«МЕНЕДЖМЕНТ» КІТАБЫНЫҢ ОН ЕКІНШІ БАСЫЛЫМЫНДАҒЫ ЕРЕКШЕЛІКТЕР
Қазіргі таңда ғылыми-техникалық және инновациялық жетістіктер қоғамды алға жылжытатын күш дейтін болсақ, гуманитарлық бағыттағы ғылыми еңбектердің де өркениетке қосар үлесі зор екені белгілі.
Әлемдік білім кеңістігіндегі танымал ғалымдардың ғылыми тұжырымдамаларының түпнұсқасымен таныса алмаған қазақ жастары үшін алғаш рет қазақ тіліне аударылған оқулықтарды оқып-үрену «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасының аясында мүмкін болып отыр.
Алғашқылардың бірі болып жарық көрген «Менеджмент» оқулығының 12-басылымы ұйымдарды басқару ісіндегі қалыптасқан дістүрлі түсініктермен қатар, жаңа ұғымдарды және тұжырымдамаларды қамтиды.
Оқулық авторы Рикки Гриффин 1978 жылы Хьюстон университетінде ғылым докторы дәрежесін алғаннан кейін Миссури шататындағы (Колумбия қаласы) университеттің менеджмент факультетінде жұмыс істей бастады, ал 1981 жылдан бері Техас университетінде. Профессор Р.Гриффин халықаралық менеджмент, ұйымдастыру тәртібі, адами ресурстарды басқару және жалпы менеджмент пәндерінен дәрістер оқи жүріп, бірқатар оқулықтар жазған. Солардың қатарында Менеджмент оқулығы 1984 жылдан бері жарық көріп, ондаған тілдерге аударылып, 2 миллион данамен таралған болатын. Білім алушылар мен оқытушылар тарапын қолдау тауып, бизнеске бейімдеу үшін кеңінен қолданылып келеді.
Менеджердің жұмысына тікелей және жанама әсер ететін этикалық бақылау, қоғамдық жауапкершілік, менеджмент саласының жаһандық сипаты, цифрлық технологиялар сияқты факторлар, теория мен тәжірибенің ұштасуы сынды категориялардың әрқайсысы нақта кейстер түрінде түсіндіріледі. Осылайша автор алдыңғы баслымдарда қамтылған элементтерді сақтай отырып, бизнес, менеджмент пен білімнің келешегіне кең жол ашудың жаңа мүмкіндіктерін қарастырған.
Он екінші басылымның ерекшеліктері мен артықшылықтары туралы кітаптың алғысөзінде былай делінген:
1.Жаһандық экономикадағы күдік туғызатын тұрақсыздыққа және осы тұрақсыздық менеджерлерге қалайша әсер еткеніне күмәнмен қарап, талқыға салу үшін тараулар мәтіні толықтырылып, өзертілген;
2.Таяу Шығыстағы жалғасып келе жатқан шиеленістердің бизнеске әсер ететін ықпалы мен әсері де қамтылған;
3.Шағын бизнес, халықаралық бизнес, менеджерлердің өтемақысы және бизнестің басқа да салалаларына қатысты барлық мәліметтер мен статистикалық деректер қолжетімді ақпаратқа сәйкес жаңартылған;
4.Барлық тараулардағы кіріспе оқиғалар («Менеджер болу» деп аталатын әңгімелер өмірден алынған оқиғаларға сүйенеді) мен қорытынды оқиғалар («Жұмыс барысындағы менеджмент») – жаңа;
5.Он екінші басламға қосылған 40 жаңа айдар (әр тарауда екіден) бар, жүз елуден аса жаңа мысал енгізілген;
6.Халықаралық бизнес, кәсіпкерлік, стратегиялық менеджмент, шешім қабылдау, ұйымның құрылуы, ұйымдық құрылымның өзгеруі, жеке адамның құлқы, жетекшілік, топтар, мотивация, бақылау, ақпараттық технологиялар, өнімділік және сапа менеджентіне қатысты соңғы зерттеулер қайта қарастырылып, жаңа мазмұнмен толықтырылған.
Осылайша, дәтүрлі және қазіргі заманғы мәліметтер менеджмент саласындағы тұрақты және өзара байланысты ақпаратпен қамтамасыз ету үшін мәтінге үйлесімді өрілген.
Көрнекі түрде барлық тақырыптар кеңейтіліп жазылған аталмыш кітапта автор менеджерлік қызметті бағыттайтын теориялық құрылымдарды түсіндіріп, сол теориялар қалай және қай уақытта іске асатынын немесе жарамсыз болатынын суреттер мен мысалдар арқылы дәйектеп көрсеткен.
«Менеджменттің» он екінші басылымына кірген педагогикалық элементтер - студенттер мен оқытушылар үшін тиімді оқу-әдістемелік құрал.
Бұл басылымдағы жаңа ерекшелік – «менеджер жадынамасы» - әр тараудағы маңызды мәселелерді қысқаша қорытындылайтын шағын нұсқаулықтар. Әр тарау соңындағы түрлі сұрақтар студенттердің пайымдау деңгейін тексеруге арналған. «Қайталау сұрақтары» студенттерден нақты ақпаратты еске түсіруді, «Талқылау сұрақтары» мәліметтерді біріктіріп, жинақтауды және «Тапсырма сұрақтары» үйренгенін жеке тәжірибеде қолдануды талап етеді. Жеке қабілеттерді жетілдіретін жаттығулар студенттерге түрлі жағдайларға қандай дағдымен кірісетіні және болашақта басқару қабілетін қалай жақсартатыны туралы түсінік береді. «Жеке дағды қалыптастыруды бағалау» тапсырмалары студенттерге қазіргі немесе болашақ менеджер ретінде қажет жеке артықшылықтары мен кемшіліктерін түсінуге мүмкіндік береді.
