ҒАШЫҚТЫҚ ЖЫРЛАРДАҒЫ ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАР
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы – жасампаз халқымыздың жарқын болашағын айқындайтын ой-толғам. Мұнда тарихи кезеңдерге сындарлы баға беріліп, қазақ елінің рухани даму бағыты айқындалған. Мемлекет басшысы қоғамның рухани жаңғыруына халықтың дәстүрі мен ұлттық мәдениеті негіз болуы тиіс екенін атап көрсетті. Мұндай бағытты ұстану кешегі күн мен бүгінді, бүгін мен ертеңді жалғастырады.
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы жарияланғаннан бері елімізде, оның ішінде аймағымызда көптеген мәдени-ағартушылық шаралар ұйымдастырылды. Соның бірі – «Ғашықтық жырлардағы ұлттық құндылықтар» тақырыбындағы облыстық байқау дер едім. Осы орайда алдымен өркениеттің негізі болған өңірдегі ғашықтық жырлар туралы айта кетсек.
Сыр өңірі – көне түркі мәдениетіндегі ежелгі эпикалық аймақтардың бірі. Орта ғасырдағы оғыз аруы Бегім Ана жайындағы аңыздар талайдың таңдайын қақтырғаны көпке мәлім.
Сұлу Сырдың жағасында Құтып шайыр өзінің "Құсырау-Шырын" дастанын жазса, М.Хорезми атақты "Мұхаббат-намасын" хатқа түсірді. Егер Сырдың бойына саяхаттап шыға қалсаңыз, "Қорқыт Ата" дастанында айтылатын Алпамыс батырдың (Алып Бәмсі) сүйікті жары Гүлбаршын (Бану Шешек) сұлудың құрметіне салынған ғажайып мазарды көресіз.
Алыстан мұнартқан Қараспан таулары бұл өлкеде қарақыпшақ Қобыланды батыр мен оның ақылды жары Құртқаның жастық шағы өткендігін есіңе салады. "Қозы Көрпеш – Баян сұлу", "Мақпал – Сегіз", "Қыз Жібек", Айман – Шолпан" сынды махаббат дастандарының қайсыбір оқиғалары Сыр топырағында орын алғандығы жыр сюжеттерінде көрініс тапқан.
Баян сұлудың, Гүлбаршынның, Қыз Жібектің әкелері – шекті Сарыбай, Байсары, Сырлыбай хандардың есімдері көне тарихта ұмыт қалған көп нәрсеге меңзейтіні анық. Олардың есімдері қазақ шежіресінде де айқын із қалдырған. Мысалы, "Қозы Көрпештегі..." Сарыбайдың өлімі мен қазақ шежіресіндегі Әлім бабамыздың бауыры Байсарының қаза болуы немесе осыған ұқсас жағдайдың Гүлбаршынның әкесі Байсарының басынан өтулері жай ғана кездейсоқтық деп айту қиын.
ХІХ ғасыр соңында орыс зерттеушілерінің Сырдарияның төменгі бөлігінде орын тепкен Сараман-Қоса ескерткішінің тарихын қарақалпақ-қазақ халықтарының "ірге ажырату" оқиғаларымен байланыстыра келе, "Бұл ескерткіш шектілердің мәдени аймағынан онша алыс емес" деп жазуы бекер емес.
Ұлы эпостардың ұлы оқиғалар дәуірінде туып, қалыптасатындығы – ғылымда дәлелденген құбылыс. Кейбір деректі болжамдарға қарағанда Қозы Көрпеш пен Баян сұлу, Алпамыс пен Гүлбаршын сұлу тағдырын жырлайтын эпостардың сюжеттік арқауына Сыр бойын мекендеген қоңырат, оғыз тайпалары мен Арал маңы пешенег-шектілерінің арасындағы алауыздық негіз болуы мүмкін. Бұл мәселенің айқын іздерін бағзы замандардан сыр суыртпақтайтын "Қорқыт Ата кітабынан" да аңғаруға болады. Бұл енді бөлек тақырыптың еншісі...
Бергі заманда, дәлірек айтқанда ХҮІІІ ғасырдың соңғы ширегінде өзара туыс саналатын қарақалпақ пен қазақ арасындағы орын алған қақтығыстар, алғашқыларының Хорезм жеріне біржола қоныс аудару оқиғасы ежелден қоңсы қонған екі халықтың рухани жадында терең із қалдыруы әбден қисынды. Бұған Сараман-Қоса аңыздары мен атақты "Мақпал – Сегіз" дастанының мазмұны толықтай дәлел!
