БӘЙГЕ МӘРЕСІНЕ ЖЕТТІ
«Рухани жаңғыру» орталығының ұйымдастыруымен әлеуметтік желідегі Қызылорда облыстық «Рухани жаңғыру» парақшасында 15 мамыр күні «Жаныңда жүр жақсы адам...» эссе байқауы жарияланған болатын. Байқау 5 маусым күні тоқтатылып, 13 маусымда қорытындыланды.
Шараның мақсаты әлеуметтік желіде аймақтың дамуына үлес қосып жүрген меценаттар туралы ақпарат тарата отырып, ел арасында прагматикалық көзқарасты қалыптастыру болатын. Сонымен қатар жанашыр жандардың жасаған қайырымдылық шараларын насихаттап, әлеуметтік желі арқылы жастарды сауаттылыққа тәрбиелеу.
Байқау шарттары бойынша туынды кейіпкері білім, мәдениет, медицина саласына қолдау көрсетіп, туған жерге тарту жасаған жомарт жан болуы керек. Осыны басшылыққа алған 16 қатысушы өз туындыларын ұсынды. Қазылар алқасы келіп түскен эсселерді жан-жақты саралап, шығармашылық шеберлік танытқан үздікдерді анықтады. Нәтижесінде бірінші орын «Халық» газеті редакторының орынбасары Қозы Көрпеш Жасаралұлына бұйырды. Екінші дәрежелі дипломмен жас тілші Сағира Уәли мен «Ақмешіт апталығы» газетінің тілшісі Бағлан Тілеубергенова марапатталды. Үшінші орынға «Ақмешіт жастары» газетінің тілшісі Ержан Қожас, «Қармақшы таңы» газетінің жауапты хатшысы Дәулет Қырдан және «Халық» газетінің жауапты хатшысы Нұрбике Құдайбергенова лайық деп танылды. Жеңімпаздар арнайы диплом мен бағалы сыйлықтармен марапатталды. Ал қатысушылардың барлығына алғыс хаттар мен байқау негізінде шығарылған жинақ тарту етілді. Одан өзге сайыстың ең жас қатысушысы қаладағы №267 орта мектептің 6 сынып оқушысы Алтынай Берікке орталық атынан арқайы сыйлық табысталды.
Шара барысында «Сыр бойы» газетінің тілшілері Д.Аяшұлы мен Г.Жалғасова, «Ақмешіт апталығы» газетінің редакторы Ә.Үмбет жас журналистер ақыл-кеңестерін айтты.
Айта кетейік, бұл бастама алдағы уақытта тоқсан сайын жалғасын тауып, аймақ дамуына үлес қосқан азаматтар еңбегі насихатталатын болады.
М.Қожахметова,
облыстық «Рухани жаңғыру» орталығының маманы