ЖАҢА ӘЛІПБИ: «БІР ӘРІП - БІР ДЫБЫС»
«Өткенде Парламенттік тыңдауға ұсынылған қазақ әліпбиінің жаңа жобасындағы кейбір дыбыс таңбаларын ой елегінен өткізіп қайта қарау керек екенін айтып, әсіресе, бұл жіңішке дауысты «Ә», «Ө», «Ү» дыбыстарына байланысты.
Бұл дыбыстарды ұсынылған әліпби жобасындағы диграфтармен беру көптеген қиындықтар туғызатын сыңайлы» - деп Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетіне, Ш. Шаяхметов атындағы Тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығына ұсыныс жолдағанбыз. Диграфтарға қарсы ұсынысымыз қабылданып, Ақорданың сайтында жарияланған нұсқада диграфтар алынып тасталыпты. Бұл - дұрыс.
Әліпби ауыстыру – өз тілімізді ұмытып басқа тілге (латын тіліне) көшу емес, ана тілімізді түлетіп, қоғам сұранысына сай ету, қолданыс аясын арттырып, осы заманғы ғылыми-техникалық прогреске икемді тіл ету. Жаңа әліпбиді игеру бүгін басталып, ертең аяқталатын мәселе емес. Ол арнайы бекітілгеннен кейін өзіндік емле ережелері жасалып, кезең-кезеңмен жүзеге асатын кешенді үдеріс. Жаңа әліпбиді игере алмаймыз деп қорқудың, дабыра қылудың еш қисыны жоқ. Қайта ана тілімізді әлемнің дамыған тілдерінің қатарына қосатын жақсы жаңалыққа үн қосып, қолдау білдірейік.
Енді Ақорда сайтында жарияланған латын графикасына негізделген қазақ әліпбиінің жобасына байланысты өз ойымды ортаға салайын.
Жаңа әліпби біздің графикалық санамызға сай «Бір әріп - бір дыбыс» ыңғайында жасалған. Бұл үйренуге де үйретуге де ыңғайлы. Тілдің заңдылығына да сай келіп тұр. Латын графикасындағы 26 таңба толық игерілген.
Қазақ тілінің өзіне ғана тән «Ә», «Ө», «Ү», «Ғ», «Ң» дыбыстары апострофтармен берілген. Бұл бірнеше тілдерде (неміс, түрік, әзербейжан, өзбек т.б.) бар үлгі. Одан қорқудың қажеті жоқ. Жаңа әліпбиде кірме дыбыстар ретінде 4 дыбыстың таңбасы (Ф, X. В, Ч) алынған. Бұл да қажет. Өйткені, бұл дыбыстармен көптеген сөздер (мыңнан аса) енген, оларды қайта таңбалап шатасушылық тудырудың қажеті жоқ. Тек «Ч» дыбысын түркі халықтарында және өзіміздің оңтүстік говорларда бар деп алудың қисыны жоқ. Бұл дыбысты «Ш» дыбысымен айтуға әбден болады. Негізінен Ақорда сайтында жарияланған қазақ әліпбиінің жаңа нұсқасын қолдаймын.
Бағдат КӘРІБОЗҰЛЫ
Қорқыт ата атындағы
ҚМУ-дың «Қорқыттану және өлке тарихы»
ғылыми-зерттеу институтының директоры,
ф. ғ.д., профессор