ЖЕТІ АТАСЫН БІЛУ – ТЕКТІЛІКТІҢ БЕЛГІСІ
Ауылда үлкен үйде тұрғандықтан жан-жақтан жиналған әулеттің немере-шөберелері бірінші біздің үйге келеді. Балалар жазғы демалыста ауылда асыр салып ойнағанға не жетсін?!
Үйдің іші сәбилердің шат-шадыман күлкісіне толады. Ағайындылардан бір туғандар бас қосып, бір-бірлерін тани түседі. Осындай күннің бірінде үйде жүрген балалар өздерінің жеті аталарын сұраса бастады. Расында, олардың аталары бір еді. Өкініштісі, оны білмейтін болып шықты. Осы орайда, әрине ата-ана кінәлі. Демек, бүгінгі таңда қоғам арасында өз перзенттеріне қажетті тәрбиені бере алмайтындар баршылық деген сөз.
Бұрынғылар «Ата-тегің кім? Жеті атаңды білесің бе?» деп жөн сұрасқан. Алайда, қазіргі аға буын өкілдері бұл аталы сөзі ұмыта бастағандай. Ал өз ұрпағына жеті атасын үйрету атадан балаға жалғасып келе жатқан қазақтың тәрбиелік дәстүрі.
Тасбөгет кентінің тұрғыны Қозбек Сыздықбаев ағамыз осы дәстүрді берік ұстанған. Әсіресе, ұлдарына жеті атасын үйретіп, туған бабалары қандай болғанын үйретіп жүр. Сондай-ақ, бауырмалдықты, әрбір жанмен танысып-біліскенде ру сұрасқанды жөн санайды. Осы қасиеттерді үнемі перзенттерінің санасына құйып отырады.
Тәрбиелік тамаша дәстүріміз – ата-текті білудің маңыздылығы көп-ақ. Ұлтымыз жоғалмасын десек, ұрпақ саулығын, қан тазалығын ойлағанымыз абзал. Осы орайда, жеті атаны білудің маңыздылығы жоғары. Ұрпақ тәрбиелеуде балаға ата-тегін ұмытпауды санасына сіңіру әрбір ата-ана борышы. Ал, тегін білу – кез келген азаматтың парызы.
Расында, әрбір қазақ жеті атасын біліп, ру сұрасқан жөн. Бұрын ес біліп келе жатқан ұл-қыздарына ата-бабасының өнегесін айтып, жаттатып отырған. Оны білмеуді әбестік санаған. Үйге кім келсе де, баладан алдымен ру сұрап, жеті атасын айтқызған. Өйткені, мұны бұрынғылар тектілік деп баласа керек.
– Жастардың жеті атаны жатқа біліп, танысқанда ру сұрасуы міндетті. Оның маңыздылығын ата-ана үйде балаға күнделікті айтып отыру керек. Бұл – бұрыннан келе жатқан қазақтың заңы. Осының негізінде жеті атаға дейін қыз алыспау дәстүрі сақталған. Оған қоғам түбегейлі қарсы. Өйткені, қан араласса одан дені сау бала туылмайды деген түйсік қалаптасқан. Яғни, жастарымыз сезімнің әсерімен ертеңгі күні опық жеп қалмауы тиіс. Сондықтан да білгенді айтып отыру, бізге міндет. Балаға әкеден бастап, ағайын-туысты, нағашы жұртты, алыс-жақынның кім екенін ұғындырып, ата-тегін, руын санасына сіңіріп өсіруіміз қажет, – дейді ол.
Жеті атасын білу тек аталарының есімдерін білумен шектелмейді. Ол өз абыройы, отбасы құндылығы ғана емес, ұлттың болашағына ықпал ететін қозғаушы күш. Сонымен қатар, жеті атаға дейін қыз алыспау бүтіндей қазақ халқының салауатты ұрпақ екендігін көрсетеді. Сонау ғасырлардан бері санамызға тоқылып, қанымызға сіңген осы тыйым қанның тазалығы мен тектіліктің асылдығына кепіл екені даусыз. Оны бүгінгі ғылым да зерттеп, тайға таңба басқандай жария етіп отыр.
Тарихымызды білмей алға қадам басып жылжу мүмкін емес. Сондықтан да ата жолын сақтап, балаларымызға руын, жеті атасын айтып үйрету, әр ата-ананың парызы екенін ұмытпайық.
А.БАТЫРБАЙҚЫЗЫ,
Қызылорда қаласы