ҚАБЫЛТАМ КЕСЕНЕСІ
«Мәселе еліміздегі ескерткіштерді, ғимараттар мен көне қалаларды қалпына келтіруде тұрған жоқ. Идеяның түпкі төркіні Ұлытау төріндегі жәдігерлер кешенін, Қожа Ахмет Ясауи мавзолейін, Тараздың ежелгі ескерткіштерін, Бекет ата кесенесін, Алтайдағы көне қорымдар мен Жетісудың киелі мекендерін және басқа да жерлерді өзара сабақтастыра отырып, ұлт жадында біртұтас кешен ретінде орнықтыруды меңзейді».
(Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру атты мақаласынан»).
Жалағаш ауданына қарасты Аққыр ауылының солтүстік- батысында 22 км. жерде орналасқан.
Аңыз бойынша, Сарқасқаның 18 жасар Қабыл деген палуан жігіті 52 жастағы палуанмен күресіп жатқан кезде беломыртқасы сынып кетіп, сол жерде қайтыс болған екен. Кесенені Бұқарадан келген аты- жөні белгісіз өзбек ұстасына тапсырыс беріп салдыртқан Қабылдың шешесі - Арша.
Кесене қам кесектерден қаланған порталды - күмбезді құрылыс. Кесененің ішкі-сыртқы бетін қалың етіп сабан сылақпен сыланған. Жалпы формасы квадратты, 7,8х 9 метр болып келген. Жалпы биіктігі – 7 м. Жебе тәрізді етіп қаланған қуыстың ішінде орналасқан кесене есігі бар портал ( пештак) оңтүстік- батыс жаққа қаратып салынған. Биіктігі - 3 метр. Қабырғасының қалыңдығы- 1,5 м. Күмбездің оңтүстік – батыс жақ бетінде ішке жарық түсу үшін арнайы тесік қалдырылған. Төрт бұрышына домалақ пішінде төрт бағана (гульдаста) тұрғызылған. Кесененің интерьері суреттер мен ұлттық ою- өрнектермен безендірілген. Кесене ішінде бір қабырдың орны жатыр.
Құрылыс көлемі: шамамен 497,7 куб. м.
Казіргі уақытта кесененің күмбезі мен қабырғалары шатынап, жарылған. Порталының жартысы құлап қалған.