БЕГІМ АНА МҰНАРАСЫ (ІХ-ХІ ғғ)
«Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» – тарих пен мәдениетке, адамның рухани дамуына және оның туған жеріне деген байланысына негізделе отырып адам мен оның өміріне бағытталған жоба.
Кейбір тұлғаларды мәңгі еске сақтауда ұлтты мәдени байыту мен мінәжат етуге арналған орындар түріндегі ұлы ата-баба ерліктерін осындай бағдарға жатқызуға болады. Осындай орындарды білуіміз көптеген нәрсені үйретіп, олардан қажетті өмірлік қуат алуға мүмкіндік береді. Осыған байланысты, Киелі мекен жағырапиясының құрылуы - адамның рухани баю мәселесін алға тартып қана қоймай, сонымен қатар мәдениетіміз бен салт-дәстүрімізді, бай тарихымыздың құндылықтарын көрсетеді.
Қызылорда облысы бойынша «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы бойынша 12 ескерткіш жалпыұлттық, тағы 35 ескерткіш өңірлік маңызы бар қасиетті орындар тізіміне енгізілгені мәлім.
Өткен жолы «Ескерткіштер – ел тарихы» атты мақалада облыстан жалпыұлттық қасиетті нысандар тізіміне енген 12 ескерткіштің тізімін берген едік. Енді міне, осы ескерткіштер туралы облыстық тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау ғылыми қызметкері Еркебұлан Елеуовтың мақалаларынан Бегім ана туралы мақаланы ұсынып отырмыз.
Бегім Ана
Бегім Ана – Қарабура әулиенің қызы, Салжұқ мемлекетінің ханы Санжар сұлтанның әйелі.
ХІ ғасыр тұсында оғыздар тайпасының билеушісі Мәлік шахтың патшалық құрған тұсында Селжұқтар елі әбден кемеліне келген екен. Мәлік шах өлгеннен соң таққа оның баласы Санжар отырады.
Санжар астанасын Хорасан қаласынан Сыр бойындағы Жанкент қаласына көшіріп орналастырады да, бұл шаһарды мықты бекініске айналдырады. Ол аң аулап, сейіл құрғанды ұнатады екен. Сөйтіп жүріп Созақ маңайында өмір сүрген Қарабура әулиенің қызы Бегімге сұлуға үйленеді.
Бегім сұлу көркіне ақылы сай, парасаты мол қыз болыпты. Санжарды да табындырған осындай сан қырлы қасиеттері болса керек.
Ел аузында «Бегім ана туралы аңыз» кең тарап, көптеген шығармалар мен дастандарға арқау болғаны белгілі.
Бегім ана туралы аңыз былайша өріледі: Санжар хан аңға шығып бара жатып үйінде қалып қойған қанжарын әкелуге құлын жұмсайды. Құл ханның жұмсағанын айтып Бегім сұлудан қанжарды беруін өтінеді. Қанжарды қолына алғанда Бегім сұлудың аппақ қолын көріп құл есінен айырылып құлап қалады. Кешігу себебін түсіндірген құл "Ханым білегімнен ұстап жібермей қалды" депті. Санжар ақ-қарасын тексермей Бегім сұлудың оң қолын, оң бұрымын кесіп, оң танауын тіледі де, зынданға тастайды. Келесі күні Қарабура әулие қиналып жатқан қызының түсіне кіріп: "Балам, бұлтартпай шыныңды айт. Ақпысың, әлде қарамысың? Ақ болсаң Аллам жәрдем беріп жараңды жазар, қара болсаң қарғар, тек турасын айт!" депті. Сонда Бегім жылап тұрып: "Атажан, құдай атымен сіздің алдыңызда ант етемін! Егер, Санжарға қиянат жасасам, тәңірі атсын, өмірімді қысқартсын. Ақпын, ата!" - деп зар еңірейді.
