АҚ САУЫТТЫ АЙДАРБЕК БАТЫР
Дана халқымызда «Жеті атасын білген ұл, жеті жұрттың қамын жер» деген аталық сөз бар. Сол айтылғандай жау жағадан алғанда еліне қорған болып, жұртының қамын ойлағандардың бірі – Ақ сауытты Айдарбек батыр.
Бүгінгі әңгімелейін деп отырған Айдарбек баба шамамен ХVІ-ХVІІ ғасырда өмір сүрген. Ал, Айдарбек батырдың осы Солтүстік Арал теңізі жағалауын мекендеп отырған Татыран, Алтынбай, Күлік, Ардана атты төрт баласының ұрпақтары төрт рулы елге айналып, ғұмыр кешіп келе жатқаны белгілі. Айдарбек батыр қазақ халқының тарихынан орын алған шерлі кезең – «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» атты сұрапыл заманды көрген. Жоңғарларға қарсы шайқастарға белсене қатысып, ұрпақтан-ұрпаққа ұран, құлақтан-құлаққа қайғы-мұң болып жеткен «Елім-ай» деп басталатын жыр шыққан дәуірде ғұмыр кешкен. Ержүрек батыр Майлыбас елді мекенінің жанындағы шайқаста қалмақ қолбасшымен жекпе-жекке шығып, басын шауып түсіреді. Сексен жасқа жеткенінде жорық үстінде ауыр жараланып, алыстан елге жеткізілген кезде көз жұмған. Оның денесін осы күнгі Қожабақы ауылынан 10 шақырым жердегі «Айдарбек төбе» деп аталатын жерге баласы Татыран жеткізіпті. Сонан осы маңға ұрпақтары жөн-жоралғысымен жерлеп, басына күмбезді бейіт орнатқан. Айдарбек кесенесінің күйдірілген кесегінің көлемі қазіргі қызыл кірпіштен үлкен. Оның нақты Айдарбек батырдың қорымы екенін анықтайтын құлыптастың сынығы табылып, анық дәлелденді. Осы кесененің кірпіштерін салыстырғанда «Қожаназар ишан» мешітіндегіге ұқсас екендігі белгілі болды.
Ұшқан құстың қанаты, жүрген аңның тұяғы талатын осынау ұлан-байтақ жерде алғаш рет қазақ мемлекетінің қазығын қағып, шаңырағын тіктеген Керей мен Жәнібек хандар еді. Бір кездері Ақ Орданы билеген Орыс ханның немересі, Барақ ханның бел баласы Жәнібек пен оның туысқаны Керей сұлтандар халықтың саяси бағытта бірігуіне, Қазақ хандығының құрылуына бірден-бір негіз қалады. Ал қазақтың төртінші ханы Қасым дүниеден өткен соң, ішкі талас-тартыстан әлсіреген биліктің тізгініне оның ұлы Хақназар хан ие болған. Ол көршілес Ноғай ұлысымен бірігіп, өзінің беделін қайта асқақтатты. Бірақ бұл кезде қазақ жеріндегі ішкі-сыртқы алауыздық бір сәтте тоқтамаған. Ал Ақсауытты Айдарбек батыр өмір сүрген кезең Шығай және оның баласы Тәуекел хандардың тұсы. Бұл кезде қазақ-өзбек хандары өзара жауласып, талай ұрыстарды бас¬тан кешірді.
Сөз жоқ, мұндай «Ат ауыздығымен су ішкен» алмағайып заманда Айдарбек батыр ақ найзасы мен қайқы қылышын жалаңдатып, жауға шауып ақ сауытты Айдарбек атануы анық дәлел.
Осындай сұрапыл кезеңді бастан өткізген күллі қазақ даласы сияқты, бабамыздың ата қонысы Арал теңізі жағалауы да тарихи оқиғаларға толы болатын. Бір заманда Шыңғыс ханның қанды жорығына куә болған, онан әріде гүрзісі айдай әлемді тізе бүктірген ғұндар мен сайыпқыран сақтардың Отаны атанған. Арал жағалауы шежіреге толы. Бұрынғылардың айтуына қарағанда, Айдарбек бабамыз осы өңірдегі Ақирек, Ақбай сияқты жерлердің айналасын мекен еткен. Біз айтып отырған Ақ сауытты Айдарбек бабамыз туралы ел ішінде көнеден қалған алтын көмбе тәрізді аңыз әңгімелер аз емес. Сөз арасында түсінікті болу үшін айта кетейік, Ақирек, Ақбайды қыстап, Арқаны жайлаған Айдарбек бабамыздың негізгі қонысы осы аймақ екен. Кейінірек ұрпағы көбейіп, жайылымдық жерді кеңейту мақсатында балалары Алтынбай батыр ата жұртта қалады. Татыран батыр Беларықта, Ардана батыр Шөмішкөлде, Күлік батыр Бөгенде Қарақалпақ жұртын түре қуып, өздеріне меншіктеп қалған. Есенәлі, Айдарбек бабалардың әкесі Өріс, шешелері бөлек болған. Айдарбектің анасының аты – Құба, Есенәлінің анасының есімі – Зеріп екен. Өріс – Жаманақтың (Шектінің) кенжесі.
