АРАЛДАҒЫ РУХАНИ КЕШ
Мемлекет басшысы өткен жылдың 11 сәуірі күні жария еткен «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында өскелең ұрпаққа тұлғаларды насихаттау керектігі айтылды. Елбасы өз сөзінде: «Ендігі ұрпақ – мәңгілік қазақтың перзенті» - деген болатын. Бүгінгі таңда жас ұрпаққа жақсы тәрбие беру, жергілікті жерден шыққан тұлғаларды ұлықтау, оларды үлгі ету мақсатында бірқатар игі жұмыстар жүзеге асырылып келеді.
Осындай ғибартты шаралардың бірі Арал аудандық Мәдениет үйінде өтті. Қазақстанда жасақталған 73 гвардиялық дивизияның туын ұстаушы, Кеңес Одағының батыры Мақаш Балмағанбетовты еске алуға арналған «Ерлігі елге мұра» атты рухани танымдық көпшілікті бір серпілтті.
Рухани кеш аудандық мұражай қызметкерлерінің ұйымдастырған көрмесінен бастау алды. Жиналған жұртшылыққа халқымыздың батыр ұлының өмір жолынан хабар беретін түрлі бұйымдары, тұтынған заттар мен жанұялық суретті ұсынылды.
Кеш одан әрі тақырыпқа сай безендірілген сахнада жалғасын тапты. Қарадөңде дүниеге келген Мақаштың әкесі Балмағанбет елге сыйлы, дәулетті жан болған. Бірақ сол кездегі саясаттың салқыны соғып, «асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деп ұрандаушылардың қысымына түскен олар туған жерден ауа көшу зобалаңына ұшырап, Қарақалпақстанға қоныс аударады.
Ұлы Отан соғысы басталған тұста ол Отан қорғау үшін өз еркімен 1943 жылдың көктемінде Қарақалпақ АССР, Қараөзек ауданынан майданға аттанады. Мақаш батырдың басқа да ерліктері, жау шебіндегі көзсіз батырлығы баян етілген шара сахналандырылған қойылым арқылы көрермендердің жүрегін толқытты.
Рухани танымдық кеште аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Т.Дәрменов сөз алып, батырдың туған жері жайлы айтып өтті. Сонымен қатар арнайы шақырылған батырдың ұрпақтарына сахна төрінде сый-сияпат жасалды.
Кеш өнерпаздар концертімен өрілді. Облыстық жыршы-термешілер байқауының жеңімпазы Еркебұлан Шынжановтың орындауында С.Жаңабаевтың Мақаш Балмағанбетовке арнаған «Арнау» термесі, басқа да жергілікті өнерпаздардың ерлік пен өрлікті ұлықтайтын ән мен билері кештің сәнін аша түсті.
Шарда Кеңес Одағы батырының ұрпақтары сөз алып, аталарының рухын еске алып, құрмет көрсетіп жатқан барша аралдықтарға алғысын білдірді. Оның өмір жолынан сыр шертті. Батырдың немересі Оралбай Мақашевтың орындауындағы әсем әні аудандық мәдениет үйіне жиналғандарды керемет әсерге бөледі.
О.ЖОЛДАСОВ,
Арал ауданы