Осыдан соң Қарабура Санжардың да түсіне кіріп: "Сен де бір балам едің. Егер менің қызым арам болып, саған қиянат істесе, келесі күні сол қолы, сол бұрымы кесіліп, сол танауы тілінген күйде мүгедек болып қалсын! Егер, керісінше болса, қызымның ақ пен қарасын тексермей жаза қолданғанда бір ауыз әділ сөзін айтпаған сенің шаһарыңды тірі адам қалдырмай жылан жұтсын!" деп қарғап батасын береді. Келесі күні таң ата хан зынданға адам жібереді. Жіберген адамы барса, Бегім баяғы сау қалпында отыр екен дейді. Содан бастап ханды үрей билейді. Кеш болады. Хан кеңесшілерімен отырғанда іңір уақытысында аспаннан бір мес шаһардың ортасына түсіп жарылады. Местің іші толған жылан екен. Жылан қала сыртына тірі жанды шығармай, шағып өлтіреді. Сонымен жайнап тұрған Жанкент шаһары Санжар сияқты қатыгез ханның кесірінен қас пен көздің арасында опат болады дейді аңыз желісінде.
Ал, Бегім сұлу болса өз әкесі Қарабура әулиенің көмегімен Бегім ана мұнарасын салдырып: "Мұнан былай еркекті көрмеймін" деп, қалған жұмбақ ғұмырын сол мұнараның ішінде өткізіпті деседі. Ата-бабасының қасиеті дарып, кейін Бегім Ана әулие атанады.
Қазіргі таңда Бегім ана мұнарасы Қызылорда облысы Арал ауданының территориясында орналасқан. Жергілікті халық Бегім сұлуды тазалықтың белгісі санайды. Елі ардақ тұтқан Бегім сұлу махаббатқа адалдығымен ел аузында әлі сақталған. Аңыз түрінде тілге тиек етілетін әңгімені ұйып тыңдайсың. Бегім сұлудың ерекше қадір-қасиетіне таңғаласың. Бұл аңыздың айтылып келе жатқанына он ғасырға жуық уақыт өткен. Әлі де елдің жадынан өшпей келеді. Ұрпақтан ұрпаққа ұлағат болып тараған. Қанша уақыт өтсе де халық Бегім ана мұнарасына тәу етіп, ол жерді қасиетті мекен санайды. Бегім ана мұнарасы ескерткіш ретінде Қазақ жеріндегі алғашқы мұнаралы ескерткіштердің тізіміне кіреді. Мұнаралы ескерткіштер Орта Азияның жазық даласында көшпенді ортада қалыптасқан қайтыс болған адамның басына антропоморфты стелла орнату немесе кей – кезде ағаш отырғызумен аяқталатын (өмірдің әлемдік ағашы идеясын жүзеге асыру сияқты) қорған салу көне дәстүрі Х-ХІ ғғ. Қазақстан жерінде «мұнаралы» деп аталатын кесенелердің пайда болуына тікелей әсерін тигізді. Б.д.д І мыңжылдықтың басында Сырдарияның төменгі ағысында (Түгескен кешенінің 5 кесенесі, б.д.д. ІХ-ҮІІ ғғ.) б.д. І мыңжылдықтың аяғында (Діңгек, Домбауыл, Қозы Көрпеш - Баян сұлу) басталған стеллалы қорған құрылыстары мен ағаш егілген мұнаралы кесенелердің күрт өсу үрдісінің нәтижиесінде Ақсақ қыз, Бегім Ана, Сараман – Қоса (Х-ХІ ғғ. Қызылорда обл) сияқты тамаша бірегей монументті мұнаралы құрылыстар пайда болды.
Х-ХІ ғасырларға жататын сәулет ескерткіші болып саналатын Бегім ана мұнарасы қам кесектен тұрғызылып, шаршы пішінді күйдірілген кірпішпен қапталған. Мұнара сегіз қырлы призма іспетті күмбезбен жабылған. Мұнараның діңі ортасына дейін монолитті, одан жоғары тас төбелік үлкен тесігі жоспарында дөңгелек күмбезді камера орналасқан. Жоғарыда көрсетілгендей Бегім ана ағзға арқау ғана емес, тарихтан хабар беретін әрі аңыз желісіне айтылатын бірден бір сәулет ескерткіші.
Еркебұлан ЕЛЕУОВ,
Қызылорда облыстық тарихи мәдени ескерткіштерді қорғау
мекемесінің ғылыми қызметкері