ОҒЫЗДАР ОРТА ҒАСЫРДА
Оғыздардың ІХ-ХІІ ғасырлар аралығында Орталық Азияда тәуелсіз мемлекет болып қалыптасқаны белгілі. Осылайша, оғыздар Шығыс пен Батыс елдерімен тең материалдық және рухани мәдениеті дамыған, мемлекеттік мекемелері жетілген ерте феодалдық мемлекет ретінде әлемдік кеңістіктегі өркениет елдеріне танымал болған.
Әсіресе, солтүстік пен оңтүстікте тұрғызылған оғыз қала құрылыстары Қорқыт ата дәуірінде материалдық және рухани өмірдің орталығына айналған. Орта ғасыр авторлары оғыз елін сипаттағанда әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан жоғары деңгейде дамыған қалалар қатарында ескі және жаңа Гузия қалалары туралы мәлімет береді.
Бұл аймақтарда қала құрылыстарын тұрғызуда оғыздар географиялық ортаның ерекшелігіне басты назар аударған. Сондықтан, Сарыарқаның солтүстік аймағында орта ғасырда орналасқан Даранта мен Дарку қалалары, Руза өзенінің жағасында Хиан және Джаджан қалалары кен орындарына жақын орналасқан. Әсіресе, оғыз қалалары – Даранта мен Даркуге түрлі-түсті металдар іздеп, мол байлық табуға оғыздармен қатар колонистер шоғырланған.
Қала құрылыстарына жергілікті тас материалдары кеңінен пайдаланылып, жауға қарсы берік қала қорғандары тұрғызылған. Идрисидің мәліметінде «города гузов многочисленны, они тянутая друг за другом на север и восток. У них там неприступные города и у них там укрепленные крепости» – деген дерек бар. Демек, солтүстік аймақта орналасқан оғыз қала қорғандары тұрғындардың қауіпсіздігі мен шаруашылықтың әртүрлі саласын дамытуға өте қолайлы жерлерде орналасқан.
Орта ғасыр авторларында ескі және жаңа Гузия қалаларының құрылысы мен орналасуы туралы деректер аз және нақты болмағандықтан, әзірге жан-жақты толық орналасқан жерін анықтау мүмкін емес. Дегенмен, 1192 жылғы Идрисидің жасаған атласы бойынша ескі Гузияның орналасу жерін анықтауда маусымды мал шаруашылығына қолайлы табиғи орта таңдалатын болған.
Идриси жасаған картада Шаш облысының шығысында иіліп келген тау тізбектерімен шектелетінін көрсеткен. Ал, «Сурат ал-ард» ескі Гузия Шаш өзенінің оңтүстігі, тау маңында, мұнымен Чагра оғыз жотасының сілемдері араласатыны жазылған. Бұл мәлімет Идрисидің картаграфиясымен толық сәйкес келеді. Идриси ескі Гузияның аймағы Тянь-Шяньның батыс сілемдері, Шу өзені мен Сырдарияның Қаратауымен шектелетіндігін көрсеткен. Ескі Гузия деп аталуы, сөз жоқ, оғыз тайпаларының бұрынғы астанасы деуге толық негіз бар. Бұл оғыз көсемдерінің Орта Азиядағы алғашқы резиденциясы болғанын білдіреді.
Ескі Гузиямен қатар Шаш өзенінің төменгі сағасында жаңа Гузия туралы жазылған мәліметтер бар. Идриси жаңа Гузия оғыз мемлекетінің саяси орталығы қыста олардың патшасы тұратын қала деп көрсеткен.
«Китаб Руджар» мәліметінде бұл қаланың тұрғындары Джуржан және Хорезммен сауда қатынастарын жасайтыны жазылған. Жаңа Гузия қаласы Янгикент деп аталып Сырдарияның төменгі ағысында орналасқаны көрсетілген.
Х ғасырдағы араб-парсы деректерінде оғыздардың астанасы жаңа қыстақ деп аталған. Бірақ, археологиялық зерттеу жұмыстары Янгикентті антикалық кезеңде белгілі болғандығын анықтаған. Соған қарамастан, Х ғасырда қаланы қайта салып нығайтуда Хорезм инженерлері қатысқаны хабарланады.
