Қайырбек Отызбаев: Мұсылмандардың қабылданған тұғырнамасы – жақсылыққа бастайтын жеті рухани құндылық
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Нұр-Сұлтан қаласында өткен ІІІ республикалық Имамдар форумында Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасы қабылдаған «Жеті рухани қазық» Қазақстан мұсылмандарының рухани тұғырнамасы» мұсылман баласының тұла бойында табылуы тиіс негізгі жеті көркем сипатты қамтиды. Бұл туралы Қызылордада ІІІ республикалық Имамдар форумында қабылданған құжаттарға байланысты өткен Сыр имамдарының алқалы жиынында аталған тұғырнама жайлы кеңінен әңгімелеген Қызылорда қалалық «Сұлтан» мешітінің Бас имамы Қайырбек Отызбаев айтты.
– Өздеріңізге белгілі, 23 қазан күні елордамызда «Рухани құндылықтар – қоғам бірлігінің кепілі» тақырыбын арқау еткен ІІІ республикалық Имамдар форумы өткізілді. Аталмыш форумның басты құжаты болып қабылданған – «Жеті рухани қазық» Қазақстан мұсылмандарының рухани тұғырнамасы» ел игілігі жолында жасалған құтты қадам екені сөзсіз. Тұғырнама мұсылманның тұла бойында табылуы тиіс негізгі жеті көркем сипатты қамтиды. Атап айтқанда, имандылық, отаншыл болу, білім алу, бірлікке болысу, еңбекқорлық, мәдениетті болу және әділдік принципін ұстану. Бұл – адам баласының кісілік келбетін, адами болмысын, көркем мінезін қалыптастыруға негіз болатын жеті рухани қазық, – деді қалалық «Сұлтан» мешітінің Бас имамы Қайырбек Отызбаев.
Оның айтуынша, «Иманым – жиғаным» деп бақытын Исламнан іздеген бабаларымыз сан ғасырдан бері салт пен сүннетті үйлестіріп, өнегелі өмір сабақтастығын қалыптастырды. Ізгілердің ізін басқан бүгінгі ұрпақ та ата салтын сақтап, дәстүрлі діннің құндылықтарын өмірінің темірқазығы етіп келеді. Имандылық бастауы болған ұят, ар, намыс, обал, сауап, ізет сынды ұғымдар халқымыздың өмір салтында әдемі әдетке айналды. Сондықтан да, аталған тәлімдік құжаттың алғашқы ұстынында имандылық көріністері кеңінен баяндалады.
– Білім – баға жетпес қазына. Ілімсіз өркениет жоқ. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Білім мен хикмет мұсылмандардың жоғалтқан қазынасы, қай жерден тапса да иемденіп алсын», деген. Тәлімдік құжаттың үшінші ұстыны білім алуға шақырады. Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Ауызбіршілікте – Алланың мейірімі бар», деп атап өткен. Болашағымыздың жарқын болуы бүгінгі бірлігімізге үндейді. Тұғырнама осы мақсаттарға үндейді, – деді «Сұлтан» мешітінің Бас имамы.
Қайырбек Отызбаевтың сөзінше, Ислам адамзатты алдымен Аллаға иман келтіруге, сол иманның аясында игі істер жасауға шақырады. Адал еңбекпен несібе табу да – пайғамбар салған сара жол.
Сондай-ақ, бабаларымыз баланы бесігінен жақсы әдептерге баулыған. Ислами әдепті бойына сіңіру арқылы әрбір мұсылманның мәдениеті артады. Хакім Абай атамыз: «Адамның адамшылығы – ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады», деп әдеп мен мәдениеттің мәнін түсіндіреді. Осы тұрғыдан алғанда Қазақстан мұсылмандарының тұғырнамасында мәдениеттіліктің маңызы жан-жақты жазылған.
– Әділдік – ізгіліктің өзегі. Алла Тағала әрбір жаратылысты өз өлшемімен әділ жаратқан. Қоғамдағы қиянаттың жолын кесетін күш – әділдік. Әділдіктің салтанат құруымен ғана қоғам өркендейді. Қасиетті Құранда: «Әділ болыңдар. Шын мәнінде Алла Тағала әділ болғандарды жақсы көреді», деп бұйырады. Біз сөз етіп отырған әділдік те – тұғырнаманың басты шарттарының бірі, – дейді Қ.Отызбаев.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының негізгі ұстанымы – аталған қасиеттерді халқымыздың санасына сіңіріп, қоғам арасында ізгіліктің дәнін егіп, иманды ұрпақ қалыптастыруға бағыттылған.
– Бүгінгі жиында сөз етіліп, халыққа таныстырылып жатқан «Жеті рухани қазық» деп аталатын Қазақстан мұсылмандарының рухани тұғырнамасы жас ұрпаққа да жақсылық шарапатын тигізбек, – деп сөзін қорытындылады қалалық «Сұлтан» мешітінің Бас имамы Қайырбек Отызбаев.
Айта кетейік, бұған дейін Қызылордада ІІІ республикалық Имамдар форумында қабылданған құжаттарға байланысты Сыр имамдарының алқалы жиыны өткенін хабарлаған болатынбыз.
Нұрсұлтан МЫҚТЫБАЙ,
журналист.