ХVІ-ХVІІ ғасырларда кең байтақ қазақ даласын қорғаған Айдарбек баба ұрпақтары –Татыран, Алтынбай, Күлік, Ардана аталарымыз да есімдері ел жадында қалған батырлар атанған. Айдарбек батыр ғұмыр кешкен уақытта Қазақ хандығы нығайып, оның шекарасы едәуір ұлғая түседі. Ақ сауытты Айдарбек батыр өзінің мекен еткен жерін төрт баласына еншілікке бөліп береді. Солайша үлкен ұлы Татыранды Жаңақұрылыс жаққа, Күлікті теңіз бетке, Ардананы Шөмішкөл, Тастүбекке жайғастырады. Себебі, Ардана қай жерге егелік етсе де, пісенттілік танытқан. Ал, Алтынбайға ата қоныс – Ақиректі аманат еткен көрінеді. Алтынбай – тұғырлы болған екен.
Сонан бері төрт жүз жылдай уақыт өтті. Әлім, Шекті, Өріс баласы Айдарбек батырдың бүгінгі ұрпақтары баба рухына ас беріп, Құран бағыштады. Қазалы ауданындағы Қожабақы елдімекені маңындағы өзі аттас төбенің басында жатқан қорымын қоршап, Қаратаудың тасынан биіктігі 10 метрлік кесене тұрғызды. Бабаның төрт баласы да ұлықталып, зәулім ескерткіші ел назарына ұсынылды.
Қазіргі уақыттағы Айдарбек бабаның елге еңбегі сіңген ұрпақтарын айтар болсақ: Алданазар болыс, Бекетай би, Сарыайғыр батыр, Қарашолақ батыр, Өтім батыр, Андақұл батыр,Тәбекен би, Жаржан болыс, Нұржан ишан. Олар ел бірлігі мен татулығына белбуа атсалысқан билер мен батырлар болса, Кеңес Одағына қызмет етіп батыр атанған Махаш Балмағанбетов, партизан Көшербай Өтегенов, Ұлы Отан соғысына қатысқан, кейін партия қызметкері болған Дабыл Сахиев,Төлепберген Нұржанов. Социалистік Еңбек Ері Төлеген Әлімбетов, Махамбетәлі Ешниязов, Балекеш Ермағанбетов, Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің депутаттары Әлсейіт Жұбаниязов, Иса Өтегеновтер еске түседі.
Бүкілодақтық көрмеге қатарынан үш рет қатысқан Досжан Зиянсызов, Аралдағы алғашқы басқарма Өтеп Өтеғұлов. Ұлы Отан соғысына қатысып, кейін елге қызмет еткен Аралдың алғашқы шамшырағы Махамбетәлі Жәрімбетов. Арал ауданында қызмет істеген, халыққа өмір жолы өнеге болған Орныққан Қазиев, Орныққан Садақбаев, Шақпақ Артықбаев, Дүйсен Жолымбетов, Аралдың ақиық жыршысы Зейнолла Шүкіров айта берсек осылайша жалғасып кете береді.
ҚР ҚК Ұлттық әскери-патриоттық орталы¬ғының Әскери-тарихи музейінде 2016 жылдың 14 желтоқсаны күні Ел Тәуелсіздіктің 25жылдығына орай «Ұлы дала: әскери тарих» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Оның жұмысына белгілі ғалымдар, мемлекет, қайраткерлері, тарихшылар (студенттер, магистранттар, докторанттар) және БАҚ өкілдері қатысты.
Конференцияға қатысушылар, ел егемен¬дігін нығайтуға үлес қосу, Қазақстанның әскери тарихына айрықша көңіл бөлу, сондай-ақ, Ұлы даланың қаһарман ұл¬дарының ерлік істерін кеңінен насихаттау мақсатында арнаулы қарар қабылдады. Онда Айдарбек батыр туралы түрлі мәдени-рухани шаралар ұйымдастырылып, баба рухын ұлықтауға назар аударылды.
ҚР Мәдениет және Спорт министрлігіне Айдарбек батыр Өрісұлының мазарын тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне қосу туралы ұсыныстар берілді. Олай болса ақ сауытты Айдарбек бабамызды есте қалдыру мәселелерін көп болып ойдан шығармағанымыз мақұл.
Айберген ТАМАШЕВ,
Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы
аудандық филиалының төрағасы.