Қаланың негізгі тұрғындары отырықшылыққа көшкен оғыздармен қатар, колонистерден құралған және олар сандық тұрғыдан алғанда кейбір оғыз қалаларындағы жергілікті оғыздардан бірнеше есе көп болған.
Орта ғасырдағы араб тіліндегі деректерде Янгикент туралы бірінші болып еске салған Ибн Русте еңбегінде кездеседі. Ол Хорезм өзенінің шығыс жағалауларын сипаттай отырып, жаңа қыстақ патшасы жайлы мәліметтер келтірген. Өкінішке қарай, сол кездегі жаңа қыстақты басқарушысының нақты аты аталмаған. Кейін бұл қыстақ «Жаңа қала» деп аталып кеткен.
Масудидің мәліметінде Арал теңізіне жақын орналасқан Жаңа қалада мұсылман тұрғындары өмір сүретіні айтылған. Демек, Масуди оғыз тайпа топтарының өмір сүрген территориясы Жетісу, Қаратаудың бөктері және Сырдарияның орта ағысы мен Арал және Солтүстік Каспий өңірлерін айтқан болуы керек. Янгикент жайлы нақты деректер Ибн Хаукалдың тарихи-географиялық еңбегінде: «Жаңа қала – оғыз мемлекетінің астанасы» деп тікелей айтылған. Янгикент, оның пікірінше, Сырдарияның сағасында ең ірі қалалардың бірі. Жаңа қаланы тек астана ғана емес, сонымен қатар оғыз патшасының қысқы тұрағы деп көрсеткен.
Сонымен, Янгикент ІХ ғасырда оғыз басқарушылар астанасы және қысқы резиденциясы болған. Жаңа Гузияны оғыз державасының саяси орталығы ретінде таңдалуы көптеген жағдайларға байланысты болған. Ең бастысы, Янгикент географиялық тұрғыдан қарағанда тоғыз жолдың торабында орналасқан.
Жаңа Гузия оғыз даласы арқылы Хорезм, Мауреннахр және Хорасанға шығатын дәліз болған. Оғыздардың Сырдариядағы қалалардың көбі құрлықтағы және өзендегі ең маңызды сауда нүктелеріне айналған. Янгикент маңызды керуен жолында орналасып, қимақтар далалығы арқылы Сарысу, Кеңгір, Есіл және Нұра алқаптарына шығатын болған. Сауда жолдары қосылып Сығанаққа және оңтүстік Оралға жетіп отырған.
ІХ ғасырдың ІІ жартысы оғыздар шаруашылығының барлық саласында қарқынды даму ғана емес, олардың материалдық және рухани мәдениетінде де ерекше даму кезеңі болды. Бұл уақытта Сыр мен Арал өңіріндегі қалалар өзінің күрделі құрылыстары, әсемдік бедерлері мен ерекше нақыштағы ою-өрнектері және айрықша сәнділігімен ерекшеленді. Сырдарияның сол жағалауындағы Іңкәрдария, Жаңадария, Қуаңдария аралығында Жаңакент, Асанас, Қыштөбе, Заңғар қала, Құмқала, Сырлытам қала, Жент, Қабылқала, Арнөк, Өзкент сияқты қалалар мен қорғандар, бекіністер мен елді мекендер көп болған. Н.Вактурскаяның көрсеткеніндей, «батпақты қалаларда» автохтонды оғыздар мекендегені дәлелденіп отыр.
