РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ:ТҰЛҒАЛАР ТАҒЫЛЫМЫ
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы өткеннің өнегесін ұмытпауға, тарихтың тәлімін ұлықтауға үндейді. Ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық құндылықтарды, салт-дәстүрді насихаттаумен қатар елі үшін еңбек етіп, артына үлгі болар іс қалдырған азаматтарды бүгінгі буынға үлгі етуге шақырады. Халыққа үлгі боларлық артында өшпестей ісімен, сөзімен аты қалған бабаларымыз аз емес. Тек олардың өмірі мен өнегесін зерттеп кейінгі ұрпаққа жазып қалдыру керек.Жалағаш өңірінің тарихында аты қалған Кіші жүздің Өтебай Сарқасқа, оның ішінде Солтан деп аталатын аталықтан шыққан әрі би, әрі әулие Үбіс Жанайұлы (шамамен 1789- 1871 жж.) деген кісі болған.
Әкеден жастай жетім қалған Үбіс Шөмекейдің биі Пірәліге барып, ақыл - кеңесі мен батасын алған.
Жер дауы, жесір дауы, барымта, т.б. қазақтың толып жатқан дау - дамайлары көбіне Үбістің алдынан шешіліп отырған. Ол кісі: « Мынау жақыным немесе туысым»,- деп бұра тартпай, әркез туралығы мен әділдігін айтқан.
Үбіс айналасындағы кедей ағайындарын егін егуге үйретіп, отырықшылыққа бейімдеген. Оның: «Мал байлығы - бір жұттық», «Еңбегіңді жерге істе, жер көтерер назыңды», «Қабыңда астығың болмаса, қорадағы малыңа сенбе»,- дегендері қанатты сөздерге айналып кеткен. Сол кездегі егін еккен арық - атыздардың орны бүгінгі күнге дейін сақталған. Казіргі Жанаталап ауылы жерінің Қармақшы ауданы жағында «Үбіс арығы» казіргі ұрпақтардың иелігіне айналып, ырыс қазынасы болып отыр.
Ол арнаны қазудың өзіндік сыры бар. Үргеніш пен Арқа бойынан әкелген дақылдарды егейін десе, ойлаған жерге су шықпайды. Содан соң Үбіс бүкіл елді шақырып, мал сойып, өзі бас болып арық қаза бастайды. Елдің абыройлы адамының өзі бастаған соң, қалған халық құрал - саймандарын әзірлеп, ұзындығы 10 шақырымдай болатын «Үбіс арығын » қазып шыққан екен.
Аталған арық өткен ғасырдың 30-шы жылдардағы сол маңдағы халықты ашаршылықтан құтқаруға себепші болды. Жергілікті халық сол маңнан егін егіп, мал бағып, аң аулап жан бақты.
Үбіс арнайы діни оқу орнын бітірмегенмен, діни шарттарды үнемі орындап отыратын кісі болған. Сондықтан болар, айналасындағы кедейлерге қарайласып, қайыр, садақасын үзбей беріп келген. Ел арасында Үбіс Жанайұлын: «Шүлен таратқан, қазаны берекелі, дастарханына қыдыр дарыған, киелі әулие кісі еді»,-деген сөз бар.
Себебі, ол кісі әр үйге он сиырдан бөліп беріп, «сүтін іш, бір басын өзің ал, тек маған бір қарын сары май жинап берсең болды»,- дейді екен. Ораза айында айналасында отырған 60-70 үйге күніне үш - төрт пұт бидайды келіге түйгізіп, арнайы бағылған бір өгіз бен бес - алты қойды сойғызып, астырайды екен. Бидай көже піскен кезде оған бір қарын сары майды салып жібереді де, әр үйдің жан санына қарай ауызашарға бөліп бергізеді. Тіпті, жыл сайын отыз күн оразада: « Үбіс таратқан шүленнен жейміз », - деп алыста жүрген ағайындары да көшіп келіп отырған.
Үбіс көзі тірісінде Жаңадария жағасында «Көкшүңгүл», «Сарышығанақ», «Шымбай» жолының үстінде қос үй үйтам салдырған. Бірінші үй, жолаушылардың су болған киімін кептіріп, дем алып, тамақтануы үшін, екінші үй, намаз оқуға, балаларды оқытуға мешіт ретінде пайдаланылған. Сол үшін Үргеніштен арнайы ұста алдырып, қыш күйдірткен. Кейін бұл үйді қайыр там еткен. Оны жолаушылар баспана, керуен сарай ретінде пайдаланған.
Аталған үйлердің құландысы казіргі кезге дейін сақталған. Үбіс қайтыс болар алдында ұрпақтарына өзін сол үйтамының маңына жерлеуді аманат етіпті.
Үбіс жайлы көптеген ақын- термешілер өз өлең жырларын арнаған. Шораяқтың Омары Керейіт Даңмұрынға жазған өлеңінде:
« Есетбай, Қарақисық, Үбіс, Сарман,
Сол кезде болған жерлер жетімге ата.
Бұқарбай, Сейіл өткен Жетірудан,
Таусылмас Тәңірім үйген үлкен жота,- деп кезіндегі ел батырларымен қоса Үбіс Жанайұлын дәріптеген.
Үбістің үйтамы ХІХ ғасырдың ІІ-ші жартысында Жаңадария өзенінің сол жақ бетінде, «Шымбай жолының» бойында орналасқан архитектуралық ескерткіш. Үйтамды өзбек үсталарына тапсырыс беріп, өз қаржысына тұрғызған Сарғасқа тайпасының биі Үбіс Жанайұлы. Үйтам көлемі 16,5х24х6 см. және 26х12х7,5 см. болатын күйдірілген қызыл кірпіштерден қаланған. Өлшемі 6,10 х 9,40 метр. Үйтам бір призматикалық корпустың ішіндегі бір-бірімен есік арқылы жалғасқан екі камерадан тұрады. Камералар сфероконикалық пішіндегі күмбездермен жабылған. Үйтамның жебе тәрізді үшкір формалы есік – қуысы солтүстік жаққа қаратылған. Бірінші және екінші камераларын да ішкі өлшемі біркелкі болып келген. ( 3,60х 3,90 м.) Ішкі интерьері ортаазиялық «ганч» ерітіндісімен сыланған. Камералардың ішкі бетінде жебе тәрізді қуыс-тесіктер қалдырылған. Қабырғаның қалыңдығы 1,06 см. кесененің жалпы биіктігі 4,50 м. Қабырғысының биіктігі 1,5 м.
Үйтам ішінде қабірлердің ізі сақталмаған, соған қарағанда, бұл жолаушылар түнейтін түнеухана болуы мүмкін.