ӨТКЕННЕН МҰРАҒАТ – ӨРКЕНГЕ ҰЛАҒАТ
Биыл серпінді Сырдария ауданының құрылғанына 90 жыл толып отыр. Көзі ашық, көкірегі ояу азаматтар мен саналы ұрпақ үшін айтулы мерейтойдың мәні мен маңызы зор екені анық. Оның үстіне, Елбасы «Рухани жаңғыру» атты бас¬тама көтеріп, дүйім елді тағылымды тарихтан сабақ алуға, өткенге тағзым жасауға, ата-бабаларымыздың ерлігімен, ел дамуы жолындағы еңбегімен танысуға үндеп жатқан кезеңде қолға қалам алып, аудан тарихынан сыр шертетін бірегей орталық – Сырдария аудандық тарихи-өлкетану музейі туралы мақала жазуды жөн санадым.
Негізінен, аудандық тарихи-өлкетану музейі алғаш қоғамдық бастамамен 1990 жылы ұйымдастырылып, өз жұмысын 1993 жылдың наурыз айынан бастаған. Алғашында Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінің филиалы болып, 1996 жылдың сәуір айынан бастап Тереңөзек аудандық тарихи-өлкетану музейі болып қайта құрылды. 2000 жылы музейге қосымша 2 көрме залы қосылды. Музей қорындағы материалдар ауданның қалыптасу және даму тарихынан, қоғам қайраткерлері мен еңбек адамдарының даңқты істерінен, өндірістік, мәдени дамуының басым бағыттарынан мәліметтер береді.
Музей экспозициясында Кеңес Одағының Батырлары Н.Ілиясов, Ж.Нұрсейітов, Социалистік Еңбек Ерлері А.Бисенов, Б.Мұстапаева, И.Ақниязов, Қ.Бөдеев, Қ.Абдраманова, А.Халықов, Қазақ ССР-нің Жоғарғы Кеңесінің депутаттары Б.Синаева, К.Әсімова, ВЛКСМ ХҮІІ съезінің делегаты Р.Жалғасбаева, А.Адаевалар жөнінде жан-жақты мәліметтер топтастырылған. Сонымен бірге, қарапайым жұмысшы адамы болса да, өмірі адал еңбекпен өрілген шопандар Б.Қордабаева, Д.Садықова, сауыншы М.Сапаева, С.Өмірзақовалардың еңбегі баяндалады. Қазақ ССР-не еңбегі сіңген мұғалімдер А.Жүсіпов, Т.Айтбаев, О.Абдулпаттаев, С.Алданазаровтардың атқарған істері мен ауданның дамуына қосқан үлестері де музей қорында сақтаулы.
Ұлттың ұлылығын ұлықтайтын музей арқылы атақты жерлестеріміз, Қазақстанның көрнекті жазушылары Ә.Тәжібаев, Қ.Мұхамеджанов, А.Тоқмағамбетов, Ә.Жәмішовтердің шығармашылығымен танысуға болады. Сонымен бірге, Сыр өңірі медицинасында өзіндік орны бар білікті дәрігерлер С.Мақашева, Е.Омаров, Ә.Төрекеев бастаған азаматтардың еңбектері жинақталған.
Тарихи-өлкетану музейінде білікті аудан басшылары Қ.Қазантаев, Ж.Ердешбаев, Н.Ергешбаевтар туралы мәліметтер де бар. Соның ішінде, ауданды он екі жыл бойы абыроймен басқарған Қонысбек Төрешұлының өнегелі өмірі мен халыққа деген сүйіспеншілігі шексіз болатын. Ардақты азаматтың туған елге атқарған қызметін өскелең ұрпақ біліп өсуі тиіс. Дана халқымыз «Асыл туған адамның алтынға жетпес нарқы бар. Жақсы менен жаманның аспан мен жердей нарқы бар» дегендей, жақсы адамның өзі де, сөзі де, ісі де, бейнесі де өшпейді, жалғасын табады, таба береді. Осындай баға жетпес із қалдырған ағалардың бірі Қонысбек Қазантаевтың өмір жолы, адал еңбегі, ауданды дамыту бағытында атқарған қажырлы істері аудандық музейде тайға таңба басқандай сақтаулы. Осы ретте, «Ұрпақтар сабақтастығы» атты ұлы ұғымды басшылыққа алып, атақты тұлғаның ұрпағының ауданда жемісті жұмыс жасап жатқанын айтып өткенім жөн. Аудан басшысы Ғанибек Қазантаевтың игілікті істерінен, нәтижелі еңбегінен көпшілік хабардар. Әке ізіңнжалғап, ел алғысына бөленген азаматтың алдағы уақытта да абырой биігінен көріне беретініне сенімім мол.