Тіпті, Балқы Базар жырындағы Мақпал қыздың – шөмекей, Сегіз серінің – төртқара руынан шығуын айтпағанда, "Айман-Шолпан" эпосының қаһарманы – шекті Есет, Арыстан батырлар мен тама Маман байдың да Сыр өңіріне жақындығы болмаса, жаттығы жоқ. Осы дастанның кіріспесінде айтылатын атақты астың өзі де алтын, жаппас, шөмекей елдерінде өткендігі белгілі. Ал аталған рулардың күні бүгінгеше Сыр бойын жайлап отырғандығын кім білмейді?!
Шынында да, ғашықтық эпостар сан ғасырлар бойы халқымыздың эстетикалық сұранысын өтеп, рухани шөлін қандырған – ғажайып мұра. Осы жылдың 22 мамырында Жаңақорған ауданы Жайылма аулындағы №195 орта мектепте «Ғашықтық жырлардағы ұлттық құндылықтар» тақырыбында мектеп мұғалімдері арасындағы облыстық байқау өткізілді.
Интеллектуалдық байқау Аймақтық «Рухани жаңғыру» орталығы мен Қорқыт ата атындағы ҚМУ ұстаздарының және Жаңақорған аудандық білім бөлімінің жан-жақты қолдауымен жүзеге асты. Идея авторы – Қорқыт ата атындағы ҚМУ ғалымдары.
Облыстық байқау аудандық білім бөлімі басшысының орынбасары Мейірхан Оспановтың кіріспе сөзімен ашылды.
Мейірхан Мұхтарұлы Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласы аясында осы уақыт аралығында атқарылған мәдени-ағартушылық шараларды саралай келе, байырғы қазақ эпостарының өскелең ұрпаққа берер тағылымын, облыстық байқаудың ұлттық құндылықтарды насихаттау, дәріптеу бағытындағы мән-маңызына назар аударды.
Халық мұрасының жас жеткіншектер бойына ұлттық тәрбие мен рухани құндылықтарды сіңірудегі рөліне тоқталды. Байқаудың бекітілген ережеге сай әділ өтуін Қорқыт ата атындағы ҚМУ доценті, ф.ғ.к А.Айтбаева (төраға), Аймақтық «Рухани жаңғыру» орталығының бөлім меңгерушісі, ф.ғ.к С.Қосан, «Жаңақорған тынысы» газетінің бас редакторы Н.Байкенже бастаған қазылар алқасы қадағалап отырды.
Сонымен бірге байқаудың жоғары деңгейде әрі қызықты ұйымдастырылуына Аймақтық «Рухани жаңғыру» орталығының бөлім меңгерушісі, п.ғ.к Ә.Әбдіқалықова, Қорқыт ата атындағы ҚМУ профессор-оқытушылары – Д.Сәтбай, Р.Диуанова, З.Баекеева, Н.Ерболатов сынды ұстаз-ғалымдар белсене атсалысты.
Мәдени шара барысында аудандар мен Қызылорда қаласынан келген 6 шығармашылық топ жұртшылық алдында өзара сынға түсіп, қазақтың ғашықтық эпостарын қаншалықты терең білетіндіктерін көрсетті.
Сайыстың бірінші кезеңінде қатысушылар көрермендер мен қазылар алқасын өздерінің «Жай тастап, құлашымды кең саламын» атты қолөнер көрмесімен таныстырды. Көрмеге қойылған жәдігерлерді бағалауда негізінен ғашықтық жырларда кездесетін қолөнер бұйымдарына басымдық берілді. Әрбір топ ұстаздарының тыңғылықты әзірлікпен келгендігі аңғарылып тұрды.
Көрмені тамашалау барысында Қармақшы ауданынан келген еңбек пәнінің мұғалімі Гүлнәр Алмағанбетованың гобелен жанрындағы кестелеу жұмыстары қазылар алқасы тарапынан жоғары бағаланып, облыстық білім департаментінің «Алғыс» хатына ие болды.
Жалпы, аудан мектептерінің еңбек сабақтарында ұлттық бейнелеу, қолөнер түрлерін, оның ішінде әсіресе, кесте тігу өнерін дамытуға, ұмыт бола жаздаған ұлттық нақыштарды қайта жаңғыртуға ерекше ұмтылыстың бары қуантты.
Мәдени-рухани құндылықтарымызды ұлттық дәстүр аясында бейнелеуге талпынудың жарқын үлгілері Жалағаш, Қазалы, Шиелі аудандары көрмеге қойған алуан түрлі экспонаттардан да көрініс тапқан.
Байқаудың негізгі бөлігі «Өзін-өзі таныстырудан» басталып, екінші кезеңде «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу», «Қыз Жібек», «Айман – Шолпан», «Еңлік – Кебек» жырлары бойынша танымдық сұрақтарға негізделген интеллектуалдық білім сайысы, үшінші кезеңде жырдан үзінді оқу, театрландырылған шағын көрініс қою, т.б. өнер сайысы өткізілді.
