ТӨЛ ӘЛІПБИ ЖӘНЕ ТІЛ ӘУЕЗІ
Қазақ жазуын латын қарпіне негізделген әліпби, сөз жоқ, қолдауды қажет етеді. Бұл мәселеге байланысты дау тудырудың қажеті шамалы деп ойлаймыз.
Латын қарпінің графикалық тартымтылығының өзі, яки әлемдік деңгейдегі танымалдығы тілімізге деген қызығушылықты арттыра түсері хақ. Бұл, біріншіден. Екіншіден ол біздің графика тарихында 30-жылдары болған, яғни тәжірибе бар. Сол жылдары латын қарпімен жазудағы емле мәселесі де күн тәртібінде болған.
Әліпбидің жаңа стандарты қабылданғаннан кейін кәдемізге жарары анық. Сөз тұрқы ұзын боп келетін тіліміз үшін «бір дыбыс – бәр әріп» қағидаты да сол тәжірибеде орын алған, яғни ел ішінде айтарлықтай қарсылыққа душар болған диграф (бір дыбыстың екі таңбамен берілуі) мәселесі де Елбасыға ұсынылған жобада оң шешімін тапты.
Сырттан енген жат сөздермен бірге жат дыбыстардың енгені тарихтан баршамызға аян. Ислам мәдениетімен ә дыбысы енсе, қалған жат дыбыстардың бәрі кеңес дәуірінің үлесінде. Әріп саны кирилл әліпбиінде нормадан асып кеткен, заңдылығында дыбыстық (әріптік) жазу 20-40 таңба деңгейінде болу керек болса, қолданыстағы әліпбиімізде – 42.
Жат сөзді тілімізге енгізбей тұра алмаймыз. Сөздік қорымыздың айтарлықтай бөлігі араб-парсы, орыс сөздері, кейінгі кездері ағылшын сөздері көптеп еніп жатыр. Жат сөзді Ахаң, Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, «быт-шытын шығарып, тілімізге ыңғайлап қайта құрастырып алармыз», бірақ жат дыбыстың тілімізге енуі – тілге жасалған қиянат.
Жат дыбыстардың, тіліміздің дыбыстық заңдарына қайшы дыбыстар таңбасының әліпбиде орын алуы «бүкіл қазақ даласы ән салып тұрғандай» деп кезінде кезінде шеттен келген саяхатшылар таңдай қаққан тіліміздің әуезіне айтарлықтай нұқсан келтіреді, келтіріп те жатыр. Жат таңбадан арылу – тіліміздің әуезділігін сақтау, «өлгенді тірілту, өшкенді жандыру», елбасымыз айтқандау рухани жаңғыру болмақ.
Жаңа нұсқа ұсынылды. Мәселеге қанық, графика деген мәселені ғылыми негіздей алатын Әлімхан Жүнісбек сынды тіл білімпаздарының пікірлері ескерілді жаңа нұсқада. Ең бастысы «бір дыбыс – бір әріп» қағидаты сақталынды. Елбасымыз осы нұсқаны негізге алуды, ел арасында насихаттауды, пікірлерді есепке алуды тапсырды, сол бағытта жұмыс жасалуы тиіс, әрине, тілдің дыбыс жүйесін білетін тілші ғалымдар пікірі басымдыққа ие болғаны жөн.
Тілдің дыбыс жүйесі (фонетика) бойынша жоғары оқу орнында 30-жылдай дәріс беріп келе жатырмын. Жазу тарихын, оның ішінде латын қарпіне негізделген қазақ жазуын аз-маз зерттегенім бар. Осы салаға қатысты мәселелерді, оған қатысты Ахаңнан бастап бүгінгі күнге дейінгі білімпаздар пікірімен де таныспын.
Жаңа нұсқа Ахмет Байтұрсынұлы ұсынған 26 (28) қағидатына біршама сәйкес келеді. Маман ретінде жаңа нұсқадағы кейбір таңбаларға қатысты өз ойымызды айтып кетпесек болмас.
Тіл білімінде диффуз (ажырамаған) дыбыс, көне түркі тілі элементі боп саналатын, әдеби тілімізге жат, еліміздің оңтүстік-шығыс өңіріне ғана тән, диалектілік сипаттағы ч дыбысы жаңа әліпбиде орын алмаса екен дейміз. Латынның Hh қарпімен берілген х,һ дыбыстары жазуымызда болғанымен, оны қ деп дыбыстаймыз, сонда оларға таңба берудің қажеттілігі қанша? Қазақ тілінде и, у дауыстылары жоқ, оларды өзге дауыстылар сияқты жалаң (өзін ғана) айта алмаймыз. Сондықтан шолақ й-дың жанына и-ді қосақтаудың қажеті шамалы. Ф тіл мен тіс дауыссызын п-мен айтамыз, сөздік қорымызда осы әріп (біз үшін дыбыс емес) қолданылатын пәлен сөз бар деген уәж негіз бола алмайды деп ойлаймыз. В дыбысы. Қазақ Москваны әуелден-ақ Мәскеу, Европаны Еуропа деп келеді, бұны да қысқартсақ, Ахаң айтқан 26 (28) қағидатына келе қоямыз. Яғни, 9 дауысты, 17 дауыссыз сингармотип, қосындысында 26 дыбыс.
Әліпби жасағанда, алдымен тілімізде қанша дыбыс бар деген мәселені пысықтап алу керек сияқты. Жаратылыстанушы ғалымдар тарапынан айтылып жүрген кейбір пікірлер, мәселен математиктердің пернетақтада х қарпі жоқ деген, шешімі табылатын нәрсе, өзге тілдерде де арнайы символдарды қолданады емес пе, х-ті де, w-ді де содан алуға болар.
Түркі тілдерінің ішінде «ең таза тіл» деп аты мәшһүр Махмұт Қашқари өзінің «Диуани лұғат ит түрік» (Түркі тілінің сөздігі) атты еңбегінде сонау ХІ ғасырда-ақ айтып кеткен. Тіл тазалығына, үн тазалығына бастайтын латын қарпіне негізделген жаңа әліпбиді тілге жаны ашитын қауым қолдайды деп ойлаймыз.
Болат Боранбай,
филология ғылымының кандидаты
Қорқыт Ата атындағы ҚМУ