Болатбек Абуов: Діни рәсімдерді кез келген адамның атқаруға құқы жоқ (ФОТО)
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Қызылордада ІІІ республикалық Имамдар форумында қабылданған құжаттарға байланысты Сыр имамдарының алқалы жиыны өтті. Орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінде өткен жиынға облыстағы барлық мешіттердің имамдары қатысып, жақында ғана Нұр-Сұлтан қаласында Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасы қабылдаған «ҚМДБ құрылымындағы діни лауазымыдар тізілімі және міндеттері», «Жеті рухани қазық» Қазақстан мұсылмандарының рухани тұғырнамасы», «Дін қызметкерлері атқаратын діни рәсімдер тізілімі» атты 3 құжатты талқылады.
Жиынды ашқан ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша Өкілі, «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінің Бас имамы Болатбек Абуов елордамыз Нұр-Сұлтан қаласында өткен «Рухани құндылықтар – қоғам бірлігінің негізі» атты ІІІ республикалық имамдар форумы ел тарихында қалатын елеулі оқиғалардың бірі екендігін атап өтті.
– Республикалық форумға қатысқан еліміздің Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев, мемлекет және қоғам қайраткерлері, ғалымдар, депутаттар, белгілі теологтар, еліміздің әр аймағынан келген 500 имам тұғырлы үш құжаттың, атап айтқанда, «Жеті рухани қазық» Қазақстан мұсылмандарының Рухани тұғырнамасы, «ҚМДБ атқаратын діни рәсімдер тізілімі» және «ҚМДБ құрылымындағы діни лауазымдар тізілімі» сынды құжаттардың қабылдануына куә болды. Бүгінгі таңдағы біршама өзекті мәселенің түйінін шешу үшін аса қажетті болған аталмыш құжаттар мұсылман қауымын бір серпілтіп тастады. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жиын қатысушыларына жолдаған құттықтау хатында: «Парасаттылық, отансүйгіштік, адамгершілік қасиеттерін халықтың санасына сіңіру – сауабы мол абыройлы миссия. Ислам дінінің осындай ізгі құндылықтары еліміздегі мұсылмандар қауымын біріктіріп, ынтымағын арттырып отыр. Имамдарымыз халық арасында рухани, ағартушылық жұмыстарын ұдайы жүргізіп, жас ұрпақтың бойына имандылықты дарытуға атсалысуы өте маңызды» дей келе, халық арасында игілікке шақырушы, бірлікке үндеуші ретінде имамдарға артылар жүктің салмағы жеңіл емес екенін атап көрсетті, – деді Болатбек Ұласқанұлы.
Өкіл имамның айтуынша, республикалық жиында қабылданған «Жеті рухани қазық» рухани тұғырнамасына сәйкес, имандылық, отаншылдық, білімділік, ауызбіршілік, еңбекқорлық, мәдениеттілік және әділеттілік сынды қасиеттерді бойға сіңіру арқылы әрбір мұсылманды өнегелі тұлғаға айналдыру, қоғамды тәрбиелеу – құжаттың басты мақсаты.
– Адамның бойында бұл қасиеттерді бірі болса, екіншісі болмауы мүмкін. Сондықтан бұл құжат қазіргі уақытта керек дүние, – деді Бас имам.
Сонымен қатар, «ҚМДБ құрылымындағы діни лауазымдар тізілімі мен міндеттері» және «ҚМДБ атқаратын діни рәсімдер тізілімі» құжаттарының бірі имамның тұлғалық мәртебесі мен міндеттерін айқындаса, екіншісі адам баласының дүние есігін ашқаннан бастап ақтық сапарға аттандыруға дейінгі өткізілетін діни жөн-жоралғыларды бірізділікке салып, жүйеленуіне өз септігін тигізбек. Яғни, қоғамда түрлі түсініспеушіліктер кесірінен туындайтын кереғар пікірлердің, діни рәсімдерді өткізу барысында орын алатын олқылықтар мен ысырапшылдықтың алдын алушы құралға айналады.
