БЕКСҰЛТАННЫҢ БӘЙТЕРЕГІ
Бәйтерек – Астананың символына айналған көрнекті ғимараттардың бірі. Қазіргі таңда оның көшірмелері еліміздің түпкір-түпкірінде бар. Мысалы, Өскемен, Қарағанды, Екібастұз, Жаңатас, Қордай қалаларында, тіпті Шығыс Қазақстандағы Көкпекті ауылында да Бәйтерек орнатылған.
Иә рас. Аталған қалаларда ғана емес, бізде де Бәйтерек бар. Ұлы жолдың бойында орналасқан. Анығырақ айтсақ, Қызылорда-Жезқазған автокөлік дәлізінде тұр. Көз тартар көркем дүниені туған қалаға кім тарту етті?
Таратып айтсақ, 24 жастағы Бексұлтан Баймаханов отбасылық бизнестің тізгінін жас та болса өзі ұстапты. Әрине, мұнда ата-ананың ақыл-кеңесі мен бауырлардың қолғабысы ұшан-теңіз. Былтыр «Бәйтерек» шағын ауданынан кәсіпкерлігін бастады. Қалааралық маңызды жол бойына үлкен азық-түлік дүкені мен асхана салды. Осы кешеннің атауын да жаңа қоныспен аттас етіп, «Бәйтерек» деп атады.
– Былтыр Алматы қаласына қонаққа бардым. Кешке «Париж» деп аталатын дәмханаға бас сұқтық. Маған дәмханадан бұрын ұнағаны дәл алдында орналасқан Париждың ең басты мақтанышы – Эйфель мұнарасаның керемет көшірмесі еді. Біздің Астана дегенде, ең бірінші көз алдымызға Бәйтерек келетіні рас. Әрі облыс әкімінің қолдауымен қаламыздан арнайы осы аттас аудан ашылды. Дүкен мен асхана салу барысында еліміздің мақтанышы Бәйтеректі тұрғызу ойымда болды, – дейді Бексұлтан.
Алыстан байқалатын «Бәйтерек» түнгі уақытта тіпті әсерлі. Жезқазған арқылы қатынайтын жолаушыларға бұл биік шынар ақ жол тілеп тұрғандай.
Жаратылысынан жақсы іске құмар жас жігіттің осы бір игі жұмысы көп жігерсізге жігер қосатыны анық. Бексұлтанның Бәйтерегіне қуана қарап, осыны ойладым...
Ержан ҚОЖАС,
Қызылорда қаласы