Соңғы кездегі археологиялық қазба жұмыстары жүргізілген Сыр өзенінің төменгі ағысындағы оғыздар тұрғызған Сырлытам күмбезі сәулет өнерінің үздік үлгісі болып табылады. Бұған қоса, С.Толстов Асанас шаһарын сырттан келгендер емес, тұрақты мекендеуші оғыздардың тұрғызғандығын растайды. Әсіресе, Арал теңізінің құрғап қалған табанынан табылған оғыздардың ортағасырлық қалаларының қалдықтары және ондағы күйдірілген қыштардан тұрғызылған күрделі мавзолейлер осыны нақтылай түседі. Олар шартты түрде «Араласар» қалдықтары, ал мавзолей «Керделі-2» деп аталады. Себебі, Керделі тайпалары оғыздар заманында аралас-құралас өмір сүрген тайпалардың бірі болған. Белгілі ғалым Б.Ермұқанов еңбегінде: «Керделілер – Арал бойын жайлаған автохтон тұрғындар» деп көрсеткен еді. Сонымен қатар Сыр мен Арал өңірінде тұрғызылған қалалар мен кенттер, қыстақтар мен ауылдық жерлерде салынған құрылыстар оғыздардың өз туындылары екенін С.Толстов та: «Огузс¬кие города нижней Сырдарьи основаны местным населением» деп ерекше атаған. Оғыздар қала құрылыстарының тек эстетикалық жақтарына ғана мән беріп қоймаған, қала құрылыстарын тұрғызуда әскери стратегиялық, тактикалық және экономикаға тиімді жақтарын ойластырған. Біріншіден, оғыздар тұрақты мекендейтін жерлерінің табиғи ерекшеліктері бар, сулы, батпақты өңірлерін таңдаған. Оның басты себебі – жаугершілік заманда шапқыншылардың батпақты өңірде соғыс қимылдарын жүргізе алмайтыны ескерілген. Екіншіден, оғыз қалаларының көбі теңізге және өзендерге жақын орналасқандықтан, сыртқы сауда қатынастарына өте тиімді жағдай туғызған. Үшіншіден, Сыр мен Арал өңіріндегі қала құрылыстары көшпенділерде қалалық мәдениет болмаған деген пікірлерді теріске шығарып отыр.
Сыр мен Арал өңіріндегі қалаларда жасалған материалдық және рухани байлықтар оғыздардың Шығыс пен Батыстың өркениетті елдерінің деңгейіне дейін көтеріліп, Стамбул және Рум (Рим) елдерімен тұрақты сауда қатынастары болған. Сыр мен Арал аймағындағы қалаларға өркениетті елдерден жұмыс істеушілер келіп шоғырланған. Әсіресе, Сыр бойындағы ежелден өркениеттің ара қатынасын дамытқан Янгикент (Жанакент), Жент, Өзкент, Барышынкент, Сүткент, Отырар, Сауран қалаларында темір өңдеу және зергерлік, ағаш, тері өңдеу мен тоқыма, әйнек жасау кәсіпкерлері көбейіп отырған.
Сыр мен Арал аймағындағы оғыз қалалары материалдық және рухани өмірдің орталығы болып, талай атақты ұлы ғұламалар, ақындар, әдебиетшілер, тарихшылар мен діндарлардың шық¬қан ошағына айналған. Бүкіл түркітілдес халықтарға ортақ рухани байлық сыйлаған, Сыр бойында дүниеге келген Қорқыт атаны ерекше атауға болады. Атақты грек ақыны Гомердің «Иллиада» мен «Одиссей» поэмалары б.з.д ХІ-ІХ ғасырларда тек гректің экономикасы, қоғамдық қатынастары мен идеологиясы жөніндегі құнды әдеби деректер ретінде бағаланатын болса, «Қорқыт ата кітабы» мен «Оғызнама» шығармалары шамамен VIIІ ғасырда жазылғанымен, онда ол кезден көп бұрын болған оқиғалар, оғыздардың бірнеше ғасырлық тарихы, шаруашылығы мен қоғамдық құрылысы, материалдық және рухани жетістіктері келтірілген. Сондықтан, бұл екі шығарманы үлгі тұтып, бағалайтын тек түркітілдес халықтар ғана емес, бүкіл адамзатқа ортақ рухани құнды туынды ретінде нұсқасының бірі Дрезденде (Германия), екіншісі Ватиканда (Италия) сақталуы – баға жетпес қазына екендігінің бір дәлелі.
