ЖАРҚЫН ЖОБАЛАР ЖАЛҒАСЫН ТАБУДА
Еліміз өзінің таңдап алған сара жолы – тәуелсіз, құқықтық мемлекет құруда халықаралық үлгілерді басшылыққа алды. Бүгінде дамыған елдердің озық тәжірибелерін алып, әлемдегі дамыған елдермен терезесі тең, жоғары беделге лайық ел ретінде танылды.
Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында аса назар аударылған мәселе ол – бәсекеге қабілетті мемлекет құру. Әрине, мемлекетті білім саласында биікке көтеріп, болашағын айқындайтын бүгінгі жастар. Ал, бәсекеге қабілетті ұрпақ қалыптастыру үшін алдымен білім саласының дамуы маңызды. Қазіргі таңда жеке адам ғана емес, тұтас халықтың өзі бәсекеге төтеп беретін қабілетін арттырса ғана табысқа жете алады. Болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдарының интелектуалды әлеуетімен айқындалады. Сондықтан, әрбір Қазақстан азаматы ХХІ ғасыр талабына лайықты болуы керек. Бүгінде компьютерлік сауаттылық, шет тілдерін білу, мәдени ашықтық сияқты факторлар – әрбір жеке тұлғаның алға басуына қажетті алғышарттардың санатында. Осы орайда «Цифрлы Қазақстан», «Үш тілде білім беру», «Мәдени және конфессияаралық келісім» сияқты бағдарламаларды барша қазақстандықтарды ХХІ ғасырдың талаптарына даярлаудың қамы деп білгеніміз жөн. Бұл көзқарасты біз де құптаймыз.
Бұдан бөлек, ел Президенті аталған мақалада қоғамдық сана жаңғырудың негізгі қағидаларын қалыптастыруды ғана емес, заман сынағына лайықты төтеп беруімізге қажетті нақты жобаларды жүзеге асыруымыз керек екенің атап өтіп, еліміздің келешегін кемелдендіретін бірнеше жобаны ұсынды. Оның ішінде білім саласы бойынша атқарылатын жұмыстарды әлі оңтайландырудың бірнеше әдісі де бар. Елбасының саяси құжат арқылы жеткізген барлық міндеттер өз деңгейінде жүзеге асқанда, тек білім саласы ғана емес, тұтас мемлекеттің дамуына жол ашылады.
Ендігі кезекте Қазақстанның дамыған отыз елдің қатарына қосылуы, ақпараттық кеңістік дәуірінде еркін самғауы, білім саласында жоғары жетістіктерге жетіп, озық елдермен терезе теңестіруі бәсекеге қабілетті қоғамның, білікті мамандардың еңбегінің нәтижесінде қол жеткізетін дүние. Ал, заман ағымына қарай түрлі технологияларды тез меңгеріп, өзгерісті дер кезінде қабылдай алатын зерек тұлғаларды дайындау бүгінгі күннің еншісінде. Адамның ақылы толысып, кемеліне келуі, болмысы айқындалып, мақсатына ұмтылуы – көкірек көзінің ашық, рухани байлығының көрінісі. Тек жақсылықтан үміт күтіп, жарқын болашаққа көз тігу арқылы әрбір адам рухани өсіп-жетіледі. Яғни, осы қасиеттерінің нәтижесінде өз жеке басының жетілуімен қатар, қоғамға пайда әкеледі. Ал, қоғамға пайдалы азамат білімге құштар, салиқалы ұрпақ тәрбиелеп, ұлтының ғасырдан-ғасырға жалғасқан мол мұрасын одан әрі толықтыра түспек. Мемлекет басшысының аталған мақаланы жариялаудағы басты мақсаты – әлемдік өзгерістерге біліммен жауап беріп, тарихымызды, ұлттық құндылықтарымыздың желісін үзіп алмау. Керісінше, оны дәріптеп бүгінгі буынның бойына сіңіріп, басқаларға үлгі ету.
Н.АЛМАС.