ҚОҒАМ ДАМЫСА, ҰЛТТЫҚ ТІЛ ДЕ ДАМИДЫ
Президенттің «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты бағдарламасының басты міндеттерінің бірі – гуманитарлық білімнің барлық бағыты бойынша әлемдегі ең үздік 100 оқулықты әртүрлі тілден қазақ тіліне аудару болатын.
Осы міндетті жүзеге асыру арқылы болашақ мамандарға дүниежүзіндегі таңдаулы үлгілердің негізінде білім алуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, жастардың әлемдік бәсекеге қабілеттілігін бейімдеуге, ашықтық пен прагматизм сияқты қоғамдық сананы жаңғыртудың негізгі қағидаларын орнықтыруға үлкен септігін тигізеді.
Соның нәтижесінде «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы бойынша 18 кітап мемлекеттік тілге аударылды. Бұл оқулықтар туралы Мемлекет басшысы «Негізі кітаптардың барлығы менің үстелімде жатыр. Бір аптадан бері отырып, бәрін парақтап, біз оқыған кезде қолға тимеген дүниелер екеніне көзім жетті. Менеджмент болсын, басқару болсын, бәрін біліп-танып жатырмыз ғой. Бірақ мынау псиxология, тіл тариxы сияқты ғылым салаларымен терең танысқанымыз жоқ. Ағылшын тілінде оқыған жастарымыз оқыған шығар. Бірақ қазақтың баласы әлі таныспаған. Сондықтан біз бір жағынан қазақ тілін байытып, екінші жағынан білімді одан ары өсіреміз деп, осы жобаны қолға алып отырмыз», - деді.
Қазақ тіліне аударылған әлемнің үздік кітаптарын Астана қаласында өткен таныстыру шарасы – қоғамдық сананы жаңғырту, тілді, мәдениетті және экономиканы дамыту бойынша Президенттің идеясын жүзеге асыруға қазақстандық қоғамның іске білек сыбана кіріскенін аңғартады. Бұл ақпараттық технология саласындағы революциялық өзгерістер мен жоғары ғылыми-техникалық жаңалықтардың бүгінгі күні маңызды екенін дәлелдейтін факт.
Биліктің мұндай асқақ жоспарды жүзеге асыруы адамзат қоғамының әл-ауқатына негіз болып табылады заманауи экономика және ғылыми технологияларды дамытуда гуманитарлық фактордың маңыздылығын тағы да растай түседі. Себебі, барлық басқа салаға қарағанда гуманитарлық сала әлемдегі рухани және материалдық байлықтың негізгі көзі болып табылатын адам мен адами қоғамның даму заңдарын зерттеп келеді.
Бұл абыройлы міндет «Ұлттық аударма бюросы» атты қоғамдық қорға жүктелді. Ал аударылуға тиіс оқулықтардың таңдау үшін елдегі бүкіл оқу орындарынан ұсыныс жинақталып, ұзын-ырғасы 800-ден астам еңбек іріктелді. Осы тізімнің ішінде де бірнеше рет басылған, ең соңғысы кейінгі 3 жылда жарық көрген әрі мазмұндық тұрғыдан бейтарап деген сияқты талаптарға сүйене отырып, әзірге 18 оқулық таңдалды. Таңдаудан өткен бұл оқулықтарды аудару жұмысына Қазақстанның алдыңғы қатарлы оқу орындары мен 100-ден аса маман қатысты.
Мәтіндер бірнеше рет әдеби және ғылыми редакциядан өткен. Енді 2018 оқу жылынан бастап аударылған оқулықтар жоғары білім беру жүйесіне енеді.
Айта кетейік, мұндай ауқымды ғылыми аударма жобасы Қазақстанда бұрын-соңды іске аспаған. 100 оқулықты аудару аясында Қазақстан әлемдегі алдыңғы қатарлы жоғарғы білім беру орындары, ғылыми орталықтар және оқулық шығаруға маманданған баспа ұйымдарымен тығыз әріптестік орнатпақ. Кең көлемді аударма жұмысы қазақ тілін халықаралық ғылыми лексикамен байыта түсуге, ғылыми терминалогияны дамытуға, академиялық жазу стилін жетілдіруге, қазіргі ғылыми зерттеу және баяндау әдістерін игеруге зор мүмкіндік береді.
Бұл жобаны іске асыру бірқатар аса маңызды жүйелі мәселені шешуге жол ашады. Ұлттық аударма бюросының жетекшісі Рауан Кенжеханұлының айтуынша, бұл бірнеше міндетті шешеді. Біріншіден, гуманитарлық бағыт бойынша әлемнің 100 үздік оқулығы қазақ тіліне аударылады. Сол арқылы тілдің дамуына аса қажетті ғылыми мазмұн мен лексика дамиды. Екіншіден, гуманитарлық салалар бойынша оқитын студенттердің заман талабына сай білім алуына жағдай жасалады. Біздің оқу орындарындағы мазмұн және академиялық талқы деңгейі әлемнің ілгері ғылыми орталықтарының деңгейіне шығады. Үшіншіден, аса ауқымды аударма жобасы қазақстандық аударма мектебінің күшейіп, жетілуіне жағдай жасайды. Аудармашы мамандар, ғалымдар мен оқытушылардың жаңа негізде жұмыс істеуіне алғышарт болады.
Жұмыр басты пенденің жер-жаһанды жылдам аралай алуы мен білімнің күн сайын жаңарып отыруы арқасында халық пен шаруашылық жүргізуші субъект арасындағы өндірістік қатынастардың сипаты түбегейлі өзгерді. Сондай-ақ, тауар, еңбек нарығы мен әлемдік сахнадағы қызметтердің жұмысы қайта жанданды. Өзгерістердің түйіні жергілікті және жаһандық нарықтағы сатып алушылар үшін жаппай бәсекелестік күрестің өріс алуын білдіреді. Әрі бұл күресте әдеттегідей, тауарын аз шығынмен өндірген, бірақ, өзінің сегментінде сапасы мен бағасы тиімді техникалық және эстетикалық жаңалықтарды мейлінше көп пайдаланған сатушы ұтады. Мысал ретінде, Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан әлемдегі ең үздік оқу-әдістемелік оқулықтардың аудармасы елімізді дамыған елдермен қатар, түркі тілдес халықтармен де ықпалдастыққа үндейді.
Дамыған елдердің білім беру жүйесінен ең тиімді әдістері мен стандарттарын алу арқылы Қазақстан заманауи адамзат өркениетінің дамуындағы негізгі трендтерді дамытатын жаһандық үдерістерге қатыса алады.
Әлемдегі үздік оқу-әдістемелік оқулықтардың түпнұсқа тілдерінен аударылған ауқымды еңбек білім беру мекемелерінде студенттер мен мұғалімдердің қазақ тілін меңгеру деңгейінде жаңа өзгеріс әкеледі. Ал бұл өз кезегінде, үздіксіз дамып жатқан қоғамның өзінің ана тілін дамытуға мәжбүрлейді.