АРДАГЕРЛЕР ТАРИХИ ОРЫНДАРДЫ АРАЛАДЫ
Елбасы өзінің Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру атты бағдарламалық мақаласында «Жалпақ жұртыңды құрметтеу, туған өлкенің тарихын танудан, адамдарын ардақтаудан басталады» – деп атап көрсеткен болатын. Елдің болашағы үшін барын салып аянбай еңбек еткен ардагерлерге қандай құрмет көрсетілсе де артықтық етпейді. Оларды ұлықтау – бүгінгі ұрпақтың борышы.
«Шиелі ауданының әйелдері» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Ш.Оразымбеттің ұйымдастыруымен түрлі игі бастамалар қолға алынып, жүзеге асырылуда. Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған тарихи, мәдени орындары бар. Сондай есімдері ел есінде сақталған көне орындар мен зиярат ететін жерлерді насихаттау бүгінгі күннің көрінісі іспеттес. Осы орайда, Астана қаласының 20 жылдығы, Шиелі ауданының 90 жылдығы қарсаңында аталмыш қоғамдық бірлестіктің мұрындық болуымен аудандағы қырық бес ардагер тарихи маңызы бар орындарға зиярат етіп, саяхат шекті. Аудан әкімі Ә.Оразбекұлы аудан қарияларына ақ жол тілеп, ізгі тілегін жолдап, шығарып салды.
Туған жердің әсемдігін қаншалықты мақтағанмен, оның атын шығаратын ұл-қыздар. Десек те, ауданның 90 жылдық тарихында абыройлы еңбек етіп, егемен елдің баянды болашағына өлшеусіз үлес қосқан ардагерлеріміздің бірінші бағыты «Оқшы ата» кесенесіне зиярат етуден басталды. Қасиетті мекендегі қорықшыдан ел аузында жүрген аңыздар мен түрлі әңгімелерден хабардар болды. Мұнан соң V-VI ғасырларда ірге тасы қаланған Түркістан қаласында болып, Қ.Ясауи кесенесін аралады. Ел арасында Екінші Мекке атанған киелі орында суретке түсіп, тарихи мекендегі көне жәдігерлермен танысты. Ардагерлер рухани серпіліп, туған өлкеге саяхат жасау арқылы айрықша әсерге бөленіп, марқайып қайтты.
Ж.Ноғайбайқызы.