Осындай маңызды мәліметтер топтастырылған музей экспозициясымен танысуға Болгария Республикасының азаматы С.Пешов, КСРО халық әртісі, Қазақстанның халық әртісі, халық қаһарманы Р.Бағланова, Президент әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Қ.Әбішев, ҚР Жоғарғы сотының төрағасы Қ.Мәми, Қазақстанның халық жазушысы М.Шаханов, Қазақстан Теміржолының алғашқы генерал қызы, профессор Р.Хасенова, Сенаттың Халықаралық қатынас қауіпсіздік және қорғаныс комитетінің төрағасы Қ.Сұлтанов, ақын Қадыр Мырза Әли, ҚР Мәдениет вице-министрі Ғ.Тұрысбекұлы, ақын Қ.Асанов, Бұқарбай батырдың шөбересі Ж.Алданазаров, қырғи тілді ақын А.Тоқмағанбетовтың балалары мен немерелері, Ақпарат және қоғамдық министрлігінің қызметкері Ғ.Телібаев, әнші-сазгер Ә.Тінәлі, Қазақстан Өкіметі кеңсесінің жауапты қызметкері Б.Баспақов, «Үркер» журналының бас редакторы, жазушы Қ.Түменбай, «Алтын Орда» журналының бас редакторы, Жазушылар Одағының мүшесі М.Ақдәулетұлы, белгілі қаламгер Н.Жүсіп секілді атақты кісілер келіп, өз қолтаңбаларын қалдырды.
Қазіргі заман талабына сай музейдің материалдық-техникалық жағдайы жақсарып келеді. Яғни, музей интернет жүйесіне қосылып, музей қорындағы құнды экспо-наттар жүйеленіп, жаңа «Музеолог» электронды бағдарламасына енгізілуде. 2008 жылы облыстық бюджеттен музейдің «Аудан тарихы» залына 1528,0 теңге бөлініп, реэкспозициялық жұмыстар жүргізілсе, 2009 жылы 5740,0 теңге бөлініп, музей ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. 2011 жылы 1,5 мил¬лион теңгеге музейде «Тәуелсіз Қазақстан» залы ашылып, пайдалануға берілді. 2014 жылы музейдің «Археология және Этнография» залына реэкспозиция жұмыстарын жүргізу үшін 2004,0 теңге қаржы бөлініп, игерілді және аудан халқына таныстырылуда. Бүгінде музей қорында 9515 экспонат бар, оның 5742-сы негізгі қорға, 377¬3¬-¬і көмекші қорға тіркелген. Музей экспозициясы 5 залға орналастырылған.
2017 жылы аудандық тарихи-өлкетану музейіне қосымша ғимарат беріліп, «Еңбек даңқы» залы ашылды. Орталық саябақтан орын тепкен «Еңбек даңқы» залы – «Рухани жаңғыру» бағдарламасынан туындағын міндеттердің ауданда жүзеге асуының жарқын көрінісі десек жарасады. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласына және ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында аудан әкімі Ғ.Қазантаевтың бастамасымен ескі мешіт ғимараты аудандық музей меншігіне беріліп, ғимаратқа жөндеу жұмыстары мен реэкспозиция жұмыстары жүргізілген болатын. «Еңбек даңқы» залы музейі 3 бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімде ауданнан шыққан қоғам қайраткерлері туралы баяндалса, екінші бөлімде Сырдария ауданының тәуелсіздік жылдарында жеткен жетістіктері қамтылған. Ал, үшінші бөлім ауданда түрлі салада қызмет атқарған және атқарып жүрген үздік қызметкерлерге арналған.
