СИҚЫРЛЫ ТАЯҚ ҰШЫНДАҒЫ ӘУЕН
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «...қыруар іс атқарған, ел дамуына үлес қосқан азаматтардың өздері мен табысқа жету тарихы әдетте құрғақ фактілер мен цифрлардың тасасында қалып қояды. Шын мәнісінде, Қазақстанның әрбір жетістігінің артында алуан тағдырлар тұр» деп нағыз елдің патриоты бола білген шынайы тұлғаларды дәріптеу қажеттілігін айтты. Осы бағытқа ұштасқан рухани-мәдени шара әлемге әйгілі дирижер, Қазақстан Республикасының халық әртісі Төлепберген Әбдірашевтің шығармашылығына арналған облыстық вокалистер байқауы туған жер топырағында бастау алды.
Бесарық ауылдық клуб үйіндегі әуелеген өнер кешіне мәдениет майталмандары мен облыс көлеміндегі жас таланттар бас қосты. Дарынды дирижердің кешінде сөз алған аудан әкімінің орынбасары Бақытжан Әйтбенбет:
– Киелі топырақта кіндік қаны тамған Төлепберген Әбдірашев өнерде өз ізін қалдырды. Отыз жасында-ақ, елге әйгілі дирижер атанып, өмірдің небір ауыр соқпағынан өтті. Әке-шешеден жастай жетім қалғанымен, жаратылысы ширақ, болмысы өте зерек азамат алдымен Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваторияда қобыз класында дәріс алып, соңынан дирижерлық мамандығын игерген соң, 1977 жылы 29 жасында Батыс Берлинде өткен дирижерлардың халықаралық сайысында дипломант атанды. 1979 жылы Чайковский атындағы Мәскеу мемлекеттік консерваториясын үздік бағамен бітірді. Бұл екінің бірінің қолынан келе бермейтін бақ еді, – деп байқауға келген жастарға сәттілік тіледі.
Төлепберген Әбдірашев 1982 жылы Вена музыкалық академиясында тағылымдамадан өтеді. Осындай біріне-бірі жалғасқан оқу мен тәжірибеден соң 1983 жылдан мемлекеттік академиялық симфониялық оркестрдің, 1985 жылдан бастап Абай атындағы мемлекеттік академиялық опера және балет театрының бас дирижері, 2006-2007 жылдары Құрманғазы атындағы қазақ мемлекеттік академиялық ұлт аспаптары оркестрінің, Н.Тілендиев атындағы академиялық фольклорлық-этнографиялық «Отырар сазы» оркестрінің бас дирижері болып қызмет атқарды.
Ол кәсіби шеберлігінің арқасында АҚШ, Ұлыбритания, Австрия, Германия, Ресей, Түркия, Куба, Корея сияқты көптеген елдергегострольдік сапарға шығып, әлемдік классикалық музыкамен қатар қазақстандық композиторлардың шығармаларын насихаттай білді. Шығармашыл адамның бойында кәсіби біліммен қабат үлкен мәдениет, үйлесім, сергек сезімталдық, мейірім, ұшқыр қиял, философиялық тұжырым, оркестрдегі барлық аспаптардың қыр-сырын түсінетін қасиеттері болуы керек. Мұнымен қатар табиғи есту қабілетінің ерекшелігі бар.
1983 жылы ұлы музыканттар отаны саналатын Венадағы симфониялық оркестрде бір жылдық тағылымдамадан өтуі өмірлік әсері мол дәріс, бойына қаншама жаңа шабыт қайнарын берді. Бетховен, ¬Моцарт, Штраус, ¬Шубертт, Брукнердің туған топырағында болып олардың басына тағзым ету Төлепбергеннің өмірін музыка әлеміндегі басқаша кеңістікке көтерді. Мұндай сапарлар оның репертуарын байытумен бірге классик композиторлардың туындыларын еркін игеруіне, оның сұлу құшағына еніп кетуге даңғыл жол ашты. Бұл жөнінде байқауға төрелік еткен Феруза Арғынбаева әңгіме етті.
Вокалистер байқауында шығармашылық шыңдалған, кәсіби әншілер өзінің деңгейін көрсететін туындыларымен бақ сынасты. Ә, дегеннен-ақ, дауысының тембры мен диапозоны анық байқалған үміткерлер көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді. Ерлер және әйелдер дауысына бөлінген байқауда әлем классикасынан туындылар көптеп орындалды. Сиқырлы таяқ ұшымен әуелеген әнге үн қосқан Руслан Рызман Г.Гендельдің "Ксрекс" операсынан үзінді, Әйбек Хайрулла А. Моцарттың "Свадьба Фигаро" операсынан ария, Аблайхан Байділдаев А.Скарлаттидің "Сенто нель корэ" ариясын, Сағыныш Кенжеғалиқызы А.Дворжактың "Русалкасын, Назерке Омар Н. Пиччинидің "Сейль чиель ми дивиде" ариясын, Азамат Қасымхан "Пиетте Сеноре" ариясын, Айгүл Еркінбайқызы Иоланта" ариозасын, Әзиза Әбдірейім "Богема" операсынан үзінді, Әбдіқадір Әбдірашитов "Каромибен" ариясын, Абылай Сұлтан М. Магомаевтың "Сияние вечности" ариясын орындап шықты.
Байқау соңында, ерлер арасынан ерекше талантымен танылған Руслан Рызманов бас жүлдеге лайық деп танылды. Дәурен Беркімбаев бірінші орынға, Айбек Хайрулла екінші орынға және Азамат Қасымхан мен Абылай Байділдаев үшінші орынды місе тұтты. Ал, әйелдердің арасында сұлулығы мен әсем үні құлақ құрышын қандырған Назерке Омар бас жүлдені жеңіп алды. Жаңақорғандық Азиза Әбдірейім бірінші орыннан көрініп, жерлестердің қуанышын еселеді. Динара Жәкешеева екінші орынға жайғасса, Сағыныш Кенжеғалиқызы үшінші орынға тұрақтады. Сондай-ақ, Әбдіқадір Әбдірашитов пен Абылай Сұлтанға "Алғыс хат" табысталды.
Кеш соңында Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, композитор Рамазан Тайманов: "Шағын ғана ауыл клубында осындай үлкен деңгейдегі байқау өткізу іскерлікті талап ететіні белгілі. Тау етегіне келіп, тамаша табиғат аясында рухани тынығып, шығармашылық кештен тамаша ләззат алдық. Жаңақорған аудандық тілдерді дамыту және мәдениет бөлімінің қызметкерлеріне ризашылық білдіремін", – деді.
Мақпал МАРҚАБАЙ