ЕЛІ АРДАҚТАҒАН АҚЫН
Қоғамды алға апаратын, адамдардың жүрегіне ізгілік нұрын себелеп, жақсылыққа жетелейтін, Құдыреттің өзі ерекше жаратқан жандар болады. «Талапта» туылып, шартарапқа аты танымал болған Манап ақын осындай тұлға болатын.
Манап Көкенов 1926 жылы 20 мамырда дүниеге келді. Соғыстың қиын жылдары тылда ауыр еңбекке жегілген жасөспірім сабақтан қалмай дәріс алуға талпынады. Орта білім алып шыққан соң бойындағы қабылет-қарымымен туған жердің мәдениет саласына қызмет етуге бар ынта-ықыласымен бел буады.
Бұл кезде Манап ақын ретінде ауылдастарына танылып үлгірген еді.
Аудандағы №1 Қызыл отауды басқарып, малшылар мен егіншілер арасында жүріп, елді ағарту, сауаттандыру бағытында тер төкті. Кішкентайынан айтысқа қатысып, ел көзіне түскен ақын айтыс өнерін өрге дамытуға талпынды.
«Қазақстанның халық ақыны» деген Кеңес Одағында соңғы қырық жылда ешкімге берілмеген атақты ол 1980 жылы иеленді. Манап ағамыздың соңынан бұл атаққа ие болған ұлттың бір топ шоғыры – ортақ мақтанышымыз.
Манап – көпке мәлім әнші, термеші, жыршы, ақын, әйгілі үгітші, жалынды насихатшы, этнограф, халықтың әдеби-мәдени қазынасын зерттеуші, ауданда құрылған халық театрының белді де беделді артисі, әрі сценарист болатын. Осындай талант талғамымен халық шығармашылығын дамытуға елеулі үлес қосты. Республикалық және Бүкілодақтық халық шығармашылығы фестивальдарының лауреаты атануы соның айғағы. Елдің рухани әлеуетін алға апарудағы орасан зор еңбегі ескеріліп, ол 1955 жылы «СССР-дің үздік мәдениет қызметкері» белгісімен марапатталд¬ы.
«Екпінді» тұсауымды кесті Манап ақын ауданның төл басылымын аса қатты қадірлеп, өмірінің соңына дейін қарым-қатынасын үзген жоқ. Мұның өзіндік себебі бар. Оның газеттің 1945 жылғы 1 мамыр күнгі санында алғашқы өлеңі жарияланды. Ол өлеңі «Еске аламыз» деп аталды. Амангелді батыр туралы жазылған. Осыдан кейін газетке үзбей мақалалар жазып тұрған екен.
1946 жылы «Екпінді» газетінің 5 қаңтардағы санында Манап ақынның «Сайлауды бір кісідей өткізейік» деген өлеңі жарияланыпты.
Манап ақынның кемшіліктерді сын садағына іліп, өлең түрімен жазған фельетондары да бар соның бірі «Екі жеңгей» деп аталады.
Колхозында Талаптың,
Сәрсенова Бихан бар.
Еңбек десе ерініп,
Бармаймын деп қиқаңдар.
Набат, Айша тағы бар,
Табаны тасқа тимеген.
Сүйкімді жеңгей сыланған
Маңдайы күнге күймеген
Бір ай ауру, бір ай сау,
Жұмысқа қолы тимеген.
Екеуінің де ермегі
Өсектен басқа сүймеген.
Міне, осы тәріздес шумақтар адам бойындағы жалқаулық сынды нашар әдеттерді сынап-мінеп, кемістігін ашып айту арқылы кесірлі қылықтардың жолын кесіп, жаңаша өмір сүруге, еңбексүйгіштікке шақырады.
1947 жылғы 22 мамырдағы газеттің санында Сатыбалдиев деген азамат «Ленин» колхозының ақыны Манап Көкеновты айтысқа шақырады.
