ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ – АСЫЛ ҚАСИЕТ

Бибігүл Сейтова Жалағаш ауданында дүниеге келген. Отбасымен қатар, кәсібін де, қайырымдылық жасауды да қатар алып келеді. 2014 жылдан бастап тұрмысы төмен, жалғызбасты отбасыларға, мүмкіндігі шектеулі жандарға жиі көмектесіп тұрады. Үш жылдан бері Рамазан айында тұрмысы төмен 20 отбасыны азық-түлікпен қамтамасыз етіп, оларға қолдау-көмек көрсетеді. Ауызашар жасап, мешіттің қысқы көміріне, құрылыс заттарына көмектесіп келеді.
Кәсіпкер соңғы үш жыл көлемінде 2 млн теңгеден астам қаржыны қайырымдылық шараларына жұмсаған.Осы жылдың мамыр айында Пекин қаласында ауданымыздың намысын қорғаған М.Тасбергеннің параолимпиада ойындарына қатысып, спорттық додада ел намысын қорғауына зор мүмкіндік жасады.
Облыс әкімінің қолдауымен 2016 жыл «Қайырымдылық жылы» болып жарияланған-ды. Осы орайда, кәсіпкер «Ақниет» сауда дүкенінде тұрмысы төмен 165 отбасыға азық-түліктей 1 жыл бойы 30 пайыз жеңілдікпен көмек көрсетті.
2017 жылы Бибігүл Қаусылқызының еңбегі еленіп, облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының алғашқы рет ұйымдастырған «Нұрлы жүрек» атты I облыстық қайырымдылық жасаушылар мен меценаттар форумында облыс әкімінің «Алғыс» хатымен марапатталды.
Адамгершілік пен жомарттық сынды адами қасиеттері бар қоғам қашан да алға жылжиды. Жалағаш ауданының жанашыры, жаны жомарт Бибігүл Қаусылқызы – ауданның жастарына үлгі болары анық.
Гүлайым МӘЛІК,
Жалағаш ауданы