ҮШ ТІЛДІ БІЛІМ БЕРУГЕ КӨШУ
Президент Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның әлемдік қауымдастыққа толыққанды кірігу міндетін қойды. Бұл үдерістің маңызды шарттарының бірі – ел тұрғындарының ағылшын тілін кеңінен білуі. Қазіргі Қазақстанның халқы іс жүзінде екі тілді. Мемлекет басшысы мұнымен тоқтамай өскелең ұрпақты үш тілде – қазақ, орыс және ағылшын тілдерін үйрету қажет деп санайды. Осы орайда, бүгінгі күні басты мәселе – мектептердің даярлығы мен оның нақты мүмкіндіктері болып тұр. Бұл жерде асығыстық, шалағай жоспарлар, білім беру жүйесінің мүмкіндіктерін асыра бағалаған дұрыс емес. Тарихи түрде лингвистикалық әртүрлілік тәуелсіз Қазақстанның ішкі саясатының негізін құрайды. Тәуелсіздік таңы атқан тұста Конституция мен заңнамаға тілдік белгісі бойынша кез-келген кемсітушілікті жоққа шығаратын механизмдерді негізге алынды. Мемлекеттік тіл ретінде қазақ тілі және екінші ресми тіл және этносаралық қарым-қатынас тіл ретіндегі орыс тілі Конституция мен «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заңында бекітілді. Тәуелсіздік кезінде мемлекеттік тілінің қолдану аясы едәуір кеңіді. Қазақстандықтардың жаңа ұрпақтары – қазақ тілін де, орыс тілін де қатар меңгеруде. Тілді мектепте оқыту сапасы едәуір өсті әрі нәтижесі де айқын. Бұл ретте, орыс тілі де белсенді түрде дамып келеді, әмбебап коммуникация құралы ретінде қолдану саласын, маңыздылығын толықтай сақтады.
Бұқаралық ақпарат құралдары, интернет, қазақ және орыс тілдеріндегі күнделікті қарым-қатынас – қазіргі Қазақстандағы қалыпты жағдай. Елде ұлттық диаспоралардың тілдері де белсенді дамып келеді. Түріктер, кәрістер, ұйғырлар, әзірбайжандар және Қазақстанның басқа этникалық топтары өз тілдерінде газет шығарады, әрі мектептерде оқытылады. Жалпы алғанда, Қазақстан халқының барлық тілдері ұлттық игілік болып табылады деп Конституцияда бекітілген принцип шынымен де жұмыс істейді. Уақыт бұл тәсілдің дұрыстығын растады. Қос тілділік әрине, жақсы, бірақ бұл жеткіліксіз. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Үшінші жаңғырту туралы мақаласында республиканың одан әрі дамуы, оның жаһандық бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін жалпыға ортақ тілдік білім берудің маңыздылығын атап өтті. Соның ішінде мемлекет басшысы атап өткендей, қазір тек қазақ және орыс қана емес, ағылшын тілін де үйренуге көңіл бөлу қажет.
Өткен жылы Қазақстан мектептерінде үштілді білім беру жүйесін енгізуге ұсыныс жасалды. Кейбір пәндер мемлекеттік тілде, кейбіреулері орыс тілінде, ал кейбіреулері ағылшын тілінде оқытылатын болады. Әрине, мұның міндетті шарты балалар мен мұғалімдердің үш тілдегі білімі болуы керек. Бұл ұсыныс қоғамда қызу пікірталас туғызды. Қазақстандағы осындай тілдік саясаттың басты мақсаты – республиканың әлемдік қауымдастыққа толыққанды кірігу екенін түсінеді. Үш тілде білім беруді енгізу әрбір қазақстандықты табысты, ал мемлекетті – әлемдік аренада бәсекеге қабілетті қылуға тиіс. Әрине, реформаның уақытты талап ететіні анық. Білім министрлігі 2020 жылға қарай ел халқының шамамен 20% ағылшын тілінде еркін сөйлесе алады деп болжам жасап отыр. Ағылшын тілін үйрену қажет, себебі, бүкіл әлем осы тілде сөйлеседі. Бұл жаһандық халықаралық коммуникацияның, ғылым мен технологияның тілі. Ғылыми зерттеулердің басым бөлігі дәл осы ағылшын тілінде жүргізіледі. Әрине, ағылшын тілін білу адамға үлкен мүмкіндіктер ашады.
