ҚОҒАМДЫ ЗЕРТТЕУДЕГІ ҚҰНДЫ ЕҢБЕКТЕР
Қоғамды зерттеп, ондағы анықталған мәселелерді талдау әлеуметтанушылардың басты назарында болатыны белгілі. Қазақстан тәуелсіздігін алған тұстан бастап қоғамдық ғылымдардың дамуы жаңа сатыға көтерілді. Қазақстандық әлеуметтанушылардың жазған оқулықтары шығарыла бастады. Мәселен, қазіргі таңдағы әлеуметтану пәні бойынша студенттер Әбсаттаровтың, Тажиннің, Икеновтың, Аженовтың, Габдуллинаның және т.б. әлеуметтанушылардың еңбектерін оқып, оқу процесінде пайдалануда. Бұл оқулықтардың көбісі қалың бұқараға белгілі және бізге үйреншікті үлгідегі жазылған еңбектер болып табылады.
Ал Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы бойынша «Жаңа гу¬ма¬нитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аясында аударылған жаңа оқулықтар, елдегі әлеуметтану ғылымында түрлі өзгерістер әкелуі ықтимал. Себебі, дамыған елдердің оқу орындарында оқытылатын аталмыш әдебиеттер батыстық үлгіде жазылып, отандық ғалымдардың жаңа ізденістерге, жаңа көзқарасқа, қалыптасқан ескі ғылыми үлгіні өзгертуге әкеліп соғатыны сөзсіз.
Аударылған 18 оқулықтың ішінен әлеуметтануға арналған екі еңбекке тоқталып өтсем. Оқулықтардың авторлары АҚШ-тың белгі ғалымдары болып табылады. Бірі – Дэвид Бринкерхоф болса екіншісі – Джордж Ритцер.
Дэвид Бринкерхоф өзінің әріптестері Роуз Уейтс пен Сюзан Ортегамен бірлесе «Әлкеуметтану негіздері» атты оқулықты дүниеге әкелген. Дэвид Бринкерхоф Йел, Миссури, Линкольн университеттерінің профессоры болып табылады.
Оқулық қоғам және оның құрылымы жөнінде кең мәлімет беріп, пәннің негізгі ұғымдары мен зерттеу әдістерін жан-жақты саралайды.
Оқулықтың қысқаша мазмұнына көңіл аударсаңыз, барлығы белгілі тақырыптар секілді, алайда толық мазмұнын ашқанда бұрын соңды кездестірмеген тақырыптар, ғалымдар, түсініктерді байқайсыз.
Мәселен оқулықта Карл Маркстың көзқарастары барлық қырынан сарапталынған, одан бөлек оқулықтың мазмұнында символдық интеракционизм теориясы (Батыс әлеуметтануындағы және әлеуметтік психологиядағы теориялық-әдіснамалық бағыт), ауыспалы объективтер түсінігі, мәдениет ұғымына терең талдау жасалынған.
Одан бөлек, топтар, желілер және ұйымдар деген бөлімде топтық конформизм (топтық қысыммен қадағаланып отыратын жүріс-тұрыс) түсінігіне ерекше мән берілген. Оқулықта АҚШ-ның әлеуметтік жағдайына тән ерекше тұстары айқындалады, мәселен нәсілдік және этностық теңсіздік деген бөлімдегі ақ нәсілдерге, афроамерикалықтарға және т.б. этностар мен нәсілдердің ерекшеліктері, олардың арасындағы байланыстар баяндалған.
Кітапта әлеуметтік мәселелердің барлық қыры қарастырылған мәселен, денсаулық және денсаулық сақтау атты бөлімінде дәрігердің табысынан бастап осы саладағы халықты мазалайтын барлық мәселелерге көңіл аударылған. Мұндай ауқымды түрде жазылған еңбек елдегі әлеуметтік мәселелерді шешуде және жастардың жан-жақты білім алуына үлкен көмекші құрал болатыны сөзсіз.