1967 жылдың наурыз айында пролетариаттың ұлы жазушысы Максим Горькийдің туғанына 100 жыл толуын бүкіл дүние жүзі атап өтуге дайындық жасап жатқанда Мәкең Ақтаста жазушының өмірі мен шығармашылығы жайлы оқушылар конфернециясын өткізеді. Бұл жөнінде де газеттің сол жылғы тігінділерін ақтарып, көптеген деректерге қанығуға болады. Осы бағытта көп ізденіп, зерттеу жұмыстарымен айналысқан ақынның ауылдасы, рухани інісі, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, жазушы Базарбай Исаев Алматы қаласындағы ұлттық кітапханада тапжылмай отырып, аудандық газеттің 1940 жылдардан бастап тігінділеріне мұқият зер салып, Манаптың шығармашылығының басталу, толысу, кемелдену кезеңдеріне осы басылымдағы ақын қолтаңбалары арқылы айқын көз жеткізіп, айнымас пікір қалыптастырған еді. Сөйтіп, біз жоғарыда келтірген тарихи қолтаңбаларды тасқа басып, кітап етіп шығарып, мәңгілік ұрпақ игілігіне аманаттап кетті.
Инемен құдық қазғандай,
Ғылымның бағы – білімде.
Алаштың аты озғандай
Ақынның бағы – тілінде
Білім мен тіл тұрғанда,
Кемітпес ешкімің де,
Түсің жарқын гауһардай,
Сөзің өктем айтардай
Болмассың кем түбінде, – деген Нартай Бекежановтан қалған асыл сөз бар екен. Біздің Манап атамыз да бойына біткен осынау оқшау талантымен өзгелерден биік тұрды. Ақынға сөзге ұста болу аз, мінезге бай, білімге терең, көзқарасы кемел болуы иесін қалың елдің қадірлісіне айналдырарына осы Манап ақынның бүкіл өмір жолы дәлел.
Соғыстың өрті лаулап тұрған қырық үштің жазында Нартай Бекежанов қазылық еткен айтыста 15 жасар ақын Манап Көкенов «Кеңесарық» ұжымшары атынан, Әбжан Құрышжанов «Елтай» ұжымшары атынан шығып, сөз сайыстырғаны бар екен. Айтыс Амангелді батырдың 70 жылдығына орай ұйымдастырылыпты. Сонда
Манап:
Амангелді батырдың тойы бүгін,
Соған аудан жинады ойы, қырын.
Он алты ақын ішінде біз де бармыз,
Сәті түсті осында жолығудың
... Мақсатымыз – елдікпен жауды жеңу.
Белгілі бүгін сондай ұран бары.
Осы тойға ұласса Жеңіс тойы
Халықтың жүзеге асар шын арманы» – деуінде ел болып алдан күткен асқақ арман жатқан жоқ па? Сонымен қатар өнерлі жастың өлең өлкесіндегі ғажайып өрнегін танығандай боласыз. Осыны зерделеген сөз зергері Нартай ақын екі жасты құттықтап, ағалық ақ батасын төмендегі алғыс-тілекпен жаудырған екен:
Әнһардың ағып жатқан тұнығысын,
Тұнықтың бойында өскен шыбығысың.
Тең түстің Манап, Әбжан шырақтарым.
Халықтың сүйген сендер құлынысың.
Бұдан кейін Мәкең Айдархан Бибасаровпен, Есіркеп Қоңқабаевпен, Әкім Мейірбековпен айтысты. 1969 жылы Асқар Тоқмағанбетовтың өлеңінің аудармашысы орыс ақыны Виктор Уринмен айтысуы өзінше бір аңыз.
