ЕЛІН СҮЙГЕН ЕР ӘБЕКЕҢ
Бұл фәни өмірде – әрбір пенде артына өшпестей із қалдырып, ұлағатты ұл-қыз, өнегелі ұрпақ өсіріп, тәрбиелеуді мақсат етеді-ғой. Сондай игі тілекті жандардың бірі, бала кезінен елгезек, зерек, алғыр болып өскен биік, арман-мұраттарға ұмтылған, жігерлі бозбала Әбекең - Әбдәмит Қосқанов болатын. Ол сонау 1924 жылы Тереңөзек (қазіргі Сырдария) ауданына қарасты Шаған ауылында туған. Білімге құштар, елін сүйген оның маңдайына жазылғаны бөлек болды. Қатал тағдыр бәрін-бәрін басқа арнаға бұрып әкетті, Әбекеңнің жастық шағы сұрапыл соғыс жылдарына дөп келді. «Қалаған оқуымды бітіріп, елге қызмет етсем» деген бозбала 17 жасында ел қорғау үшін өз еркімен соғысқа аттанып кете барды.
Майданға алғаш бара жатқан кезінде-ақ ол өмір мен өлім арасы қас қағым сәт екенін жан-тәнімен сезінді. Жас жауынгерлер мінген поезд эшелоны тұтқиылдан жау самолеттерінің шабуыл-соққысына ұшырады. Тым-тырақай қашқан солдаттар, оққа ұшқан бозбалалар, ыңыранған дауыстар, бәрі-бәрі көз алдында болып жатты. Соғыс дәмін сол сәтте-ақ татып көрген Әбекең аман қалып, Тамбов қаласындағы екі айлық сержанттар дайындайтын курстан өтіп, кіші сержант атағымен №303 әскери бөлімнің атқыштар бөлімшесінің командирі болды.
Қанды шайқас, қырғын-қияметтің көкесін оқ пен оттың ортасы «Курск-Орелск» доғасында айқын байқады. Бас көтертпейтіндей ысылдаған оқтар, қатары сиреп қалса да, рухы мықты, жанталаса алға ұмтылған жауынгерлер күші басым жауға төтеп беріп, әлсін-әлсін шабуылға да шығып отырды. Қаншама боздақ Әбекеңнің көз алдында қырылды десеңізші?!...
Осы «Курск-Орелск» доғасындағы, сондай-ақ Польшадағы Кенисберг қаласындағы шайқастарда көрсеткен ерліктері үшін Әбдәмит Қосқанов «Қызыл жұлдыз» орденімен, сонымен қатар «Ерлігі үшін» медалімен марапатталған.
Сұрапыл соғыс жылдарында Әбекең Украинада және Белоруссия майдандарындағы шешуші шайқастарға қатысқан. Украина жерін «бандеровшіл» сатқындардан азат етуге атсалысты. Жау әскерінің қоршауында да қалып, қарша бораған оқтан құдайдың құдіретімен аман қалды. Сол соғыс жылдарында Әбекең Кеңес Армиясының қолбасшылары, бүгінде аты аңызға айналған Г.Жуков, К.Рокоссовский, Н.Ватутинді өз көзімен көрді. Олардың: – «Сендердей жалынды жауынгерлер тұрғанда жауды жеңетінміз сөзсіз. Қорқыныш атаулыны мүлдем ұмытып, Жеңіс күнін жақындатуға тырысыңдар!», – деген сөздері солдаттарды жігерлендіріп, рухтандырып жіберетін, - деп отырушы еді, жарықтық ағамыз Әбекең.
Төрт рет ауыр жараланса да Әбекең қайта-қайта өз өтінішімен майданға оралып, ұрыстарға қатысты. «Жеңіс күнін Берлин қаласынан 30 шақырым жерде қарсы алдық», – дейтін марқұм.
Соғыс аяқталғаннан соң Әбекең зеректігі мен турашылдығы, тайға таңба басқандай жазуы ескеріліп, бас штабта әскери қызмет атқарады. Сонау 1946 жылдың қыркүйек айына дейін әскери қызметін мінсіз, адал аяқтап, туған жері Шаған ауылына оралды.
Елге келген соң бухгалтерлік курсты бітіріп, абыройлы қызмет етті. Кейіннен шаруашылықта бас есепші, кадрлар бөлімінің инспекторы, партия ұйымының хатшысы қызметтерін барынша адал, жауапкершілікпен атқарды. Үлкенмен де, кішімен де тіл табысып, ауылға сыйлы, қадірменді азамат бола білді. Туған жерді түлетуге, экономикасын алға бастырып, өркендетуге өлшеусіз үлес қосты.
Сонау 1952 жылы Әбекең ағамыз құдай қосқан жары Гүлсерік Әлқазықызымен отау құрып, өмірге Жадыра, Мажыра, Нұржамал есімді қыздарды және Саламат атты ұлды әкелді. Бүгінгі таңда олардың бәрі жоғары білімді азаматтар болып жетілді. Өз алдына отау құрғызып, немерелері мен шөберелерін көріп кетті. Қазір қыздары Жадыра мен Мажыра бір-бір шаңырақтың ардақты отаналары. Кіші қызы Нұржамал – білікті адвокат, ал ұлы Саламат – Сырдария ауданы прокурорының орынбасары, немересі Әкім Адай – Қызылорда қаласының прокуроры. Басқа да немерелері әр салада жемісті қызмет атқарып жатыр. Елін сүйген ер ағамыз Әбекең 1998 жылдың күзінде дүниеден өтті.
Шаған ауылының халқы Әбдәмит Қосқановты әрқашанда құрмет тұтады. Оның елге сіңірген еңбектері әлі күнге дейін халық жадында. «Ескі Шаған» деп аталатын ауылдың бір бөлігінде кезінде «Әбдәмит ауылы» атты көше болған. Осы көшені бүгінгі таңда марқұм, Ұлы Отан соғысының ардагері «Қызыл жұлдыз» және «Ұлы Отан соғысы» ордендерінің, сондай-ақ «Ерлігі үшін» медалінің, тағы да басқа марапаттардың иесі Әбдәмит Қосқановтың есімімен атаса дұрыс болар еді», – дейді Шаған ауылындағы ағайын. Халықтың айтқан тілегі құлаққа шалынып, ер есімі лайықты орнын тапса, құба-құп – дейміз, біз де.
М.ШІЛДЕБАЙҰЛЫ