ЖАҢА ӘЛІПБИ - ЛИНГВИСТИКАЛЫҚ ЕГЕМЕНДІГІМІЗДІҢ БЕЛГІСІ

Әліпби ауыстыру - өз тілімізді ұмытып басқа тілге (латын тіліне) көшу емес, ана тілімізді түлетіп, қоғам сұранысы сай ету, қолданыс аясын арттырып, осы заманғы ғылыми-техникалық прогреске икемді тіл ету. Жаңа әліпбиді игеру бүгін басталып, ертең аяқталатын мәселе емес. Ол арнайы бекітілгеннен кейін өзіндік емле ережелері жасалып, кезең-кезеңмен жүзеге асатын кешенді үдеріс. Жаңа әліпбиді игере алмаймыз деп қорқудың, дабыра қылудың еш қисыны жоқ. Қайта ана тілімізді әлемнің дамыған тілдерінің қатарына қосатын жақсы жаңалыққа үн қосып, қолдау білдірейік.
Енді латын графикасына негізделген қазақ әліпбиінің жобасына байланысты өз ойымды ортаға салайын. Елбасы назарына ұсынылған, «Ақорда кз» сайтында жарияланған жаңа әліпби біздің графикалық санамызға сай «бір әріп – бір дыбыс» ыңғайында жасалған. Бұл үйренуге де үйретуге де ыңғайлы. Тілдің заңдылығына да сай келіп тұр. Латын графикасындағы 26 таңба толық игерілген. Қазақ тілінің өзіне ғана тән «Ә», «Ө», «Ү», «Ғ», «Ң» дыбыстары апострофтармен берілген. Бұл бірнеше тілдерде (неміс, түрік, әзербейжан, өзбек т.б.) бар үлгі. Одан қорқудың қажеті жоқ. Жаңа әліпбиде кірме дыбыстар ретінде 4 дыбыстың таңбасы (Х, Х. В, Ч) алынған. Бұл да қажет. Өйткені бұл дыбыстармен көптеген сөздер (мыңнан аса) енген, оларды қайта таңбалап шатасушылық тудырудың қажеті жоқ. Тек «Ч» дыбысын түркі халықтарында және өзіміздің оңтүстік говорларда бар деп алудың қисыны жоқ сияқты. Бұл дыбысты «Ш» дыбысымен айтуға әбден болады.
Тілімізде «Ы» және «І» дыбыстары жуан және жіңішке пар дыбыстар ретінде қатар жүреді. Сондықтан осы дыбыстарды «А» және «Ә», «О» және «Ө» дыбыстары сияқты бір таңбамен «І» -ы, «І'»-і деп берілсе дұрыс болар еді. Ал «Й» дыбысын «Ү'» таңбасымен, апострофсыз «Ү» таңбасымен У дыбысын берілгені жөн.
Жазу – аса жауапты іс, өйткені жазу дұрыс қабылданбаса, ол тұтастай тілді өзгертіп жібереді Бізде әуелі тілдік заңдылықты қолдан жасап алып, сонан соң тілді сол заңдылыққа бейімдеуге тырысушылық кездеседі. Мұндайға жол беруге болмайды. Тіл мамандары бас қосып бір шешімге келгені жөн. Нақты байлам жасалған соң қазақ жазуын латын әліпбиіне ауыстыру бойынша құрылған ұлттық комиссия «Латын қарпіне негізделген қазақ әліпбиіне өтудің Тұжырымдамасын» жасап, халыққа ұсыну қажет. Ол одан әрі талқылауға жатпайтын, халықты осы іске барынша сендіре алатын, орындауға жұмылдыра алатын құжат болуға тиіс.
Жалпы жаңа әліпби ешқандай дау туғызбауы керек. Абайша айтсақ тілге жеңіл, жүрекке жылы тиетін, Һам айналасы теп-тегіс жұмыр болғаны дұрыс. Жан-жақты ойланып жасалған осындай мүлтіксіз әліпби ғана қазақ тілін дамытып, қолданыс аясын кеңейтіп, әлем тілдерінің қатарына қосады.
Аман МӘДЕЛХАНҰЛЫ,
Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың
қауымдастырылған профессоры,
филология ғылымдарының кандидаты