«МЕДИА ЭТИКА» ОҚУЛЫҒЫН ОҚЫТУДАҒЫ ЖАҢА ТӘСІЛДЕР
Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы нақтыланған міндеттер стратегиялық жоспарымызды айқындайтын арнайы жобаларымен құнды. Солардың бірі – «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы. Жаңа оқулықтар арасында журналистік этикаға байланысты еңбектің енуі осы саладағы мамандардың біліктілігін арттыра түсері анық. Өйткені ақпарат тасқыны жүріп жатқан дәуірде журналистің кәсіби этикасына байланысты мәселелерді айқындап алудың маңызы зор. Бұл біріншіден, журналистің шынайы ақпарат таратуына, екіншіден әлеуметтік жауапкершілігін арттыруға, үшіншіден кәсіби қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ықпал етеді.
Қазақ журналистикасында кәсіби этикаға қатысты мәселелер соңғы жылдары жиі айтылып жүр. Журналистика мамандығы бойынша білім алушыларға «Журналист этикасы» курсы бірнеше жылдан бері жүргізіліп келеді. Алайда кәсіби этикаға байланысты оқулықтар мен оқу құралдары соңғы 10 жылдың көлемінде ғана жарық көрді. Оған дейін Ресей ғалымдары Р.Г.Бухарцев, В.А.Казакова, В.М.Теплюк, Г.В.Лазутина, Д.С.Авраамов, М.А.Федотов кәсіби этиканы әртүрлі қырынан қарастырған.
Қазақ журналистикасында кәсіби этикаға байланысты әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің ғалымдары Ү.Уайдиннің оқу құралы, Т.Бекниязовтың, Р.Жақсылықбаеваның бірнеше ғылыми мақалалары жарық көрген. Журналистік этикаға байланысты мәліметтерді жоғарыда аталған оқулықтар мен оқу құралдарынан алуға болады. Алайда әлемдік журналистік тәжірибені білу – жас мамандар үшін басты талап.
Жақында ғана «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақстандағы 100 жаңа оқулық» жобасы аясында алғашқы 18 кітап жарық көрді. Әлемнің ең озық жоғары оқу орындарында оқытылатын оқулықтардың тұсаукесеріне Елбасы Н.Ә.Назарбаев қатысып, оң бағасын берді. Философия, экономика, психология, әлеуметтану, тіл білімі және журналистика саласында жарық көрген оқулықтар жайлы философтар, саясаттанушылар, әлеуметтанушылар пікір білдіруде. Ендігі міндет – аталған оқулықтарды жоғары оқу орындарының оқу үдерісіне енгізу болып отыр. Айта кетейік, жарық көрген оқулықтардың барлығы дерлік әлемге танымал Оксфорд, Гарвард, Кембридж және тағы басқа жоғары оқу орындарында оқытылады.
Ли Энн Пек пен Гай С.Рилдің редакторлығымен жарық көрген «Медиа этика» (жас мамандардың тәжірибесінен) атты кітап журналистің кәсіби этикасының өзекті мәселелеріне арналған. Грили қаласындағы Солтүстік Колорадо университеті Коммуникация мектебінің журналистика және медиа зерттеулер профессоры, PhD доктор Ли Энн Пек бірнеше басылымдарда тілшілік қызметтен бастап, редактор, шолушы және 20 жылдан астам уақыт бойы журналистер ұйымдарымен жұмыс істеген тәжірибелі ғалым. Оның зерттеулері студенттердің этикалық шешім қабылдаудағы тиімді жолдарды қарастыруға арналған. Кітаптың екінші авторы Гай С.Рил бұқаралық коммуникация профессоры. Огойа университетінің докторы атанған ғалым журналистикадағы проблемалар мен коммуникация тарихы туралы еңбектер жазған.
Ли Энн Пек пен Гай С Рилдің «Медиа этика» оқулығында әлемдік журналистік тәжірибеде кездесетін түрлі оқиғалар мен жағдайларға талдау жасалған. Еңбекте авторлардан басқа көптеген мамандардың журналистер тәжірибесіне қатысты түрлі оқиғалары беріліп, олардың шешімін табу жолы көрсетілген.
«Медиа этика» оқулығы төрт тараудан тұрады. Олар: «Медиа этика негіздері», «Моральдық тұрғыдан кемелденген кәсіби медиа маманы», «Адалдық», «Сезімталдық» (сақтық), «Баланс». Еңбектің алғашқы тарауы кәсіби этиканың негіздері мен философиялық теорияларға арналады.