Оқулықтың тағы бір ерекшелігі, ол қазіргі таңдағы көптеген ЖОО-да бірге оқытылып жатқан саясаттану мен әлеуметтану пәнін өткзуге мүмкіншілігінің болуы. Себебі, кітапта саясаттанудың да түрлі тақырыптары көрсетілуде.
Оқулық батыстық менталитетке, мәдениетке жақын болғанымен, баяндалған проблемалар Қазақстанда да орын алуда. Ол проблемаларды тану, түсіну және шешу жолында аталмыш оқулық көмекші құрал болуы әбден мүмкін. Өйткені оқулықта әлеуметтанудың негізгі ғылыми тұрғыдағы түсінігі мен АҚШ –дағы шынайы өмір байланыстырылып, өзге елдермен салыстырмалы түрде жазылған. Бұл оқырманның орын алған проблеманың теориялық және өмірлік, практикалық күйін сезінуге мүмкіндік береді. Кітаптағы диограммалар мен таблицалар түрлі ғылыми тұжырымдамаларды тез түсінуге мүмкіндік береді.
Әлеуметтану бойынша аударылған екінші оқулықтың авторы, Корнелл университетінің профессоры Джордж Ритцер мен Джеффри Степницкидің “Әлеуметтану теориясы” әлеуметтану ғылымының өзекті мәселелерін классикалық және қазіргі көзқарастарды ұштастыра отырып талдайды. Көпшілікке макдональдизация концепциясымен белгілі Джордж Ритцер бұл еңбекте теориялардың базасын жасақтаған. Бұл еңбек әлеуметтануды енді зерттеп жатқан ғалымдарға керек дүние. Жаңа форматтағы кітапта, жаңа концепциялық әлеуметтанулық ойлар баяндалған.
Әлеуметтану ғылымының даму ерекшеліктері тарихи тұрғыдан баяндалатын бұл кітапта авторлар әлеуметтану ғылымының өзекті мәселелерін классикалық және қазіргі көзқарастармен ұштастырған.
Кітаптың:
•бірінші бөлімінде ежелгі дәуірдегі әлеуметтік ой мен сол кезең өкілдерінің көзқарастары, әлеуметтану ғылымының негізін салған ойшылдардың өмірбаяны мен басты идеялары баяндалса;
•екінші бөлімінде қазіргі әлеуметтану теориясының негізгі мектептері туралы сөз етілген;
•Қорытынды бөлімде модерннен постмодернге дейінгі және одан кейінгі модерннің заманауи теорияларына терең шолу жасалады.
Оқулықта неомарксистік теорияның әралуандығы жөнінде сөз қозғалған. Бұл көп оқулықтарда табыла бермейтін тақырыптар. Сонымен бірге, оқулықта XXI ғасырдағы әлеуметтік теориялардың жаңа түрлері жақсы көрсетілген. Мәселен, Квир теориясы ( XX ғасырдың соңында қолданысқа енген гендердің табиғаты жөнінідегі әлеуметанулық теория), Актор-желі теориясы, Өндіріп-тұтыну теориясы.
Оқулықтың соңғы бөлімінде просьюмер теориясы (Қолданушылардың жаңа ролін сипаттау үшін просьюмент (ағыл. "Prosumer") деген түсінік пайда болған) көрсетіледі, бұл қазіргі таңдағы жаңа бағыттағы теориялардың бірі болып табылады.
Оқулықтардың барлығы Қазақстандағы әлеуметтану пәні бойынша аударылған кітаптардың ерекше нұсқасы ретінде бағалануда. Бұл ғылымда да, білімде де, қоғамда да жақсы өзгерістер әкелуіне ықпал жасаушы еңбектертер болмақ.
Осы ретте, 100 жаңа оқулық бағдарламасы аясындағы аударылған кітаптар елдің дамуында үлкен рол атқарады деген сенімдемін.
Саулет САХИЕВ,
Қоқыт ата атындағы ҚМУ-дың
«Қазақстан тарихы» кафедрасының аға оқытушысы,
саяси ғылымдарының кандидаты