– Бас мүфти Серікбай қажы Сатыбалдыұлы «Қоғамда көрініс тапқан мәселелер – отбасылық келеңсіздіктер, оның ішінде ажырасу оқиғалары, суицид, біреудің арын таптау, ұрлық, зорлық-зомбылық, т.б. Осындай күрделі мәселелерді шешудің бір ғана қуатты жолы – рухы биік сананың қалыптасуы деп атар едім. Сана түзелсе – адам түзеледі. Адам түзелсе – қоғам түзеледі. Рухы биік сана – барша жамандықтың қалқаны. Біз осы бағытта жұдырықтай жұмылып, көбірек жұмыс істеуіміз керек», – деп үндегендей, ел бірлігі мен ұлт болашағын қамтамасыз ету жолында бүгінгі ұрпаққа рухы биік сананы қалыптастыру үшін қоғамның барлық тәрбиелеуші институттары бірлесе жұмыс жасауы тиіс. Біз ұлттық болмысымыз бен кодымызды сақтау арқылы рухы биік, санасы еркін ұрпақтарды тәрбиелей аламыз. Иманды, отансүйгіш, адал перзент бола білген адам ғана мемлекетімізді өркендету үрдісіне мол үлес қосатыны айқын, – дейді бұл тұрғыда Бас имам Б.Абуов.
Бас имамның сөзінше, діни рәсімдерді екінің бірі атқаруға құқы жоқ.
– Қазіргі таңда жеке адамдардың да имамның атқаруы тиіс міндеттерді атқарып жүргені белгілі. Олар мешітте де, мүфтият та да тізілімде жоқ адамдар. Ол атқарған діни рәсімдері үшін кімнің алдында жауап береді? Бұл құжаттар осындай мәселелердің де алдын алады деп ойлаймын. Реті келгенде айта кету керек, мешіттерді күтіп ұстауға мемлекеттен қаржы бөлінбейді. Мұны барлығы біледі. Сондықтан шалғай ауылдардағы мешіттерді күтіп ұстау, онда арнайы имам отырғызу мәселесі қиындық туғызады. Дегенмен, облыс әкімдігі тарапынан имамдарға 7-8 айға жалақы берілуде. Алайда бұл көмек барлық имамға бірдей көрсетілмейді, – деді ол.
Сондай-ақ, өкіл имам Болатбек Ұласқанұлы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен өткен форумда қабылданған құжаттар қоғамды тәрбиелеуші құрал ретінде еліміздің ынтымақ-бірлігін нығайтып, тұрақтылығы мен рухани тұтастықтың сақталуына, ұлттық құндылықтарымыздың қайта жаңғыруына өз септігін тигізетініне сенімді екендігін жеткізді.
Сыр елінің имамдары форумда қабылданған құжаттарды алқалы жиын барысында талқылап, оны халыққа кеңінен түсіндіру жұмыстары жайында сөз қозғады. Қызылорда қалалық «Сұлтан» мешітінің Бас имамы Қайырбек Отызбаев «Жақсылыққа бастаған жеті рухани құндылық» тақырыбында баяндама жасап, Қазақстан мұсылмандарының Рухани тұғырнамасы жайында жан-жақты сөз қозғады.
Ал, Қызылорда қалалық «Нұр» мешітінің Бас имамы Марат Үркімбаев республикалық имамдар форумында қабылданған «ҚМДБ атқаратын діни рәсімдер тізілімі» құжатын көпшілікке таныстырса, ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша Бас имамы Болатбек Абуов «ҚМДБ құрылымындағы діни лауазымдар тізілімі» құжатының мәні мен маңызына тоқталды.
Сондай-ақ, жиын барысында Жаңақорған аудандық орталық мешітінің Бас имамы Садулла Омаров, Қызылорда қалалық «Қалмұхаммед ишан» мешітінің Бас имамы Дайрабай Ырысбай, Қызылорда қалалық «Әл-Уәли» мешітінің Бас имамы Батырбек Убаев сөз алып, республикалық имамдар форумында қабылданған құжаттарға қатысты өз ойларын ортаға салды.
Сонымен қатар жиында Қызылордада облыстық ІІІ Имамдар форумы биылғы жылдың 21 қарашасында өтетіні айтылды.
Айта кетейік, қазіргі таңда аймақта 178 мешіт бар. Осы мешіттердің бесеуінде имамдар нақтыланбаған. Ал, қалған мешіттердің өз имамдары бар. Қызылорда облысында бас имамдар мен наиб-имамдар және азаншыларды қосқанда барлығы 250-ден астам діни қызметкер еңбек етеді.
Нұрсұлтан МЫҚТЫБАЙ,
журналист.