Кеңінен айтар болсақ, бірінші витринада ауданның құрылу тарихы кеңінен баяндалады. Екінші витринаға ауданның басшылары, яғни Тереңөзек аудандық партия комитетінің бірінші хатшылары, Тереңөзек аудандық Кеңесі атқару комитетінің төрағалары, Сырдария ауданы әкімдері жайлы мәліметтер қойылған. Сонымен қатар, жергілікті өкілді орган болып табылатын мәслихаттың тарихы, қазіргі таңдағы жұмысы топтастырылған. Ал, үшінші витринада ауданымыздан сайланған делегаттардың аудандық, облыстық, республикалық партия конференцияларына қатысқан сәттерін бейнелейтін суреттер қойылған. Осы мәліметтер қатарында КПСС-тің 26 съезд делегаттары Д.Қонаев, Н.Назарбаев және Сырдария аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Н.Ердешбаевтың суреті бар. Сондай-ақ, аудан басшыларының жұмыс барысында пайдаланған телефоны мен қаламсабы, Сырдария ауданына әр түрлі салада жеткен жетістіктері үшін берілген Тулар қойылған. Соғыс ардагерлері О.Сақыбековтың, Ы.Сейпуловтың, У.Әбдуовтың, С.Баяхановтың, И.Байдәулетовтың, І.Ахановтың, Б.Жақыповтың және Б.Өтеповтың Ұлы Отан соғысындағы ерліктері үшін алған орден-медальдары да өскелең ұрпаққа үлгі болсын деген мақсатта қойылған. Төртінші витринада Ұлы Отан соғысына қатысқан сырдариялық майдангерлер туралы мәліметтермен танысуға болады. Жалпы, Ұлы Отан соғысына аудан бойынша 4786 адам қатысып, 1800-ден астам жауынгер қаза тапқан. 1283 жауынгер ерліктері үшін әскери орден-медальдар марапатталды. Міне, «Еңбек даңқы» залы музейіне келушілер осы тектес тың мәліметтермен танысады.
1978 жылы Ауғанстанда сәуір айында төңкеріс болып, оның арты аяқталмас соғысқа ұласқаны белгілі. Бұл қасірет елдің тек өз ішінде ғана емес, оған сырт мемлекеттердің қатысуымен де ұзаққа созылды. КСРО Саяси Бюросы КСРО-ның ықпалын кеңейту мақсатында Ауғанстанға қол үшін беріп, сыртқы агрессиядан қорғау керек деген шешімге келеді. Сөйтіп, Қазақстаннан Ауған соғысына 22000 адам қатысып, олардың 761-і қаза тапты. 21 адам хабарсыз кетті. Ал Сырдария ауданы бойынша 23 қатысып, аудан тұрғыны А.Гориводский «Қызыл жұлдыз» орденімен марапатталған. Ауған соғысына қатысқан азаматтардың ерлігін насихаттаудың маңыздылығы ескеріліп, «Еңбек даңқы» залы музейіндегі бесінші витрина Ауған соғысына арналған. Алтыншы витринада 1949-1990 жылдар аралығында Семей ядролық сынақ полигонында Сырдария ауданы бойынша Кеңес әскері қатарында 150-ден астам адам қатысқаны және Чернобыль атом электр станциясын жабуға 43 сырдариялық азаматтың үлес қосқаны баяндалады. Осы витринамен бірінші бөлім аяқталады.
Екінші бөлімде кент және ауылдық округтердің тарихы, жетістіктері қамтылған. Аталған мәліметтер Қоғамдық кеңес, ақсақалдар кеңесінің ұсыну бойынша алынып, жинақталған. Мұнан соң көлденең витриналарда Сырдария ауданының агроөнеркәсіп кешенін дамытуда аймақ бойынша 2013-2016 жылдар аралығында 2 мәрте «Үздік аудан», 2 мәрте «Озат аудан» атанғанын дәлелдейтін Дипломдар қойылған.
