Таллиннің вице-мэрі қызметін атқаратын қызылордалық туралы не білеміз?
Біз бұған дейін Сыр өңірінің тумасы Михаил Кылварт Эстония астанасы Таллин қаласының мэрі атануы мүмкін екенін жазған болатынбыз. Онда Михаилдың 1977 жылы 24 қарашада Қызылорда қаласында туғанын, эстониялық саясаткер, спортшы және қоғам қайраткері екені айтылған еді. Осы ақпарат жарияланғаннан кейін oldkaz.kyzylorda-news.kz ақпараттық агенттігіне оқырманнан хат келіп түсті.

Эстониялық саясаткердің анасы Шек Лидия Григорьевна да, әкесі де Н.В. Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институтында (қазіргі Қорқыт ата атындағы ҚМУ) оқытушы болған.
«Мен сайтқа шыққан материалды көріп Михаил Кылвартты бірден таныдым. Оны өзінің нағашысы Элим Григорьевичке қатты ұқсаттым. Анасы Лидия Григорьевна 1973 жылы оқуға түсуге талаптанған жүздеген абитуриенттерге дайындық сабақтарын, өте қызықты баяндамаларын қағазға қарамай еркін, мәнерлеп бергенде, тырп етпей тынып тыңдайтынбыз. Өте ажарлы, сымбаты мен көркі ерекше, жұқалтаң өңді, нәзік денелі қараторының әдемісі еді. Дауысы сыңғырлап сөйлегенде үлкен мен кішіні өзіне еріксіз қарататын. Факультетте партия ұйымының мүшесі ретінде талапшыл, қажетті кезде қайсар мінез таныта алатын. Бауырмал, көпшіл, мінезі жайдары әрі сылаң келіншек болатын. Бір-екі курс Лидия Григорьевна бізге сабақ берсе екен деп армандап жүрсек, апай Мәскеуге оқуға кеткен екен. Келгеннен біздің топқа куратор және оқытушы болып тағайындалды. Жарқырап жүріп, лекция оқып, жарқырап студенттік кештерді ұйымдастырып, талай пікірталас пен саяси диспуттарды жандандырды», - дейді Зеріп Айтжанова.
Лидия Григорьевна өткен ғасырдың 20-шы жылдары имажинист, футурист, символист, импрессионист сияқты модерн тақырыбында жазатын ақындардың шығармашылығын зерттеп, ғылымға да өз үлесін қосқан жан.
Суретте:Зеріп Айтжанова
Сонымен қатар Зеріп Айтжанова Кылварттардың үйінде құрбысымен қонақ болғанын да айтты.
«Лидия апай босанып, Михаил есімді ұлды болды. Йола Николаевич кандидаттық еңбегін атом өндірісі тақырыбына арнап, МАГАТЭ бағдарламасымен тығыз байланыс жасаған кезі. Апайдың өтінішімен ташкенттік Розалия құрбыммен диссертация жобасына шамамыз келгенше техникалық көмек бердік. Парақтарды реттеу, мәтіндегі кейбір қателерді жөндеу сияқты. Негізгі редакциялау жұмысын және машинкада қолжазбаны теру Лидия Григорьевнаның міндеті болатын. Апайлар Қызылорданың орталығында, АХАЖ (ЗАГС) ғимараты маңайындағы үйде тұрды. Кейіннен Таллинге көшті деген хабар алдым. Саяси экономика кафедрасын Авербух Михаил Соломонович басқаратын. Ол кісі де саяси қуғын-сүргін заманында Қызылордаға келген деген әңгімені еститінбіз. Мүмкін, сол ғалымның құрметіне баласын атады ма деп те жобалаймын», - дейді Зеріп Айтжанова.
Фариза ОМАРОВА