КИМЕШЕК
Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында «Халқымыздың ұлттық салт - дәстүрлеріміз бен тіліміз, музыкамыз бен жоралғыларымыз бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуы тиіс» - деген болатын. Сондықтан ұлтық құндылықтарымызды ақпарат құралдары бетінде насихаттауды белсенді жүргізгеніміз жөн. Асыл мұраларымыз туралы өскелең ұрпақтың білгені жөн деп есептеймін.
Қазақта ежелден келе жатқан рухани құндылықтың бірі – кимешек. Қай ғасырдан бері пайда болғанын білмесек те, ұлтымыздың ұлық тұтқан кәделі киім екені анық. Келіннің ана атанған шақта кимешек киетінін білгенімізбен, оның өзінің жөн-жоралғысы болғандығы бүгінде ұмыт қалған. Ескіден қалған бірлі-жарым әжелер болмаса, бұл салт хақында шешіле сөйлетіндер де аз. Анығында кимешек – көшпелі ортада қалыптасқан, экологиялық талаптарға толықтай жауап беретін қазақ әйелдерінің бас киімі. Біздің жеріміз күрт өзгеретін климаттық белдеуге жататынын ескерсек, кимешектің жаздың аптап ыстығы мен қыстың қатты суығынан, ұдайы соққан жел мен шаң-тозаңның әсерлерінен қорғануда да пайдасы зор. Кимешектің негізгі ерекшелігі – тек басты емес, әйелдің денесінің белуарына дейін түгелдей жауып тұруы.
Жетпістен асқан көп балалы ана Т. Асқарованың айтуынша, ежелгі қалыптасқан дәстүрге сәйкес әйел адам шашын жауып жүретін болған. Қыз бала тақия, телпек киіп, шашы жартылай ашылып, тіпті бұрымы көрініп жүретін болса, күйеуге шыққанда оның бәріне тыйым салынып, босанғаннан соң, шаш толықтай тұмшаланған. Екінші жағынан көшпелі тұрмысқа лайықталып, жел өтінде шаштың қобырап кетуіне жол бермейтін, әр уақыт қайтадан байлап-оралмайтын жинақы бас киім есебінде пайдаланылған.
Біздің байқап жүргеніміздей, мұндай бас киім басқа халықтарда кездесе бермейді. Ол төбе мен иықты қоса белге дейін түгел жауып тұратын тұтастығымен ерекшеленеді. Кимешектің киілуі мен сыртынан шылауыш тартуы әр түрлі. Әсіресе, әшекейленуі әйелдердің жас ерекшеліктері мен олардың әлеуметтік орнын аңғартады. Мәселен, жас келіншектерге арналған кимешектің бет жақтары кеңдеу болып, қызыл, күлгін түсті жіптермен кестеленіп, әдемілігімен көздің жауын алады.
Ал, үлкен әйелдердің кимешегінің бет жақтауы тарлау келеді де, әдемі кестеленгенмен, әшекейленбейді. Кейде егде тартқан әйелдер кимешектерін ақшыл, сары түсті жіптермен кестелейді. Қарттар мен күйеуі қайтыс болған әйелдер оны кестелемейді.
Көнекөздердің айтуынша, күйеуі өлген әйелдің кимешегін теріс кигізіп, асын бергеннен кейін ғана оң кигізетін салт та бар екен. Кәделі тойларға киіп баратын кимешектердің тігісін бойлай күміс тағымдар қадап, кеудесі мен жауырын бөліктерінің төменгі жақтарына шашақтар тіккен. Бұл салт үшін арнайы дайындық жасалған. Жас келін перзентті болып, ол қырқынан шыққанда енесі «сен енді санатқа қосылдың. Бұрын бала едің, енді ана болдың. Енді осы үйге толық мүшесің»,– деп келіннің маңдайынан сүйіп, батасын берген. Кимешек кигізген әйелге келіннің енесі сый-сияпат тапсырған.
Қалай десек те, көшпенді өмірге бейім ұлтымыз үшін аталмыш бас киімнің пайдасы зор болған. Кимешек бала емізгенде келіншектің кеудесін көлегейлеп тұруымен де құнды. Бұл қасиетті бұйымды үлкен аналар жақын тұтқан келініне «көзімдей көр» деп мұра ретінде де қалдырып отырған. Елге сыйлы, көп перзент сүйген алтын құрсақты батыр аналардың кимешектерін ырымдап сұрап алатын болған. Сондықтан кимешек – өте киелі бас киім. Ұлттың тазалығын сақтауды мұрат тұтқан аналар оның түсінің аппақ, таза болуын қадағалаған. Әйелдің кіршіксіз тазалығының белгісіндей ақ кимешек көрсек әзиз жүректі ақ әжелеріміз еріксіз еске түседі. Ендеше, тазалықтың символындай бұйым ұрпақтан-ұрпаққа аманатталып, ғасырдан-ғасырға жеткен асыл мұра болуымен құнды.
Г.АСҚАР