«Сырдария ауданы Тәуелсіздік жылдарында» атты үшінші бөлімде Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы аясында ауданда өткен іс-шаралардан басталып, «ЭКСПО–2017» халықаралық мамандандырылған көрмесін тамашалауға Сырдария ауданынан барған еңбек ардагерлерінің, ауданның Құрметті азаматтарының, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың, әртүрлі сала қызметкерлері мен мектеп оқушыларының суреттері қойылған. Елбасының Қызылорда облысына және Сырдария ауданына іс-сапарлары да қамтылған. Аудан орталығындағы мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысы, жаңа нысандардың салынуы, үкіметтік емес ұйымдар мен Ассамблея жұмысы баяндалған. Аудан ардагерлерінің ұсыныс-пікірлері ескеріліп, жиырма бірінші витрина Қараөзек ауылының тарихына арналған. Өйткені, бұрын 1962-1966 жылдары Сырдария, 1966-1997 жылдары Тереңөзек ауданының құрамында болды. 1991 жылы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздік алғаннан кейін ауылдық Кеңестердің орнына ауылдық округтер құру жұмыстары жүргізіліп, 1993 жылғы 29 желтоқсандағы Қызылорда облысы әкімдігінің №414 қаулысы бойынша Тереңөзек ауданына қарасты ауылдық округтермен бірге Қызылөзек ауылдық округі құрылды. 1997 жылдан ауылдық округ Қызылорда қаласының құрамына енді. Сонымен бірге, ауданның денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт, ауылшаруашылығы салалары бойынша да мәліметтер бар. Ал, ауданымыздың мақтаныштары, ауданның экономикасы мен шаруашылығын, түрлі салаларын дамытуда өзіндік үлес қосқан қайраткерлер бейнесі суреттер композициясында бейнеленген. 100-ге жуық қоғам қайраткерлерінің, ел мақтаныштарының суреттері топтастырылған үлкен композиция тың идеяның «Еңбек Даңқы» залы музейінде көрініс тапқанын білдіреді. Сонымен бірге, музейге ерекше әр, сән беріп тұр.
Халқымызда «Әлемнің әміршісі – еңбек» деген тамаша сөз бар. Осы түйінді сөз адамзат баласының еңбекпен ғана шынайы бақытқа жететінін білдіреді десек артық айтқандық емес. «Еңбек Даңқы» залы музейінің ашылуы арқылы адал еңбектің даңқы асқақтап, алдыңғы толқын аға-апаларымыздың еткен еңбегі мен төккен тері жас ұрпаққа өнеге болды. Әрине, ер еңбегімен ғана ер атанады. Елге мақтан болған тұлғалардың ізгілікті ісін жалғап, өңірдің дамуы жолында талмай қызмет еткен сырдариялықтар – біздің мақтанышымыз. Ал, сол ел мақтаныштарының еңбегі дәріптеліп, ертеңгі күнге үлгі етілсе – рухани жаңғыру деген осы. Аудан әкімі Ғанибек Қонысбекұлы бас¬тама жасап, аудан орталығындағы саябақ адам танымастай кейіпке енді. Бұл жер бүгінде тарихи орын, киелі мекен. Өткен мен бүгін үндестігінің жарқын көрінісі де осы маңда. Сол себепті, аудандық музейдің «Еңбек даңқы залын» ашып, жұмысын жүйелендірген жергілікті билік өкілдеріне барлық сырдариялық ардагерлер шынайы риза. Ал, ашық аспан астындағы «Құрметті азаматтар» аллеясы қай қырынан алсақ та керемет үйлестірілген жұмыстың жемісі. Аталған аллеяға қарап, көп нәрсе есімізге түседі, алдыңғы буын аға-апаларымыздың алдыңда бас иеміз. Еңбектеріне үлкен құрметпен қараймыз!
Ауданның құрылғанына 90 жыл толуына арналған іс-шаралар жөнінде аудандық газеттің №46 нөмеріне аудан әкімінің сұхбаты шықты. Мерекелік іс-шаралар бағдарламасында барлығы қамтылыпты. Соның ішінде, «Парасат» алаңында ауданнан шыққан мемлекет және қоғам қайраткерлерінің, Социалистік Еңбек Ерлерінің ескерткіш-бюстері орнатылуы көңілге қонымды. Бұл жұмыстың да сапалы, уақытылы жүзеге асатынына сенім мол. Қорыта айтқанда, осыдан 5 жыл бұрынғы Сырдария мен қазіргі Сырдарияны салыстыруға келмейді. Аудан дамыды. Әлеуеті артты. Жоспарлы межелер жыл сайын жоғары деңгейде орындалуда. Әрине, бәрі еңбекпен, маңдай термен келеді. Осы ретте, аймақ тізгінін ұстаған елжанды азаматтарға аналық алғысымды айтамын. Ел дамуы жолында атқарып жатқан жұмыстарыңызға жеміс тілеймін!
А.БАХТИЯРОВА,
«Сырдария ауданының
Құрметті азаматы»