ЖАҢҒЫРУ АЯСЫНДАҒЫ ЖҮЙЕЛІ ЖҰМЫСТАР
Шиелі ауданының барлық салалары секілді мәдениет саласы да техникалық базалық тұрғыдан қамтамасыз етіліп, үздіксіз ел игілігіне қызмет жасауға әлеуеті толық жетеді деуге болады.
Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында елдің мақсат-мұратын жүзеге асыруға бағытталған, рухани жаңғыруға негіз болатын бірқатар бағыттар айқындалған болатын. Бағдарлама баспа бетінде жарияланған сәттен бастап ел ішінде кеңінен талқыланып, ондағы мақсат-міндеттерге байланысты шаралар атқарылуда. Бұл шаралардың бір парасын атқару да аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің еншісінде. Міне, ғасырлар жауһары қалыптастырған рухани құндылықтан қол үзбеген ауданның бүгінгі мәдениетінің дамуы қай деңгейде? Саралап көрелік.
Жыл басынан аталған бөлім мәдениет саласында толымды жұмыс атқарған. Халықтың мәдени құндылықтарға қол жеткізуін қамтамасыз ете отырып, көркемөнерпаздардың өнерін дамыту мақсатында ауқымды істерді қолға алған бөлім бірқатар танымдық-тақырыптық іс-шаралар жүргізіп келеді.
Елбасы өз мақаласында «Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда, ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс», – деді.
Бұл – халқымыздың барлық ұлттық салт-дәстүрлерін, ең бастысы, мемлекеттік тіліміз бен әдебиетімізді, ұлттық рухымызды жаңғырту. Өскелең ұрпақтың бойына елжандылық, ұлтжандылық қасиеттерін сіңіру. Өткізілген әрбір іс-шараларда осы мақсаттар үдесінен шығуға жұмыстар жасалуда.
Атап айтқанда, Ы.Жақаев атындағы күріш өсіру-тарихы музейі бойынша ауданымызға белгілі әнші, композитор Әлфараби Бекарысұлымен, республикамызға белгілі жыршы Құрманбек Бекпейісовпен, айтыскер ақын Кенжебай Жүсіповпен кездесу кеші ұйымдастырылып және республикамызға белгілі қолөнер шебері Зухра Баймырзаевамен кездесу кештері ұйымдастырылды. Сонымен қатар, Социалистік Еңбек ерлерінің бюстерінен «Туған өлке тумалары», Мая Сыдық, Қ.Беденқұлованың бұйымдарынан көрмелер қойылды.
Ал, Н.Бекежановтың мемориалдық өнер музейінде «Қазақ халқының тұрмыстық заттары» тақырыбында музейлік сабақ өткізілді.
Шиелі ауданының 90 жылдығы аясында ақын, жазушы, аудармашы Қ.Әбдіқадыровтың 115 жылдығына арналған «Қарымды қаламгер, дархан дарын» атты еске алу шарасы өтіп, «Нартай сазы» халықтық фольклорлық ансамблінің концерттік бағдарламасы көпшілік назарына ұсынылды. Сондай-ақ, «Өнерімнің бастауы-туған жерім» атты қылқобызшы Р.Қалымбетовамен кездесу кеші қонақтарды әсерге бөлесе, «Нартай бригадасының» мүшесі әнші Т.Баяханова жайлы «Шалқысын әнім сырнаймен» атты көрме көптің көкейінде біразға дейін сақталды.
Шиелі аудандық тарихи-өлкетану музейі бойынша ауданның 90 жылдық мерейтойы қарсаңында тұңғыш рет Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейі мен Шиелі аудандық тарихи-өлкетану музейі бірлесе отырып, 2018 жылдың 9-21 сәуір аралығында «Сырдың сырлы жәдігерлері» атты көрме өткізді.
«Рухани жаңғыру – Ұлттың ұлы мұраты» атты кітап көрмесіне 23-кітап қойылып, еліміздің тәуелсіздігі, өлкеміздің құндылығы, тарихы туралы деректер қолжетімді болды.
Аудандық мәдени-шығармашылық орталығы ұйымдастырған «Ақ бата – асыл мұра» атты батагөй қариялар арасындағы аудандық байқауына ауыл жастары қатыстырылды. «Арман» мәдениет үйінің ұйымдастыруымен қарымды қаламгер Д.Смайловтың жүріп өткен жолын кейінгі ұрпаққа насихаттау мақсатын көздеген «Дүйім жұртқа белгілі Дүйсенбі едің» атты аудандық жас ақындар айтысы өтті. Бұған қоса Бидайкөл ауылдық мәдениет үйінде «Үздік жас келін – 2018» атты аудандық келіндер сайысы ұйымдастырылды.
Сонымен бірге, аталған бөлім «Рухани жаңғыру» кіші бағдарламасы «Туған жер – туған ел» базалық бағытының аясында үстіміздегі жылдың 21 мамыр мен 20 қазан аралағында «Туған жерім – алтын бесігім» атты рухани – мәдени керуен шарасы жоспарланып отыр.
Мұндағы мақсат – қойнауы құт, суы бал, ауасы дәру туған жердің әр тасынан тарих іздеу, өткеннің хатқа түспеген тұстарын түгендеу, әрбір мекеннің өзінің қаһармандары мен тарихи орындарын, бетке ұстар қайраткерлерін тану және дәріптеу, келешек ұрпаққа ауыл жастарына таныстыру болып табылады.
Шиелі ауданы