ЖАҢАША ОЙЛАУ ЖАРҚЫН БОЛАШАҚ КЕПІЛІ
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев 2017 жылдың 12 сәуірінде «Егемен Қазақстан» газетінде жариялаған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында алдағы меже дамыған 30 елдің қатарына кіруді мақсат етіп қойып отырғандығын айта келе: «Бұл мақсатқа жету үшін біздің санамыз ісімізден озып жүруі, яғни одан бұрын жаңғырып отыруы тиіс. Бұл саяси және экономикалық жаңғыруларды толықтырып қана қоймай, олардың өзегіне айналады», – деп кез-келген игі істің басында адамның ізгілікке бастайтын санасы тұру керектігін айтқан болатын.
Сана дайын болмаған жағдайда кез-келген адам өзі жеткен табысты баянды етіп ұстап тұра алмайды, қоғам да сондай. Біз тек қана экономикалық жағынан ғана дамып, отыз елдің қатарына қосылғанымызбен оған халықтың санасы мен рухани дүниесі дайын болмай шықса, онда дамыған қоғам дертке шалдығатыны бар. Оған кешегі Кеңес өкіметінің өздігінен құлауы куә бола алады.
«Коммунизмге жетеміз» деп ұрандатқан коммунистер утопияға ұрынды, халықтың санасының сілкінуіне жол бермеді, кез-келген мәселені үкімет пен партия ғана шешетіндей сыңаржақ шешім қабылдап отырды. Бұның салдары қоғамдағы адамның да экономиканың да тоқырауына алып келді. Ол қоғамдағы ең басты дерттің бірі тоғышарлықтың белең алуы еді. Кез-келген қоғамның дамуына кедергі келтіретін жәйттің өзі де осы тоғышарлық пен енжарлық деуге болады.
Бұрынғы Кеңестік дәуір күйреген соң сол кезеңде жұмыс істеген өндіріс пен индустрия да тоқырады. Бұрынғы ойлау жүйесінің өзі тығырыққа тірелді. Елдің экономикасын жаңа бағытқа бұру үшін тың идеялар мен жаңа бастамаларды қолға алатын кез келді. Елбасы өз мақаласында: «Көптеген проблема әлемнің қарқынды өзгеріп жатқанына қарамастан, бұқаралық сана-сезімнің «от басы, ошақ қасы» аясында қалуынан туындайды»,- деп атап көрсеткен болатын. Елдігімізді бекемдеу үшін, әлеуметтік жағдайымызды көтеру үшін де сананда сілкініс болуы керек. Егемендіктің арқасында қазақ халқы өзінің ұмыт бола бастаған салт-дәстүрімен табысты. Тілін дұрыстады, дініне қайта оралды. "Көш жүре түзеледі" деп тарих бетіндегі ақтаңдақтарды толықтыруға күш салып жатыр. Ендігі кезекте әрбір адами капиталды орынды пайдалану тетіктерін де жетілдіре беру керек.
Ағылшын жазушысы Герберд Уэллс "Адамзат тарихы негізінен - идеялар тарихынан тұрады" деген болатын. Әр кезеңде де қоғамның жаңаруы үшін қызмет ететін ұлы адамдар тек қана бір аймақты емес, тұтас адамзатты құтқарған кездері болған. Жахилия кезеңінде өмір сүріп жатқан тайпаларды ұлы мәдениетке жеткізген, әлемдік өркениетті дамытқан адам Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбар болғаны тарихтан белгілі.
Құран Кәрімде: "Қай бір қауым өзін-өзі өзгертпейінше Алла оны өзгертпейді",-дейтін аят бар (Рағыд сүресі: 11).
Социалистік жүйе халықтың бәрі тең дәрежеде өмір сүреді, бәрі де коммунизмге жеткен соң жақсы өмір сүретін болады деп бәрін бір деңгейде ұстауға тырысты. Жаппай оқытуды қолға алды, оқудан соң барлығын жұмыспен қамтамасыз етті. Халықтың әлеуметтік деңгейін шешуді бір жолға қойғанымен, қоғамдық даму туралы еркін ойлауға, өз идеясын жүзеге асыруға жол берілмеді. Барлық нәрсені тек жоғарыдан шешетін тоталитарлық жүйе өзін ақтай алмай қалды. Халық - үкімет пен партияның шығарған қаулысын орындаушы қара күшке айналды. Бұл жүйе құлаған соң тек бір ғана жалақымен күн көруге үйренген халықтың көпшілігі тақыр кедейге айналып шыға келді. Адамзат тарихында ескі жүйенің құрдымға кетіп, оның орнына жаңа идеялардың салтанат құруы ұдайы ескінің орнын жаңаның басып отыруы табиғи құбылыс. Қоғам алға жылжыған сайын жаңару процесі жүре бастайды, прогрессивті дамудың нәтижесінде келесі сатыға көтерілгенін көрсетеді.