Ғашықтық жырлардың өн бойындағы ұлттық дәстүр мен тәлім-тәрбие көріністерін ұлықтауға арналған облыстық мұғалімдер байқауының соңы "Жайылма" ауылы №195 орта мектебі өнерпаздарының концертіне ұласты. Тартысты өткен білім бәйгесінің қорытындысы бойынша І орынды Жалағаш ауданы иеленсе, ІІ орынды Қазалы ауданы, ІІІ орынды Жаңақорған және Қармақшы ауданы бөлісті.
Қазақ фольклорының ең көлемді жанрларының бірі эпостық мұралардағы ұлттық құндылықтар тақырыбын зерделеуге арналған білім сайысына қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен гөрі өзге мамандық иелерінің көбірек әрі белсенді қатысуы – осы байқаудың басты ерекшелігі болды десек қателеспейміз.
Атап айтқанда, Қызылорда қаласынан келген математика пәнінің мұғалімі Ержеңіс Әбдиев, бастауыш сынып оқытушылары: Айгерім Ідірісова, Бота Шораева, Қармақшы ауданынан қатысқан дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Сұңғат Мырзабеков, жаңақорғандық тарих пәнінің оқытушысы Әлібек Бердікеев, Жалағаштан келген технология пәнінің оқытушысы Шұғыла Дүйсебаева, математик Айгүл Әбдіхалықова, бастауыш мектеп мұғалімі Құралай Мамзадаевалар ғашықтық эпос тақырыбын тіл және әдебиет мамандарынан кем білмейтіндігін көрсетіп, қарым-қабылеттерінің жан-жақтылығын танытты.
Интеллектуалдық байқауға қатысушылардың біліктілік деңгейі мен өнерлерін жоғары бағалаған қазылар алқасы ерекше белсенділік танытқан ұстаздарды Облыстық білім бөлімінің, «Рухани жаңғыру» орталығының және Қорқыт ата атындағы ҚМУ-нің "Алғыс» хатымен марапаттап, мұғалімдерге қиын да қызықты еңбектеріне сәттілік тіледі.
Білім сайысының соңын облысқа танымал педагог-ғалым, аймақтық "Рухани жаңғыру" орталығы тәрбие және білім бөлімінің меңгерушісі Ә.Әбдіхалықова қортындылады.
Спикер өз сөзінде бүгінгі Қазақстанда орын алып отырған "ғашықтар мәселесіне" тоқталып өтті.
– Жыл сайын елімізде отау құрған жас отбасылардың 47% -ы ажырасып кетеді екен. "Осының түпкі себебі неде?" – дейтін маңызды сауалдың жауабын іздеген ұстаз ғашықтық жырлардағы махаббат сезімі мен ұлттық дәстүрдің қаншалықты шынайы үйлесім таба алғандығына назар аударды.
Оның айтуынша, ғашықтық эпостардағы ұлттық құндылықтар тек қана этнографиялық жәдігерлермен шектелмесе керек. Мәселен, "ежеқабыл" деп аталатын ежелгі құда түсу салтын басқаша жаңғыртуға бола ма? Қазақ эпосында көрініс тапқан "отбасы институтының" дәстүрлі үлгілері бүгінгі күн талаптарына жауап бере ала ма? "Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар" десек те, бұрынғы кездегі ата-ене мен келін, ата-әже мен немере, қайын-қайынсіңлі және жеңге, қыз-күйеу және қайын жұрт арасындағы сыйластық қарым-қатынастарында бүгінгі жас отбасы мүшелеріне өнеге боларлықтай құндылық қалды ма? "Заман басқа, заң басқа" дей бергенше, бір мезгіл алды-артымызды мұқият шолып, жоғымызды түгендеуге, барымызды қадірлеуге не кедергі? Тәжірибелі педагог-ғалым алдағы уақытта осы тектес мәселелер орта білім мекемелерінде терең талқыға түсетін маңызы зор тақырып екендігін қадай айтты.
Рас қой, кейде бұрынғы заманда өткен ғашықтарымызға: "Махаббат үшін өлімге бас тіккен, суицид жасаған, не деген көзсіз ғашықтар!" деп кінә тағып жататындар көбейді. Ал өздері ше? Құлай сүйетіндері сонша, оң жақта отырып, сәби сүюге қымсынбайтын халге жеткен қазіргі ару келіндеріміздің аз ғана тұрмыс қиыншылығына төзбей, ажырасуға өтініш беретіні неліктен? Сүйген жары үшін басын өлімге тігіп, қалың дұшпанның шебін жалғыз бұзатын ер жігіттеріміз неге ынжық? Бұл сауалдарды көзі ашық, көкірегі ояу оқырманның өзі таразылай жатар.
Серікбай ҚОСАН,
Аймақтық "Рухани жаңғыру"
орталығының бөлім меңгерушісі,
Қызылорда қаласы