ҰЛТТЫҚ ӘЛІПБИГЕ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОЛДАУ
Санамызда сан жылдар бойы орын алған отаршылдық психологиядан арылу үшін алдымен өзіміздің әліпбиімізді бір жолға қойып, тілімізге деген құрмет көрсету күн тәртібінен түспейтін заман талабына айналып отыр.
"Қазақ тілінің латын қарпіне көшуі орыс тілді азаматтардың құқықтарын, орыс тілі мен басқа да тілдердің мүмкіндіктерін шектемейді. Орыс тілінің кирилл қарпінде қолданылуы өзгеріссіз қалады. Ол бұрынғыдай қызмет атқара беретін болады.
Жаңа әліпбиге көшу қазақ тілін меңгеруді жеңілдетеді", – деген Елбасымыз мемлекеттік тілді латын қаріпіне көшіру жөніндегі жобаны іске асыру үшін құрылған жұмыс тобының мүшелерімен кездесу барысында. Демек бұл өзіміздің ұлттық мүддемізден туындайтын алғашқы қадамдар жасалынудың уақыты келгендігін білдіріп отыр, әрі Елбасымыздың қалың әлеуметтің қызу талқысына айналған тақырыпты бір жүйеге тоғыстыруды жөн көруі құптарлық жайт. Халық көңіліне қонымды латын қарпіндегі жаңа әліпби нұсқасының иісі қазақ тіл жанашырлары тарапынан қолдау табуы әлеумет назарына ілігіп, сан түрлі пікірлер мен талқылауларды нақтылағандай. Жаңа нұсқа көршілес орыс тілі мен басқа да тілдердің өміршеңдігіне кедергі келтірмей өз алдына еркіндікте тыныстауы қажет. Ал бұған ықпал етер қауым әрине біздер ел арасында оң пікірдің қалыптасып, жаңа нұсқаның соны серпін алуына мүмкіндік туғызуымыз аса қажет.
Латын қарпіндегі қазақ әліпбиін меңгеру қазіргі жастарға еш қиындық туғызбасы анық. Себебі жастар смартфон телефондарының арқасында әлеуметтік желілердегі ақпараттарды латын қарпімен алмастыруды әлдеқайда бұрынырақ бастап кеткен. Қазіргі заманғы технологиялық ортаның, елдер арасындағы мәдениетаралық қарым-қатынастың дамуы, коммуникациялық жаңашаландырулар мен ғылым және білім берудегі тың өзгерістер қазақ әліпбиінің жаңа нұсқасын насихаттауға негіз болары сөзсіз. Бұл бастама әсіресе әрбір істің басында жүретін біздей мамандарға жаңа әліпбиді үйрететін мамандарды және орта білім беретін мектептерге арналған оқулықтарды дайындауға мұрындық болуымыздың керек екендігін алға тартады.
Кезінде өз ата-анам оқып, тіл сындырған латын қарпіндегі қазақ әліпбиінің өміріме енуі менің өзіме де тың жаңалық болмақ. Тіл маманы ретінде бүкіл ақпараттар латын әліпбиі арқылы таратылатындықтан ағылшын тілімен халықаралық байланыстардың терезесі тең болуына бар жағынан ықпал етуіміз абзал.
Төл дыбыстардың ұлттық сипатта орынды дыбысталуына буын үндестік үйлесімділігі жағынан ешқандай кедергілердің жоқтығы байқалады. Бұл турасынан қарағанда да Елбасының үлкен көрегендігін тағы да мойындауымыз қажет. Ендеше қоғам болып тілге енгізіліп жатқан реформаны маңызды қадам ретінде қабылдап, қалың жұртқа насихаттау әрине біздің парызымыз екендігі сөзсіз.
Г.НҰРЕКЕШОВА,
филология ғылымдарының кандидаты
Қорқыт Ата атындағы ҚМУ