«ӘЛЕУМЕТТІК ПСИХОЛОГИЯҒА КІРІСПЕ» КІТАБЫ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК ПСИХОЛОГИЯНЫҢ ЖАҢА ҚЫРЛАРЫ
Мемлекет басшысы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында гуманитарлық білім бағыттары бойынша әлемдегі ең таңдаулы 100 оқулықты қазақ тілінде аударып, өскелең ұрпақтың жаһан ғылымның жауһардай құндылықтарын жадына тоқып, саяси, мәдени, тарихи әлеуметтану тұрғысында жан-жақты танып білуге жағдай жасау қажеттігін атап көрсеткен болатын.
«Рухани жаңғыру» еліміздегі білім берудің бүтіндей жүйесінің, оның ішінде жоғары оқу орындары үшін айрықша «мүмкіндіктер кеңістігіне» айналуда.
«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасында аталған алты арнайы жобаның әрқайсысы жеке мемлекеттік бағдарлама болуға лайық келетін дара бастамалар. Дегенмен, олардың бірі де бірегейі – «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы.
Сананы рухани жаңғыртуға бәсекеге қабілетті, білімді елдің ғана деңгейі жетеді. Сол себептен Елбасы рухани жаңғырудағы ұлттық сананың рөліне баса назар аударып, бірнеше міндеттерді айқындап берді. Өйткені, кез келген қоғамның күші – білімде, ал кез келген тілдің қуаты – ол тілдегі мазмұнында. Олай болса, бұл бастама тілдің қауқары мен қоғамның әлеуетін де биікке көтеретін тегеурінді тетікке айналды.
Гарвард университетінің профессоры Эллиот Аронсонның бұл еңбегі әлеуметтік психологияға адам табиғаты мен болмысы арқылы жол салған ерекше туынды.
Эллиот Аронсон «Көпке ұмтылған жалғыз. Әлеуметтік психологияға кіріспе» кітабының ағылшынша атауын тікелей аударсақ «The social animal»- «Қоғамдық жануар» (Әлеуметтік жануар) дегенді білдіреді. Ал Ресейде оны «Общественное животное» деп алған. Осыған ғалымдар да, публицистер де, жазушылар да «қазақ тілінде жануар деген сөз адамға қатысты айтылмайтынын» көлденең тартты.
Кітаптың өзінде де Аристотельдің «Адам деген — саналы жануар» деген сөзі келтіріледі. Дегенмен тікелей қазақ тілінде «Қоғамдық жануар» (Әлеуметтік жануар) деп алу киын. Шығыстанушы Ғалым Боқаш ұсынған «Көпке ұмтылған жалғыз» атты атау кітаптың табиғатын ашатын негізгі атау болып келісілген. Осы кітаптың қазақша атауының өзі Ұлттық аударма бюросында жұмыс жасаған аудармашылардың айрықша кәсібилігін дәлелдейді. Тұсаукесерде Президент те «Көпке ұмтылған жалғыз» атауын сәтті деп ерекше атап өтті.
«Эллиот Аронсон осы кітапты 1970-1971 жылдары Стэнфорд университетінде жүрген кезінде жазуға кіріскен. Содан бері 11 басылым көрген. Демек, 50 жылға жуық уақытта үнемі жаңартылып отырған. Кітаптың алтыншы басылымы Ресейде аударылған. Сол кездегі мазмұнмен салыстырғанда 11 басылымның мазмұны жаңара түскен.
Белгілі ғалым Эллиот Аронсонның «Көпке ұмтылған жалғыз. Әлеуметтік психологияға кіріспе» атты кітабы әлеуметтік психологияның жаңа қырларын ашады. Мамандар бұл ілімді, cалыстырмалы түрде, ғылымның жас саласы деп есептегенмен, оның алғышарттары Аристотель заманында-ақ көрініс тапқан. Ал Аронсон болса, ХІХ ғасыр соңында іргетасын Триплет қалап, 1930 жылдары К.Левин одан әрі дамытқан әлеуметтік психология ғылымының көкжиегін кеңейтуге тырысады.
Жоғары оқу орындарының студенттеріне, сондай-ақ, қалың оқырман қауымға да қызықты бұл оқулық адамның сыртқы ортаға бағынуы, жағдайға мойынсұнуы, өзін-өзі ақтап алуы, көзсіз сенімге еруі, ұнатуы, ашуға бой алдыруы, үгіт-насихат жетегінде кетуі сияқты маңызды факторларды нақты мысалдар арқылы саралайды.
Кітап мазмұны 9 тарауды қамтиды. 2012 жылы Алматы қаласында басылып шықты.
1-тарау. Әлеуметтік психология дегеніміз не? деп беріліп онда 4 бөлім қарастырылады. (Бәрі өзгереді. Анықтама. Әлеуметтік әсер).
2-тарау – конформдылық. Онда 7 бөлім қарастырылады (Конформдылық дегеніміз не? Конформдылықты ұлғайтатын және азайтатын факторлар. Ақпарат алуға бейімдік. Әлеуметтік ықпалға жауап. Мойынсұну – бағынудың бір формасы.Эксперименттер этикасы туралы ескертпелер. Іске араласпаған куәгер конформист ретінде).