Бұл өңірдің қалалары ғылым-білім беруде маңызды роль атқарған. Жанакент, Сырлытам, Жент, Қабылқала, Барышынкент, Отырар, Сауран қалаларында жалпы білім беретін мешіт пен медреселер көбеюі оғыз халқының білім дәрежесін көтеріп, Шығыс пен Батыстағы өркениетті елдермен рухани қарым-қатынастарда болған. Әсіресе оғыз әдебиеті, ғылым мен білімі, ғалымдары, ойшылдары, билеушілері, әскери қолбасшылары арқылы жасалған материалдық және рухани байлық адамзат тарихында ерекше орын алған. Орта ғасыр зерттеушілерінің мәліметінде: «Жент – оқымыстылар мен ойшылдар, кемеңгерлер мен даналар мекені» делінуі бекер емес. Тек Жент қа¬ласының өзінен шыққан белгілі ақын, мәшһүр әдебиетші Иакуб бин Ширак әл-Женди тіл біліміне байланысты көптеген кітаптар жазған. Өз дәуірінің үлкен данышпаны, парасат иесі болған. Осы қаладан шыққан тағы бір ғалым – Мухаммад әл-Женди тарих, тіл және шариғат заңдарын терең зерттеген ғалым еді. Өз заманының ойшылы, ғұлама және атақты ақын. Отырар маңындағы Жаухари деп аталатын елді мекенде дүниеге келген ғалым Ибрагим әл-Жаухаридің «Тіл тәжі және нағыз араб тілі» атты сөздігін парсы тіліне аударған және қосымша ретінде жеке тарау арнап, оны «Ас – Сихахқа арналған таза қосымша» деп атаған ғалым Әбу – л – Фазл Мухаммадұлы болатын. Бұл ғалымның еңбегіндегі мәліметтердің аса құндылығы мен мазмұндылығын айта келе, Ә.Дербісәлиев: «Біз үшін маңыздысы, әрине, қазақ жерінің қалалары мен елді мекендері, олардан шыққан ғалымдар мен ойшылдар, яғни Сырдың төменгі ағысындағы Баршынкент пен Жент қалаларының жайы» деген. Әсіресе, Баршынкент қаласынан шыққан ғалым Хурам-ад-Дин Баршынлыги әдебиетші, ақын, ойшыл, мұсылман заңының маманы, сонымен қатар, философия, тарих, тіл мен әдебиетке байланысты көптеген еңбектер жазған. Осы қаладан шыққан тағы бір ғалым Сирадж Баршкенти өз заманында белгілі ғалымдардың еңбектерін көшіретін атақты каллиграф атанған. Ол араб, парсы тілдерін жетік білген. Мұсылман заңын терең зерттеген ғалымдардың бірі.
ХІІ ғасырда Сыр өңірінде өмір сүрген ойшыл кемеңгер Шайхи Баба Сығанаки ғалымының аты бүкіл мұсылман әлеміне белгілі болған. Ол араб, парсы тілдерін жетік меңгерген. Тіл мен әдебиетке байланысты бірқатар еңбектер жазған. Сығанақ қаласында тұрған кезде ғылым мен білімге байланысты дәріс оқу мен шәкірт тәрбиелеуге біраз уақытын арнаған. Өмірінің соңына қарай бірте-бірте сопылық көзқарасы мен ілімі басым болған. Ол тарихтан, философиядан белгілі еңбектер жазған. Ортағасырлық Сайран қаласынан шыққан атақты ойшыл, ғұлама – Қожа Ахмет Йасауи. Ол өмірінің алғашқы кезінде ислам дінінің шариғат қағидалары негізінде оқып, білім алып, өз ортасын үнемі Аллаға адал болуға насихаттап, дін жолында таза болуды басшылыққа алған. Оның «Даналық кітабы», «Диуани хикмет» атты еңбектері түркі тілінде араб әліпбиімен жазылып, түркітілдес халықтарды даналыққа, адалдыққа, кішіпейілділікке, имандылыққа ша¬қырған. Бұл дүниеде мәңгілік ештеңе жоқ, бәрі де өтпелі екенін біліп, тағдырға мойын ұсынған ол сопылық ілімінің насихатшысына айналған.
ХІІ ғасырдағы құнды дерек¬тердің қайнар көзі болып табылатын Абабуллах Мұхаммад Әл Едресейдің «Мукатіл нуштаракфи идрак ал аффак» және «Кітап Рушар» атты география кітаптарының маңызы өте зор. Бұл еңбектерде оғыз елінің үлкенді-кішілі көркейген қалалары, өлке мәдениеті және оғыз елінің тұрмыс-тіршілігі, саяси-экономикалық жағдайы туралы жазылған. Сыр өңіріндегі қалаларда туып-өскен ғалымдардың, ақын-әдебиетшілердің діндарлардың және өнер адамдарының шығармашылық еңбектері негізінде жазылған рухани мәдениет Шығыс пен Батыс елдеріндегі мәдениетпен араласып, әлем деңгейіндегі материалдық және рухани байлықты қалыптастыруда өз үлестерін қосқан.
И.ЖҰБАНИЯЗОВ,
тарих ғылымдарының кандидаты,
Қызылорда қаласы