БАЙҚАУ ҚОРТЫНДЫСЫ ШЫҒАДЫ
Аймақтық «Рухани жаңғыру» орталығы «Жаныңда жүр жақсы адам» эссе байқауы жарияланғаны мәлім. Еске сала кетсек, байқау орталықтың ұйымдастыруымен фейсбук әлеуметтік желісіндегі Қызылорда облыстық «Рухани жаңғыру» парақшасында осы жылдың 15 мамыры күні жарияланды.
Байқау 3 маусым күні тоқтатылды. 13 маусымда қорытындысы жарияланады. Байқаудың жүлдегерлерін анықтау шарасы Қызылорда қаласындағы Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханада сағат 11.00-де өтеді. Жүлде қоры меценаттар есебінен алынады.
Шараның түпкі мақсаты – әлеуметтік желіде аймақтың дамуына үлес қосып жүрген меценаттар туралы ақпарат тарата отырып, ел арасында прагматикалық көзқарасты қалыптастыру.
Жанашыр жандардың жасаған қайырымдылық шараларын насихаттап, бәсекелік қабілетін арттыру. Сонымен қатар, әлеуметтік желі арқылы жастарды сауаттылыққа тәрбиелеп, білімнің салтанат құруына мүмкіндік жасау.
Байқау шарттары бойынша туынды кейіпкері білім, мәдениет, медицина саласына қолдау көрсетіп, туған жерге тарту жасаған жомарт жан болуы керек. Елдің гүлденуіне үлес қосып, спорт кешенін, ойын алаңдарын, медициналық нысандарын салу секілді ірі жобаларды жүзеге асырған азаматтар болуы шарт.
Байқау ережесіне сәйкес эссе #РуханижаңғыруҚызылорда#жаныңда_жүр_жақсы_адам хэштегтері бойынша қатысушының жеке парақшасында жарияланып, аймақтық орталықтың парақшасын белгілеуі керек.
Сонымен қатар, эссе 250 сөзден кем болмауы тиіс. Шығарманың көркемдігі, кейіпкер образын ашу, әлеуметтік желіде оқылуы, оқырмандардың пікірі толық ескеріледі. Ал үздік туындыларға меценаттар есебінен марапатталады.
Конкурс нәтижесі бойынша демеушілер көмегімен жинақ шығарылады.