3-тарау. Бұқаралық коммуникация, үгіт-насихат және иландыру. Бұл тарау 10 бөлімнен тұрады.(Иландырудың негізгі екі жолы. Пікір мен ұстаным қайшылығы. Теледидар әсері. Иландыру әрекеттері. Ақпарат көзі. Білім беру ме, үгіт-насихат па?
4-тарау. Әлеуметтік таным. (Білім беру ме, үгіт-насихат па? Әлеуметтік бағалауға контекстің әсері. Қарым-қатынас пен сенім мінез-құлыққа қалай әсер етеді?)
5-тарау. Өзін-өзі ақтау. 14 бөлімге тоқталып өтеді (Ақылға қонымсыз ақталу психологиясы т.б.).
6-тарау. Адамға тән агрессия 6 бөлімнен тұрады. (Агрессияның анықтамасы. Агрессияның себептері).
7-тарау. Біржақты түсінік 4 бөлімнен тұрады. (Стереотиптер және атрибуциялар).
8-тарау. Ұнату, жақсы көру және тұлғааралық сезім 5 бөлімнен тұрады. (Сырт келбеттің тартымдылығы. Қадірлі болу және қадіріңді жоғалту).
9-тарау. Әлеуметтік психология ғылымы 5 бөлімнен тұрады. (Әлеуметтік психологиядағы эксперименттің қиындығы. Этика мәселелері).
Кітаптың 6-тарауы 5 бөлімнен тұрады. Бұл тарауда агрессияның себептері мен шеттету, алып тастау және қорқыту, зорлық-зомбылық және бұқаралық ақпарат құралдарының адам өмірінде кездесетін психологиялық қиыншылықтар мен оны адамның басынан өткеруі, қоғамдағы орын алған келеңсіз жағдайларға төтеп беруі көрсетіледі. «Агрессия пайдалы тіпті кейбір жағдайда қажет» деген пікірлер беріледі.
Зигмунд Фрейдтің ойынша егер адамдарға агрессиясын шығаруға мүмкіндік берілмесе, онда агрессия жиналып қысымға айналады. Іштегі энергия сыртқа шығу жолын іздейді, сөйтіп бір күні жарылады немесе адам психикалық ауруға душар болады деп көрсетеді. Антрополог Лорен Эйсли: «Бізге мұзды жаратын, жолбарыспен айқасып, аюмен алысатын адамнан гөрі мейірімді де, шыдамды адам қажет» деген пікірлері айтылады. Эллиот Аронсон психологтардың пікірлерін талдай отырып, өзіндік ой толғамдарын жасайды.
Мысалы, АҚШ мектептеріндегі атыстар - бір адамның қолына мылтық алып, он, жиырма, елу адамды қырып кетуі, сол секілді қоғамда кейін болып жатқан қайғылы оқиғалар ондағы адамның ішкі күйі, сезімдері толықтай қарастырылған. Психологиялық қырлары талданған.
Соның нәтижесінде Аронсон әлеуметтік психологияның ғылыми сала ретінде қалыптасып, өзіндік орнын иеленгендігін негіздеген. Бұл еңбек әлеуметтік психологияға жаңаша қарауға, ең бастысы, адам психологиясындағы ерекшеліктерге мұқият болуға үйретеді.
Әлеуметтік психологияға кіріспе оқулығы - қазіргі қазақ қауымына өте қажетті ғылым. Жаңашыл сипаттағы зертеулермен толығып,бұрынғы нұсқадағы іргелі зерттеулерді сақтап қалған. «Көпке ұмтылған жалғыз» кітабының көлемі де ықшам 11-басылымдағы өзгертулер мен толықтырулар түпнұсқаның көркемдік сапасына нұқсан келтірмеген.
Бұл оқулықтың өзіндік ерекшелігі, әлеуметтік топтағы адамдардың қоғамда өздерінің ішкі күйзелісімен, таным түйсігі, агрессия, депрессия кезеңдерінде адамның өзіндік ойлауы мен сезіну процестерімен танысып, оның жаңа қыраларын көруге жол ашады.
Қорытындылай келе, бұл кітап тек студенттерге немесе психология тақырыбына қызығатын ғалымдарға ғана емес, қарапайым оқырманға да өте қызықты, маңызы бар оқулық. Адамның ішкі рухының мықты болмауы, жеңіле салуы сияқты мәселелердің бәріне осы кітапта жауап бар. Шетелдік ғалымдар кітапты мейлінше түсінікті етіп, көпшілікке арнап жазады. Мұны ғылыми дегеннен гөрі, ғылыми-көпшілік кітаптар қатарына жатқызуымызға болады. Бұл кітап қазіргі кездегі әлеуметтік орта мәселелерін, әлеуметтік психологияның жаңа тұстарын, өзіндік ерекшелігін ашуға арналған.
Бүгінде адамтану, адам психологиясы, оның ішінде әлеуметтік психология жеке адамның жетістікке жетуін зерделейтін маңызды ғылым саласы. Яғни, біздің қоғамға өсу керек болса, осындай оқулықтармен танысу керек деп есептейміз.
Осы орайда Э.Аронсонның кітабына өзіндік тұжырым жасай келе бұл оқулықты «Педагогика және психология» мамандығында оқитын студенттерге қосымша оқулық ретінде ұсынуға болады.
Қарлығаш ҚОЙШЫБАЕВА,
педагогика ғылымдарының магистрі, аға оқытушы