Ол 1969 жылы Алматыда өткен республикалық ақындар айтысында шымкенттік Құлжабай Төлеуовпен, өзінің ұстазы, ақын Асқар Тоқмағанбетовпен, Әсімхан Қосбасаровпен, Жалғасбай Аралбевпен, 1980 жылы өткен ақындар сайысында Надежда Лушниковамен, 1987 жылы Павлодарда Тәушен Әбуовамен айтысқа түскен. Осы күні ол көрермендердің сұрауы бойынша өз ұлы – Әбдікеріммен де сөз сайысына түскен екен. Бірақ мұны айтыс деуден гөрі әкенің баласына берген ақ батасы деу әділірек болар еді. Ол осы кеште елдің алдында тұрып, қолындағы домбырасын баласына ұсынып, бұдан кейін бұл өнерді басыбүтін еншіңе ұсындым. Әрі қарай аялап күтіп, өзің жалғастыр деген асыл тілегін жеткізді. Содан былай Манап айтысты ашып бергені болмаса өзі сөз сайысына шығуды мұрат тұтпаған екен. Бірақ ол өмірінің соңына дейін қолынан қаламын тастаған жоқ. Қоғамда өзін толғандырған барша тақырыпқа қалам тербеді. Ақиқатын айтып, әділдікті жақтады. Жалғандыққа ара тұрып, әлсізге қорған, қиянатшылдыққа араша болудан танбады.
Бұл Әбділла ақынның Манап Көкеновтың табиғи болмысына берген бағасы. Адам жанын тәрбиелеуде өнердің құдыретті құрал екендігімен ешкімнің дауы болмаса керек. Ал Манап ақын өз өмірін өлмейтін өнерге айырбастап, қараша жұртқа көрік, қамыққанға серік, ой-арманы – біреу, күйзелгенге тіреу бола білген жан.
Оның еңбек кітапшасында бір ғана «Қызыл отаудың» меңгерушісі деген негіздеме бар. Ол көзі жұмылғанша осы бір төл қызметіне адалдығынан танбады. Ол аралаған шопандар отбасы, егінжайдағы диқандар қауымы Мәкеңнің сан қырлы өнеріне қанығып қана қоймай, керемет әңгімешілдігіне куә болатын.
Қарапайым еңбек адамдарының ортасында жиі болып, көңілін күйге, жүрегін жырға бөлеген өнер адамдарының өмірімізді нұрлы бағытқа бұрып, ел халқын отаншылдыққа, патриоттық сүйіспеншілікке, адалдыққа, азаматтыққа тәрбиелеудегі телегей-теңіз еңбегі қашанда жоғары бағалануы тиіс. Ал Мәкең сияқты дара саңлақтардың өз заманына қалдырған ізгілікті іздері бүгінгі күнге дейін ұрпақ жадынан өшкен жоқ. Ол – Жаңақорған ауданында халық театрын құрушылардың бірі, әрі артист, әрі өзі де сол сахнаға лайықтап скетч, шағын пьесалар жазған драматург еді.
Ол – халық әдебиетінің жанашыры, насихатшысы бола білді. Туған жердің талантты түлектері Құлан ақын мен Әлшекей күйшінің мол мұрасын жинап, шығармашылдығын зерттеді. Соның арқасында Құлан ақынның талай өлеңдері қағазға түсіп, жинаққа топтастырылды. Әлшекейдің мұралары күйтабаққа жазылып, алтын қорда қалды. Осының барлығында Манаптың мағынаға толы енапат еңбегі жатыр.
Қырықтың бірі – Қыдыр
Бір жолы Манап ақынды кезектегідей жұмыс сапарымен түс жорып, түн қатып жүрген жерінде тау етегінде кезіктірген бір қойшы жігіт Қыдыр деп қабылдайды. Көзі, қасы, кірпігі аппақ, өзі де ақ киім киінген ат үстіндегі атаға қарсы жүріп, сәлемдесіп, қолына жабысқан жігіт
– Қыдыр Ата, маған батаңызды беріңіз, – деп ұрпақсыз екенін айтып, жалынып-жалбарынған екен. Жапанда кездескен мұңлы пенденің көңілін жыққысы келмеген «Қыдыр баба» қолын жайып, Жаратқанға «Мына пірадарды бір ұл, бір қызды ете гөр» деп дұға етеді. Ақын бұл оқиғаны ешкімге айтпайды. Кейін өзі де ұмытып кеткен еді. Бірде Түркістанда жүріп, бір тойдың үстінен түседі. Баяғы бата берген жігітпен осы жерде кездесіп қалады. Ешқандай да қыдыр емес, халықтың ақыны Манабымен қайта қауышқан әлгі жігіт өзінің бір ұл, бір қызды болғанын қуана сүйіншілейді. «Ықылас-қалас» дегендей әруақты атасына шынайы берілген таза пейілінің өтеуіндей қонағын қарашаңырағына шақырып, бір ағайынындай қатынасып кетті.
