ІЗГІЛІК ІЗСІЗ КЕТПЕЙДІ
Меценаттық туралы әңгіме қозғағанда, көбіне оны қайырымдылықпен, демеушілікпен шатастырып жататынымыз рас. Өркениетті елдерде бұл үш ұғымның аражігі ажыратылып, қайырымдылықпен, демеушілікпен, меценаттықпен тұрақты айналысатын ауқатты адамдардың тобы қалыптасқан.
Қазақ жеріндегі меценаттық дәстүрдің де түп-тамыры тереңде жатыр. Бойымызға «байлар жаман, кедейлер жақсы» деген кеңестік тәрбиенің жұрнағы сіңген біздің қатарластарымызға тарихтағы меценаттар атқарған толымды істер насихатталмады. «Атымтай Жомарттардың» игі дәстүрі туралы кейіннен оқып білдік. Бірақ қазір өзімізбен бір заманда өмір сүріп жатқан меценаттар туралы, олар жасаған жақсы істер, бастамалар туралы бүкіл ел білуі керек.
«Қазақстан отын-энергетика кешені» ЖШС Сексеуіл филиалының директоры Қадырберген Бедер – Арал аудандық мәслихатының депутаты, аудандық қоғамдық кеңестің мүшесі, кәсіпкерлер палатасы аудандық бөлімінің директоры. Ол филиалын басқаратын серіктестік еліміздегі жанар-жағармай базалары желісіне айналған.
Қадырберген өзіне көмек сұрап келген жандардың мұқтажына құлақ салып, қалайда бір шешім табуды мақсат тұтады. Ал көмек сұраушылар саны көп. Мәселен, лашықта өмір сүрген отбасына өз қаржысына үй салып беру тек қаражатты ғана емес, жанашырлық пен жомарттықты қажет етеді. Өзі үй салуға шамасы жетпейтін тағы бір отбасына құрылыс материалдарын жеткізіп берді. Оған қоса, жалғызбасты зейнеткерлер, тұрмысы төмен отбасыларды азық-түлікпен, жанар-жағармаймен қамтамасыз етуді жолға қойды. Жыл сайын осындай отбасылардың оқушы балаларына мектеп құралдарын, тынығу лагерьлеріне жолдама алып беруді де ұмытпайды. Арал ауданының құрметті азаматы Сексеуіл қыстағындағы мешітті күрделі жөндеуден өткізуге қаржы бөліп, мешіт жанынан 300 адамдық асхана салды.
Ол Қызылордада ашылған паллиативтік көмек беру бөлімшесін жабдықтауға аймақтың бизнес өкілдерімен бірге белсене атсалысты. Өңір кәсіпкерлері онкоорталықтың осы бөліміне 3 млн теңгеге жуық көмек берген еді. Ауыр жағдайдағы науқастарға жан жылуын сыйлау, тіршілікте адамдар арасындағы ізгі қасиеттердің жойылмағанын көрсету өте маңызды. Меценаттар жаңа бөлімге жұмсақ, корпусты, медициналық жиһаздар, тұрмыстық техникалар, мүгедек арбасын және өзге де науқастардың қажеттілігіне арналған заттарды алып берген. Қадырберген мен оның әріптестері «емделушілерге моральдық көмек көрсетіп, қолдау білдіргіміз келді. Бұл бастамамызды өзге азаматтар да жалғап алып кетеді деген сенімдеміз» дейді.
Меценаттық дәулетті адамның өзін-өзі көрсетуі үшін емес, шын көңілден, таза ниеттен туындап жатса, олардың есімдерін елдің өзі-ақ жарыққа шығарады. Өйткені жақсылық пен ізгілік ізсіз кетпейді.