Қазіргі заманғы жағдайлар басқарудың жаңа стилін талап ететіні жасырын емес. Осы орайда автордың тұжырымдамалары қоғамдағы өзгермелі құбылыстарға толық сай келеді. Жеке шығармашылық әлеуетті кеңінен ашуға бағытталған тәсіл бизнес әлемінде ерекше орын алуда. Бұл кітапта да осы мәселелер егжей-тегжей талқыланған.
Автор басқару ісіндегі дәстірлі ұғымдарды мазмұндай келе «Ұйымның ішкі және сыртқы ортасы» атты 3-тарауда маңызды элемент ретінде Америка құрама штаттары сияқты көпұлтты қоғамға тән әралуандылық пен мультимәдениет трендтерін қарастырған. «Стартапратрды және жаңа венчурлерді басқару» атты 9-тарауда кәсіпкерліктің қазіргі таңдағы ерекшелігін сипаттап берген. «Кәсіпкерлік – тек бизнеске тән құзірет емес, ол кезкелген жерде болуы мүмкін» дей келе, стартаптарға арналған құрылымдық мәселелерді талқылауды, сондай-ақ стратегиясын құруды және кәсіпкерлер жұмысының көрсеткіштерін түсінуді үйретеді. «Ұйымдастырудың базалық элементтері» атты 10-тарауда қазіргі уақытта кең етек алған онлайн-бизнес жұргізуші виртуалды ұйымдар туралы мағлұмат берілген. Жақында пайда болған ұйымдық дизайнның бір түрі – ұдайы оқып-үйренуші ұйымдарға «өзгермелі қажеттіліктер мен мұқтаждарға орай әрекет ету үшін өз-өзін ұдайы өзгерте отырып, барлық қызметкерлерінің жеке дамуы мен олардың үздіксіз оқуына мүмкіндік беру үшін жұмыс істейтін ұйым» деп анықтама берген.
«Ұйымдық дизайнды басқару» атты 11-тарауда «құрылымдық элементтер мен бүкіл ұйымды басқару үшін қолданылатын элементтер арасындағы қатынастардың жалпы жиынтығы – ұйымдық дизайн» - деп тұжырымдалған. Егер «дизайн» терминінің кеңінен тараған ұғымы әртекті объектілерді өңдеу немесе жобалау деген мағына беретін болса, менеджмент практикасында бұл – компанияның ұйымдастыру құрылымын құру және жобалау, кең ауқымда – компания жұмысын ұйымдастыру бойынша кешенді шешімдер дегенді білдіреді. Яғни «мамандыру мен басқару ауқымының бір-біріне қатысы қандай» деген сұрақтар ұйымдық дизайн жайындағы мәселелермен байланысты екенін автор осы басылымда суреттеп берген. Тарауды оқыған соң білім алушы ұйымның стратегиясы мен дизайны бір-бірімен қалай өзара байланысатынын талқалауды үйренеді.
«Операцияларды, сапаны және өнімділікті басқару» деп аталатын соңғы 20-тарауда операциялық менеджменттегі ұйымдастыру технологияларын, толық сапа менеджментінің, яғни әрбір атқарылған істе сапаны жетекші фактор ету үшін бизнеске қатысты тәсілдерді толықтай өзгерту жөніндегі топ-менеджметтің міндеттемесінің мәні ашылып, мазмұндалған. Өнімділікті басқару, өнімділік трендтерін және оны жақсарту жолдары түсіндірілген.
Кітап - жоғары оқу орындарының студенттеріне, оқытушыларға, кәсіп бастаушы бинесмендерге, кәсіпорын басшыларына, менеджмент саласында білімін жетілдіргісі келетін оқырманға таптырмас құрал. Дегенмен, мазмұны мен құрылымына және аудару стиліне мән берсеңіз, бакалавр деңгейіндегі білім алушылардың өздігінен оқып, білім алуына ауырлық етуі мүмкін. Сондықтан дәстүрлі түсініктер мен жаңа ұғымдарды қарастырғанда білім алушы оқытушының тікелей қатысуымен талқылағаны жөн, осылайша ұйымдарды басқару бойынша ойын тиянақтай алады. Жалпы кітаптың мазмұнын толық меңгеру үшін оқырманның халықаралық экономика мен саясаттан хабары болуы шарт.
Алдағы оқу жылында оқылатын гуманитарлық пәндер бойынша оқу жоспарына елеулі мазмұнды өзгерістер енгізу арқылы оқу орындарының әлемдік іргелі ғылыми орталықтардың деңгейіне жақындай түсері анық. Осы жаңа оқулық арқылы әрбір жас ізденуші экономикалық процестерге қатысты өзінің көзқарасы мен өрісін кеңейте алады, сондай-ақ қазіргі және болашақ менеджерлер басқару ісінде кездесетін күрделі мәселелердің оңтайлы шешімін таба алатыны сөзсіз.
Алтынай ШІЛМАНОВА,
экономика ғылымдарының кандидаты,
Қорқыт Ата атындағы Қызылылорда мемлекеттік университеті