Орыс тілінің де маңызы кем емес. Нұрсұлтан Назарбаев атап өткендей, орыс тілін үйрену керек, өйткені, бұл еліміздегі этносаралық қарым-қатынас тілі және Еуразиялық одақ кеңістігіндегі халықаралық байланыс тілі. Тарихи тұрғыдан орыс тілі бұрынғы КСРО аумағында негізгі халықаралық тіл еді әрі солай қалады. Қазақстанда да бұл мемлекеттік тілмен тең дәрежеде қолданылады.
Елімізде қазақ тілінің рөлі жалпыға ортақ болып табылады. Мемлекеттік тіл кеңсе жұмысында, заң саласында, лауазымды тұлғалардың сөзінде кеңінен қолданылады. Оны үйренуге соңғы онжылдықта өте үлкен көңіл бөлінді. ҚР үштілділік тұжырымдамасы ел аумағында тұратын барлық этникалық топтардың қазақ тілін үйрену үшін бар жағдайды жасауды көздейді.
Егер жас ұрпақ қазақ тілін бірінші сыныптан бастап меңгерсе, ал әр түрлі себеппен уақытында мемлекеттік тілден мақұрым қалған алдыңғы буындардың тілдік курстан өтіп, қазақша сөйлей алуы үшін Президент барлық жағдайды жасауды тапсырды. Бұл үшін көп нәрсе істелді, бірақ, аймақтарда қосымша білім беру мен әдістемелік көмек көрсету жоспарланып отыр. Бұған ана тілінде еркін сөйлейтін білікті оқытушылар тартылады. Сонымен қатар, оларға қысқа мерзімде қазақ негіздерін үйренуге мүмкіндік беретін тілді жедел үйрететін арнайы технология әзірленді.
Бірақ, ең күрделі және салмақты міндет, әрине, мектепке түседі. Үш тілде оқыту жүйесін енгізу үшін білім беру жүйесін жетілдіру оқу процесін басқарудан басталады. Оқыту шығармашылық, жігерлі және коммуникативтік сипатта болуы керек. Оқыту кезіндегі күш әрбір мұғалім жасауға тиісті жүйелі әдіске, пәнаралық тиімді байланыс құруға түсетін болады. Нәтижесінде үш тілді білім ала отырып студент қарқынды оқыту процесіне белсенді қатыса алады, ал әрбір мұғалім өз кезегінде пәнге ғана емес, сонымен қатар тілге де көмектесіп, тәлімгер болуы тиіс. Ынтымақтастықтың бұл түрі оқушының жауапкершілігін және өзін-өзі тану қабілетін арттырады. Мұғалімнен бұ жағдайда жоғары біліктілік пен ағылшын тілін жақсы меңгеру талап етілетіні түсінікті. Мұндай жүйе «жоқ жерден» пайда болған жоқ. Мұны әлемдегі алдыңғы қатарлы мектептер қолданады. Бұған ұқсас үлгі Қазақстанда да бар – соның негізінде «Назарбаев Зияткерлік мектептеріндегі» оқу үдерісі жасалған. Алайда, мұнда әрине, көптеген сұрақ туындайды. Мектеп жалпы деңгейде мұндай озық әдістерді енгізуге дайын ба? Оқушылар мен мұғалімдер ше? Әрбір ауылдағы қарапайым ұстаз осындай күрделі әдіснаманы әрі оны бірнеше тілде меңгере ала ма?
Мұны талқылау барысында қазақстандықтардың пікірі екіге жарылды.