Белгілі американдық педагог әрі бизнесмен Роберт Кийосаки бай болу мен кедей болудың арасы адамдардың ескіше және жаңаша ойлай білуіне байланысты деген тұжырымға келеді: "Бүгінде көптеген адамдарды көріп тұрғанымдай, ескі идеяларды бар жан-тәнімен ұстанғандықтан ғана жұмыс істеуге тырысады. Олар барлық нәрсенің бұрынғыша болуын қалайды, сондықтан да олар ылғи да өзгеруге қарсы тұрады. Мен өз жұмысынан немесе үйінен айырылған адамдарды білемін, олар техникалық прогреске, экономикаға немесе өзінің бастығына қарғыс айтады. Бұл жәйттер туралы айту оңай емес, бірақ мұндай адамдар бұл мәселенің өздерінен болатындығын түсінгісі келмейді. Ескі идеялар - оларды тұңғиыққа батырады. Ескі идеялар - олардың ең үлкен пассиві. Пассив - бұл ескі идеялар, яғни, кешегі өткен күн", - деп көрсетеді.
Кеңестер Одағы ыдыраған соң өз тәуелсіздігін алған Қазақ елі алғашқы күннен бастап экономикалық қатынастарды реттеуді қолға алды, дамыған елдердің тәжірибесін үйренуге ден қойып келеді. Елбасы Н.Назарбаевтың бастамасымен елдің экономикасын тіктеу үшін жаңа идеяның салтанат құратын кезеңі басталды. Еңсесі езілген кедей халықты аяғынан тұрғызып, ел қатарына қосу үшін ел ішінен белсеніп шыққан жігерлі де іскер жастардың ісін ылғи да қолдау, қолтығынан демеп отыруды үкіметіміз қолға алып жатыр. Елдің экономикасының дамуы үшін жаңаша идеяларды жүзеге асыра алатын іскер топтарды қолдау, бәсекелестікке қабілетті топты құрау арқылы дамуға қадам баса алады екенбіз.
Кедейліктің зарын тартып жүрген бұқара көпшілік үшін тығырықтан шығудың жолын табу оңай іс емес. Істеген еңбегі еш кеткен соң меселі қайтып, барға қанағат, жоққа сабыр етіп сүреңсіз қоңыр тіршілікке бой алдырады. Белгілі бір мақсат жолында жасаған талабы орындалмай қалған соң екінші рет тәуекел етуге жүрегі дауаламай қалады. "Apple" компаниясының негізін қалаған Стив Джобс әр істі бастағанда табандылық керектігін ылғи да назарға алады: "Пысық бол. Әр кез зор мақсат қоя біл. Мыңдаған ойдың ішінен тез арада, тиянақты түрде жүзеге асыратынын таңда. Бірінші қадам – ең күрделі нәрсе. Еш ойланбай атта! Жүрегің мен түйсігіңе сенетіндей батыл бол!"-дейді.
Ел ішінен де істің көзін тауып кәсібін дөңгелетіп кеткен байлар туралы көптеген мысалдар табуға болады. Соған бір мысал келтірейік. Майлықожа бір топ адаммен көрші ауылға аттанғанда сол ауылдағы кедей жігіт өнерлі адамдармен жүргенді қызық көріп ілесіп кетеді. Атты адаммен жаяу тең емес, Қызылқұмның ішінде ат шалдырып демалып отырған Майлы ақынның қасына өкпесі өшіп жаяу жалпылап жеткен кедей өзінің жаяу жүргеніне, өнбеген ісіне налып, ақыннан кедейліктің мәнісін сұрайды.
Ақын сағымға қарап ойланып отырып кедейлік жігіттің басындағы міні, істің көзін таппаса жігіттің бағы ашылмайтын соры екендігін түсіндіреді. Жігіт бұл сөзді ұққанымен нені ұқсату керектігін білмейді. Сонда Майлықожа Қызылқұмда өсіп тұрған тобылғыдан бір құшақ етіп қамшы сапқа жарайтын жағын шауып келуін тапсырады. Өздері шайын ішіп болғанша жігіт те бір құшақ тобылғыны жинап ақынға әкеп береді. Атына өңгеріп алған соң көрші ауылға барады. Кешке қарай ауыл адамдары Майлы ақынды көру үшін жиналады. Сол жиынның арасында қамшы өретін ұста да бар екен. Ұста Майлының атына өңгерілген бір қап тобылғыны бір қойға сатуын өтінеді. Майлықожа кедейдің көзінше саудаласып тобылғысын екі қойға сатады. Екі қойды кедейге беріп әр істің көзін тапса тез баюға болатындығын айтып жол көрсетеді. Кейін әлгі жігіт ел аузына іліккендей бай болған екен.
/жалғасы бар/
Б.ӘБЖЕТ,
филология ғылымдарының кандидаты, доцент
«Рухани жаңғыру» орталығының
жетекші маманы.
Қызылорда қаласы
филология ғылымдарының кандидаты, доцент
«Рухани жаңғыру» орталығының
жетекші маманы.
Қызылорда қаласы