын ашады. Бағдарламаға сәйкес, оқу полигонын жабдықтап ғана қоймай, 25 маманның даярланып шығуына және 3 бітіруші түлектің жұмысқа орналасуына ықпал етеді.
Мақтауға да, мақтануға да тұрарлық тұлғаның тектілігі мен іске ептілігінің арқасында колледж студенттері Кеңес Одағының Батыры, Халық Қаһарманы, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовпен кездесуге де мүмкіндік алған. Тіпті, «Жас қыран» әскери-патриоттық клубының үздік студенттері Нұрсұлтан Бейсенов пен Тұрғанкүл Жұмабайқызына «Сағадат Нұрмағамбетов» атындағы, ал спорттағы жетістіктері үшін Өсербай Башаров пен Бақберген Жұмаділдаевқа «Марсель-GRUP» компаниясының атынан шәкіртақылар да тағайындаған. Сондай-ақ, колледждің ардагер ұстаздары мен оқытушыларын сауықтыру демалыс орындарына де жіберуге демеушілік жасады, - дейді Шиелі индустриалды-аграрлық колледжі директорының оқу-тәрбие жұмыстары жөніндегі орынбасары Бақтияр Дайрақов.
P/S: «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дейді қазақ. Біз бүгін туған жеріне тартынудан еш аянып қалмайтын, жасаған жақсылығы ауыз толтырып айтуға тұрарлық Махмұд Нәлібаевтың қайырымдылық ісін сөз еттік. Байқау шарты бойынша, білім, медицина, мәдениет саласына қолдау көрсететін жандар әңгімеге арқау болуы керек болғандықтан, М.Ыбырайханұлының тек білімге құйған инвестициясы турасында ғана баяндадық. Әйтпесе, жаны жомарт жан бірнеше рет елге келіп, ата-бабы рухына ас беріп, әкесі мен анасының туған топырағына имандылық үйін де салып берген. Мұның бәрін толғаныс сезіммен жеткізуге болар еді.
Ал Атымтай жомарт атанған азаматтың сіз бен біз білмейтін қайырымдылық істері қаншама?!
Жансая ЖҮНІСОВА,
Қызылорда қаласы