Халықтар достығының дәнекері
Кешегі кеңестік кезеңде он бес одақтас республиканың халқын ортақ мүдделестік рухта тәрбиелеу талабы тағы осы киелі өнер арқылы өркендей түсті. Ауылдағы өнерпаздар қанатын кеңге жайды. Солардың арасында Мәкең де өз өнерімен көпке танылды. Одақтық жарыстарға қатысып, жеңімпаз атанып жүрді. Бүкілодақтық халық творчествосы фестивалінің лауреаты атанды.
Мәкең бірде Тәшкенге ағайындарына барып «Мәскеу-Ташкент» пойызына жайғасады. Пойызда гастрольге шыққан өнерпаздар тобына тап келеді. Әрқайсысы өз өнерлерін сарқып әлек. Үстіңгі орында жатқан «қарияға» ешкім назар салар емес. Бас жағына қойған ораулы домбырасын көзі шалған біреу, «ақсақал, өнеріңізді көрсетіңіз» деп қолқа салсын. Мәкең домбыраның құлағын бұрап, «Сыр сұлуын» әуелете жөнеледі.
– Ақсақал, өзбекше ән айта аласыз ба? – дейді біреуі. Мәкең «Наманганның алмасын» аңыратып қоя бергенде өзбек бауырларымыз таң-тамаша қалысады. Өнерпаздардың бірі грузин жігіті «Грузин әнін айтыңызшы» деп қолқа салады. Сонда Мәкең кеңес әлеміне кеңінен танымал «Сулико» әнін бастап кетеді. Жалғыз өзі бұдан кейін түркіменнің, молдаванның, тәжіктің, орыстың, басқа да бауырлас ұлт өкілдерінің әнін шырқағанда вагондағы түрлі ұлт өкілдерінен құрылған таланттардың көңілі аттай тулап, төбелері көкке жеткендей, бір арман, бір тілекпен ел астанасы – Мәскеуге асып-төгілген асқақ сезіммен асықты. Өнердің ел мен елді, халық пен халықты бір тудың астына жинап, рухани туыстастырып жіберер құдыретінің қуатын ол осылай дәлелдеп берді.
Халық жазушысы Шерхан Мұртаза «Манап аға Көкенов-көненің көзіндей, ата-баба, ескі жыраулардың өзіндей, әрі осы заман ақыны. Өткен мен қазіргіні жалғаушы алтын көпір» деп баға берген еді. Ақынның 50 жылдық мерейтойы аталып өтіліп, сол жылы оған «Халықтар достығы» ордені берілді. «Жаңақорған мен Шалқияның Құрметті азаматы» атанды.
Манап аға өзі өмірден өткеннен кейін даңқы одан әрі асқақтай түсті. Аудан орталығындағы Мәдениет үйіне «Манап Көкенов» есімі берілді. Аудан мәдениет үйі жанынан Манап Көкенов атындағы шығармашылық мектебі жұмыс істей бастады. Туған ауылы Манап енді Манап ауылы атанды. Жаңақорған ауданы әкімінің 2000 жылғы 27 желтоқсандағы шешімімен 14 азаматқа «ХХ ғасыр Адамы» атағы берілсе, соның бірі – Манап Көкенов атамыз.
Б.ҮСЕЙІНОВА.