ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНЫҢ ҮЗДІКТЕРІ ТАНЫМДЫҚ САПАРҒА ЖОЛ ТАРТТЫ
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында республикалық «Өлкетану» акциясы басталды. Акцияға Қазақстанның барлық облыстарының мектеп оқушылары қатысады.
Қызылорда облыстық білім басқармасы мен облыстық «Рухани жаңғыру» орталығының ұйымдастыруымен Сыр өңірінің 70-тен астам мектеп оқушылары Ақмола облысына жолға шықты.
«Қазақстанның киелі жерлеріне бару жөніндегі республикалық өлкетану акциясының» мақсаты – еліміздің әр аймағындағы мектеп оқушыларына киелі жерлерді таныстыру, жас ұрпақтың өз еліне деген сүйіспеншілігін арттырып, бәсекелестік қабілетін арттыру, әрбір өлкенің табиғаты, киелі жерлері жайлы танымын кеңейте отырып, білімінің салтанат құруына жол ашу, сол арқылы саналы азамат тәрбиелеу.
Акцияға 2017-2018 оқу жылының үздіктері қатыстырылуда.
Ақмола мен Қызылорда облыстарының білім басқармалары арасында алдын ала келісім бойынша екі аймақтың оқушылары өзара достық қарым-қатынас орнатып, өз өлкелерінің киелі жерлерін бірге аралайтын болады.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында алғаш рет жүзеге асырылып жатқан бұл акция жас ұрпаққа есте қалар тағылымды шараларымен маңызды болмақ.