РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ БАҒЫТЫ – ЖҮЗ ЖЫРАУДЫҢ ЕЛІНДЕ
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы тарихи мекеннің рухани дамуына өзгеше серпін бергені анық. Киелі өнерді, қасиетті орындарды қадір тұтып, қастерлеудің өзіндік жолын қалыптастырған қармақшылықтар қалтарыста қалған қазыналарды қайта жарқыратуға ден қойды. Әргі-бергідегі асылдардан қалған мұраларды түгендеп, абзал азаматтардың атын жаңғыртуды қолға алды.
Асылында, қасиетті Қармақшы – Сырдың төменгі ағысындағы қойнауы тарихқа тұнған мекен. Түгел түркінің ортақ тұлғасы, желмая мініп, жерұйық өмір іздеген Қорқыт бабаның осы жерде мәңгілік тыныс табуының сыры әлі де толық ашылған жоқ.
Адамзатты ғарыштың тылсым әлемімен байланыстырған әлемдегі ең алғашқы космодромның осы маңнан салынуында ғылыми негізделген терең мән бар. Жеті атасынан бері жыраулық дәстүрдің алтын тінін үзбеген, көмейіне бұлбұл ұялаған өнерпаздар шоғыры Қармақшыны «жүз жыраудың елі» атандырғаны өзінше бір тарих. Елдік пен ерлікті, еңбек пен бірлікті жыр еткен, достық пен туыстықты ту еткен халық ата салтты алтындай сақтап, баба дәстүрін қастерлеп жаңа ұрпақ өрбітіп келеді.
Бұл киелі топырақта төрткүл әлемдегі барша түркі жұртының абызы, данагөй-ойшылы Қорқыт ата, заманында үш жүздің пірі болған Марал баба, Ер Сейтпенбет пен Қармақшы әулие жатыр. Даңқымен дараланған өлке тума таланттарға кенде емес. Сондай талантты жанның бірі – мүсінші Сабыр Қайырбаев десек қателеспейміз.
Ол Қармақшы ауданы орталығы – Жосалы қыстағындағы 100 жылдан астам тарихы бар киелі білім шаңырағы Шоқан Уәлиханов атындағы №26 орта мектепті бітірген. Озық ойлы өрен жсына құрылысшы мамандығын, оның ішінде сәулетші болуды армандапты. Жоғары білім алған соң жас архитектор туған елге оралып, құрылыс саласында еңбек етті.
2012 жылға дейін аудандық қала құрылысы және сәулет бөлімінде архитектор болып қызмет еткен ол аудан орталығындағы көптеген әлеуметтік нысанға сәулетшілік үлес қосқанын ел біледі. Білікті маман мемлекеттік қызметті өз еркімен тастап, бала кезінен арман еткен мүсіншілік кәсіпті қолға алады.
Сабыр Қайырбаев бүгінде кәсібінен нәсібін тауып отырған өнерлі жан. Оның алтын қолынан шыққан туындылар еліміздің батысы мен оңтүстігіндегі көптеген қаланың келбетіне сән қосып тұр.
Шеберханасына келгенімізде ол қызу жұмыс үстінде екен. Шағын шеберханада №183 орта мектептің жуырда ғана ел игілігіне пайдалануға берілген заманауи үлгідегі ғимарат алдына қойылатын жерлесіміз, қоғам қайраткері Үсен Томановтың мүсінінің соңғы штрихтарын аяқтап қалыпты.
Шеберханаға кіріп келгенде Сәкең қолындағы қашауын үстел үстіне қойып, амандық-саулықтан соң жұмысымыздың мақсатын білген кейін әңгімесін бастап кетті.
– Жақында ғана Атырау қаласына қазақ батырының бейнесін суреттеген екі үлкен ескерткішім кетті. Алдарыңызда тұрған Қобыланды мен Махамбет батырдың шағын ескерткішіне тапсырыс Ақтаудан келді. Бірер күнде тапсырыс беруші де келеді.
Сондай-ақ, белгілі ғалым, жерлесіміз Үсен Томановтың мүсінін аяқтап қалдым. Бұл да жақын күндері қолданысқа берілген №183 мектептің алдында тұратын болады. Жаңа айтқанымдай, осы уақытқа дейін бір жағы Ақтау, Атырау, Ақтөбе, мына жағы Шымкент пен Жамбыл облысынан тапсырыстар қабылдаппын.
Ал, Қармақшы аудандық жыраулар үйі алдындағы Көшеней Рүстембековтің ескерткіші мен Сыр сүлейі дүр Оңғардың мүсіні және басқа да жұмыстарым аудан халқына таныс. Әріптес інілерім Кәжден мен Ислам үшеуміз бірігіп, қандай да болмасын көлемдегі тапсырысты қабылдап, дер кезінде орындап беруге жұмыс істейміз.
Талай рет еліміздің әр аймағындағы қалаларға барып, ел-жұрттың тапсырысымен жұмыс істеп жүрміз. Әзірге өз ауданымыздан тапсырыстар түскен жоқ. Бірақ, біз қандай да боламасын жұмысты істеуге дайынбыз. Мемлекеттен де көмек беріліп тұр. Елбасының қолдауымен жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік бағдарламадан да өз үлесімді алып, жаңа құрал-жабдық сатып алдым. Осы құрал-жабдығым арқылы тек ескерткіш, мүсін ғана емес, ағаштан да, яғни ас ішетін қазақы ою-өрнекпен нақышталған ұлттық тағамымыз ет тағамын салатын түрлі көлемдегі табақша мен басқа да бұйымдар жасаймын. Тапсырыс болса гипстен де шағын естелік мүсіндер жасауға тапсырыс қабылдаймын, – дейді мүсінші.
Расында да, мүсіншінің үйіндегі үлкен бөлмедегі стол үстінде ұзыннан қойылған батырлар мен еңбек адамдарының мүсінін көріп, алтын қол ағаның әрбір жұмысына қызыға қарап, ел-жұртына, жастарға көрсетіп жүрген өнегелі ісіне сәттілік тіледік.
Шеберханадан ұзап бара жатқанда: «Болса екен ағалардың бәрі осындай» деген ой келді.