ҚАТЫНТАМ КЕСЕНЕСІ

Тарихи жәдігер Жалағаш ауданы Аққыр ауылының солтүстік - шығысында 12 км. жерде, Жаңадарияның оң жақ жағалауында орналасқан архитектуралық ескерткіштердің бірі.
Аңыз бойынша, Шөмекей тайпасының Сарыбай аталығының бір қызын ұзатылып кетіп бара жатқанында жылан шағып өлтіреді. Бауырлары қызды жасауымен бірге сол қайтыс болған жеріне арулап көміп, бір жылдан кейін басына аталған кесенені тұрғызады. Содан кесене Қатын тамы атанған. Кесененің тағы бір атауы - Қыз тамы.
Кесене көлемі 8х24х44 см. болатын қам кесектерден қаланған порталды- күмбезді құрылыс. Кесененің ішкі-сыртқы беті қалың етіп сабан сылақпен сыланған. Жалпы формасы квадраттық көлемге жақын: 6,6 х 8 метр. Жебе тәрізді етіп қаланған қуыстың ішінде орналасқан кесене есігі бар портал (пештак) оңтүстік жаққа қаратып салынған. Полусфералық пішінді, цилиндр тәрізді барабанның үстіндегі күмбезбен жабылған. Күмбездің төбесі мен шығыс жақ бетінде ішкі жарық түсу үшін арнайы тесіктер қалдырылған. Заманында кесененің төрт бұрышына жалпы формасы домалақ болып келетін төрт бағана (гульдаста) тұрғызылған болуы керек. Кесененің ішінде сабан сылақпен сыланған бір қабір жатыр.