Кәсіби этиканы зерттеуші ғалымдар мен олардың оқулықтарында жалпы түсінік пен әлемге танымал философиялық теорияларға шолу жасалады. Аталған оқулықта Сократ, Платон, Аристотельдің ізгілік этикасы, Канттың этикалық міндеттер туралы ойы, Дж С. Милдің пайдалық қағидаты, Джон Раудің надандық пердесі туралы теориясы, Сиселла Боктің жариялылық тесті, қамқорлық этикасы, этикалық шешім қабылдау мен дін мәселелерін жеке-жеке қарастыра отырып, тұжырым жасайды. Айта кетейік, журналистика мамандығы бойынша білім алушылар аталған оқулықтан әлемдік деңгейде танымал философтардың этика жайлы теориялары мен көзқарастарына қанығып қана қоймай, оларды салыстыра талдай алады. Сондай-ақ Дэни Элиоттың моральдық кемелдену теориясы мен жас маманның моральдық кемелдену мүмкіндіктерін нақты мысалдар арқылы анықтайды. Қарапайым жас тілшінің басынан өткен оқиғасын баяндай отырып, студенттерге шешім қабылдау қабілетін күшейтудің жолдары баяндалады.
«Адалдық» атты екінші тарауда саяси компания тактикалары, мәмілеге келу, ойыңдағыны ашық айтуға дағдылану, деректермен жұмыс істеуге байланысты жағдайлар талданады. Кәсіби этиканың ең басты талабы – адалдық. Моральдық кемелдену теориясына негізделген «Поттер қорабында» деректер, құндылықтар, принциптер, адалдық бойынша оқиға талданады. Әрбір азамат үшін адалдықтың орны бөлек. Жалпы өмірлік ұстанымға айналған адалдық кәсіби тұрғыдан қалай көрініс тауып жатыр? Жас мамандарға өз кәсібіне адал болудың үлгісі нақты оқиға арқылы баяндалып, визуалды журналистиканы дамытумен айналысатын фототілшілердің ұлттық ассоциациясының Этикалық кодексі мәселені шешуге септігін тизігеді.
«Сезімталдық» атты үшінші тарауда әлеуметтік желімен жұмыс, иммерсиялық журналистика, SPJ этикалық коды, PRSA этикалық кодексіне нақты мысалдар арқылы түсініктеме беріледі.
Қазіргі таңда журналистика мамандарын замануи талаптарға сай дайындау өзекті мәселеге айналып отыр. Әсіресе жас мамандардың теория мен тәжірибені ұштастыра алмауы қиындық туғызып отырғанын жасырмаймыз. Сондықтан да «Медиа этика» оқулығы арқылы біз осы олқылықтың орнын толтырамыз. Оқулықтың құрылымының өзі кәсіби этикаға қатысты көптеген мәселелерді талдауға негізделген. Кәсіби этикаға байланысты теория немесе этика кодексі нақты оқиғалар мен жағдайлар арқылы талданған. Айта кететін бір жайт, оқиға немесе жағдай баяндалып, оның теориялық негізі айқындалғаннан кейін сол оқиғадағы кейіпкердің шешімі немесе студенттің жеке тұжырым жасауына арналған бірнеше сауалдар қойылған. Жоғарыда келтірілген NPPA-ның этика кодексінде сурет пен бейне түсіруге байланысты «түсіріп жатқан барлық субьектіге сыйластықпен, адамгершілікпен қара. Қайғылы сәттерді қоғам міндетті түрде көруі керек кезде ғана көрсет. Суреттерді өз ыңғайыңызға қарай өзгертіп, видеоға көрермендерді адастыратын дыбыстар қоспаңыз», – деп ескертіледі. ҚР БАҚ туралы заңы мен Қазақстан журналистерінің этика кодексінде жалған ақпарат таратуға байланысты баптар бар. Өкінішке орай, Қазақстанда сурет пен бейнежазбаға байланысты даулар өте көп кездеседі. Егер жас маман ақпаратқа байланысты сурет пен видеоны өзгертуге немесе түзетуге болмайтынын білсе, мұндай өрескелдіктер орын алмас еді. Айта кетейік, жарнама билбордтарына кеңінен тарап, «Рухани жаңғыру» бағдарламасының мазмұнына айналып кеткен бүркіт ұстаған бала, ұлттық валютадағы шағалаға байланысты даулар жоғарыда көрсетілген этикалық кодекске қайшы келеді.
Қазіргі таңда ақпараттық пәрмені жағынан әлеуметтік желінің әлеуеті артып отыр. Алайда біз әлеуметтік желінің жылдамдығы жағынан тиімді екенін ескеріп, дереккөз ретінде сенім артуға болмайтынын қаперге алмаймыз. Осы орайда әлеуметтік желіде жұмыс жасау кезінде тексеру, сілтеме жасау, жарияланған уақытын анықтау, зерттеу және жариялау секілді талаптарға жас мамандар мән бермейді. Әсіресе қайғылы оқиға туралы ақпарат тарату кезінде оның соңы мен құпиялылық деңгейін таразыға салу керек. Кейбір жекеменшік телеарна, мерзімді басылымдар әлеуметтік желіде жарық көрген яғни ел аузындағы әңгілмелерді ақпарат ретінде жариялаумен айналысады. Әсіресе суицид тақырыбын жазуда кейіпкердің жеке өміріне құрметпен қарау секілді мәселелерге абай болған жөн.