Кейбіреулер үштілділікті енгізу қазақтардың жаңа ұрпағының мәдени ерекшелігіне қауіп төндіреді деп санайды. Шет тілін үйрету кезінде балалардың ана тілінде ақсайтыны туралы алаңдаушылық айтылады. «Бала тілдік тұрғыдан әбден шатасқан ойға батады», - дейді олар. Соның салдарынан ұлттық бірегейлік жойылады, жаппай «ағылшындандыру» нәтижесінде біздің ұрпақ американдық немесе британдық құрдастары секілді ойлайтын болады деп дабыл қағады.
Басқа пессимисттер бір уақытта бірнеше тілде оқыған оқушылар өздерінің ойларын ешқайсысына ашық айта алмайды деп болжайды. Бұл жағдайда қазақ және орыс тілдерін әбден үйренгенше, ағылшын тілін екінші рөл атқару керек.
Мектеп барлық үш тілді де шынымен де сапалы түрде меңгере алған жағдайда ғана көпшілік мектептегі үш тілділік идеясын қолдайды.
Кейбір адамдар көптілділік идеясын қолдайды, бірақ белгілі бір ескертпелері бар. «Назарбаев Зияткерлік мектептері» тәжірибесін кеңінен енгізу идеясының айқын прогрессивті сипатына қарамастан, қарапайым мұғалімдер мұндай салмақты көтере ала ма, жоқ белгісіз, әсіресе, білікті маман мәселесі өткір болып тұрған ауылда қалай болмақ? Ұстаз балаға математика немесе химия пәніндегі күрделі тақырыптарды ағылшын тілінде түсіндіре ала ма екен? Бұл үшін, кем дегенде, бала техникалық ағылшын тілін өзі білуі тиіс, ал оған кім үйретеді?
Мұғалімдердің екі жыл ішінде шетел тілін меңгеруі тиіс жоспары бар. Ол үшін барлық мектептерде онлайн-семинарлар енгізілетін болады. Дегенмен, күмән бар - ғылыми ағылшын тілін еркін сөйлеуге екі жыл жеткілікті ме, егер институттардағы мамандандырылған мұғалімдерді кем дегенде төрт жыл дайындағанда? Адамдар осындай «жарыс» нәтижесінде білім сапасы төмендейді деп күмәндануда. Әрине, бұл жерде ең алдымен мектептің нақты мүмкіндіктерін зерделеп алу керек. Үштілділікті енгізудегі ең қауіптісі оны жүзеге асыру кезінде формальдылыққа айналдыру. Егер мектептер сөз жүзінде барлығы уақытында енгізілді деп есеп берсе, ал іс жүзінде басқаша болса, онда идеяның өзінің беделі түсері анық.
Мұнда ең алдымен мұғалімдер мен балалардың өздерінің мүмкіндіктерін үнемі объективті бағалау қажет. Егер мұғалім ағылшын, қазақ немесе орыс тілінде нашар түсіндірсе, соның бәрін естіген оқушыдан жақсы нәтиже шығады дегенге елестету қиын. Оқытудың сапасы, ақтық нәтиде бүкіл жұмыстың негізгі өлшемі болу керек. Бұл тұрғыдан алғанда, 2020 жылға дейінгі мерзімді белгілеу жақсы тәсіл емес. Бұл жерде Білім және ғылым министрлігіне, оның басшылығына сұрақтар туындайды. Тиімді, дәйекті, тұжырымдамалық түрде әзірленген стратегиялық жоспарлау қажет. Әңгімеге арқау болған реформа, бәлкім, қазақ мектебінің тарихындағы ең ауқымдысы. Әрі оның қаншалықты кәсіби түрде қалай жүзеге асатындығына тек үштілділікке көшу процесімен бірге, бүкіл халықтың қабылдауы да байланысты.
Бүгінгі таңда үш тілде оқыту туралы қоғамдық пікірталас жалғасуда. Шынайы және күрделі мәселелер өте көп туындап отыр. Білім министрлігі осы мәселелерді мұқият және кәсіби түрде талдап, барлық пікірлерді оқып, үштілдік бағдарламаны жүзеге асыру кезінде жоспарлаудың нақты мүмкіндіктерін мұқият ойластыруы қажет.