2011 жылы Америка газет редакторлары қауымдастығы «Әлеуметтік желімен жұмыс істейтін редакторларға арналған нұсқаулық» шығарды. Онда бірқатар кеңестер берілген. Бұл кеңестердің жас мамандар үшін ғана емес, кәсіби журналистер үшін де маңызы зор деп білемін.
Әлеуметтік желімен жұмыста мынадай талаптар қойылады:
1.Дәстүрлі этикалық заңдылықтар ондлайн баспада да сақталуы тиіс.
2.Желіге жазылған кез келген ақпараттың көпшілік алдындағы мәлімдемеге айналатынын ұмытпаңыз.
3.Әлеуметтік желіні оқырмандармен кері байланыс құралы ретінде кәсіби түрде пайдаланыңыз.
4.Жаңалықтарды желідегі парақшаға емес, ресми сайтыңызға салыңыздар.
5.Ақпаратқа сыни көзбен қараңыз.
6.Әлеуметтік желідегі ақпаратты тәуелсіз сараптамадан өткізіңіз.
7.Желіде жай ғана қолданушы емес, журналист екеніңізді естен шығармаңыз.
8.Әлеуметтік желі – ойыншық емес, құрал.
9.Барынша ашықтықты сақтаңыз және жіберген қателіктеріңізді мойындаңыз.
10. Арадағы әңгімелерді құпия сақтаңыз.
Мұндай кеңестерді әлеуметтік желіні зерттеушілер де айтып жүр. Дегенмен аталған оқулықта суицидке байланысты ақпараттың салдары талданады. Сонымен бірге журналистердің қайғылы оқиғаларды көрсетуге деген қызығушылығы қандай жағдайға апаратыны сарапталады.
«Баланс» атты тарауда этикалық нормалар қақтығысы, ішкі цензура, келісімге келу, журналистік шешімге байланысты жағдайлар ашылады.
Оқулықта тек журналистерге ғана емес, бұқарамен байланыс қызметіне, блогерге, әлеуметтік желімен жұмыс, жарнама агенттігі қызметкеріне қатысты көптеген кеңестер берілген. Сондай-ақ жас мамандар үшін саяси сауаттылық, ойды ашық айтуға дағдылану, кәсіпке адалдықты сақтау, журналистік зерттеу жасау, құпия жолмен ақпарат алу, деректермен жұмыс істеу, әлеуметтік желілерді қолдану, жеке тұлға құпиясын сақтау сақтау әдебі мен қоғамдық құқық, этикалық нормалардың қақтығысы жайлы мәселеде қандай әрекет жасау қажеттігін түсіндіреді.
«Медиа этика» оқулығын арнайы курс ретінде оқытатын болса, біз ең алдымен жас мамандарға әлемдік журналистикада кеңінен таралған этикалық кодекстерді, жас маманнан тұлға деңгейіне жету жолын, өзін-өзі дамытуға байланысты шешім қабылдау әдістерін үйрете аламыз. Осы уақытқа дейін жарық көрген ғалымдардың еңбектерінде адалдық, шынайылық, нақтылық, сенімділік жайлы өте көп мәселелер айтылған. Дегенмен бұл оқулықтың артықшылығы, нақты мысалдарды, шешімдерін, этикалық нормаларды салыстыра талдай отырып, студенттің өз тұжырымын ұсынуына арнайы тапсырмалар жүктеуінде дер едім.
«Медиа этика» курсын оқытуда студенттерді шешім қабылдауға үйрететін, еркін пікір айту дағдысын қалыптастыратын, өз кәсібіне адалдығы мен сенімділігін дамытатын тәсілдер пайдаланған дұрыс. Мәселен, сыни тұрғыдан ойлау, конструктивті оқыту тәсілдері білім алушылардың нақты нәтижеге жетуіне ықпал етеді.
Ойымызды қорыта келе, «Медиа этика» оқулығы болашақ журналистерге білім мен білікті байланыстыруға үйретеді. Оқулықтың әрбір тақырыбынан соң «Егер...» дей отырып, студенттерге бірнеше тапсырмалар беріледі. Тапсырмаларға жауап беру арқылы студент өзінің кәсіби дағдысын қалыптастырып, этикалық кодекстер жайлы молынан ақпарат алады. Бір сөзбен айтқанда, «Медиа этика» оқулығы журналистердің бәсекелік қабілетін арттыруға, білімнің салтанат құруына жол ашады.
Гүлмира ӘШІРБЕКОВА,
Аймақтық «Рухани жаңғыру» орталығының
бөлім басшысы, филология ғылымдарының кандидаты