ХХI ҒАСЫР ФИЛОСОФИЯСЫНА БЕТБҰРЫС
Жаңа гуманитарлық білім -100 жаңа оқулықтар туралы айтқанда алғаш оның тарихи, заманауи қажеттілігінің негіздері мен себептеріне де тоқталуымыз керек деп есептеймін.
Ол негіздерге әлемдік дамудың жаңа кезеңі-төртінші индустриалдық революция дәуірінің басталуы, оның болжамдық оң және теріс салдарларын, Қазақстанға әсерін есте ұстаған дұрыс шығар. Әрине, айтылып жатыр: бұл электрондық, цифрлық үдеріске негізделетін экономика, өндіріс, айырбас, тасымал, базар, көлік, тұтыну, қаржы т.т.с.с. олардың жаңа сапалық, яғни информациялық, цифрлық деңгейде атқарылуы.
Жақын болашақтан бастап әлеуметтік-саяси, рухани сфераларда, тұтас алғандағы адам және қоғам өмірінде бұрын біліп болмаған өзгерістер күтілуде. Бұрында революциялық өзгерістер болған. Бірақ адамзат ол кезеңде мұншалықты тұтастыққа ие болған жоқ, яғни мемлекеттер мен халықтар бір-бірінен салыстырмалы тәуелсіздікте өмір сүрді. Қазір ол жоқ. Біз жаһандану дәуіріне кірдік. Жаһандану дегеніміз – еріксіз тұтастық, матасу, шиеленісті байланыс. Мұнан ешқандай ел, жер құтыла алмайды. Ол туралы ешкім де сенің келісіміңді сұрамайды.
Бүкіл әлем біртұтас организмге айналу үстінде. Қалыптасып отырған осы зор масштабтағы әлем дамуының турбулентті шапшаңдығы соншалықты оны болжау қиынға соғып отыр. Әлбетте болжам, соған сәйкес прақтикалық әрекет жасау кей жағдайда мүмкін болмай отыр. Яғни, шешуші қадам жасаймын дегенше даму үдерісі басқа белгісіз жазықтыққа шығып үлгіреді. Даму үдерісі болғандықтан әрине оның жақсы, пайдалы жақтары жетерлік. Бірақ оның болжап болмас қауіпі де жетерлік.
Қазіргі уақыттағы басты қозғалыс осы қауіптерді ой елегінен өткізу, оны қалай болдырмау, егер болмай қоймайтын жағдайда, зиянын айналып өту деген сияқты мәселелер. Осы тұрғысында мемлекеттік экологиялық, энергетикалық, ядролық, демографиялық дағдарыстарды шешу жолдарындағы сансыз жиындар, саммиттер өздеріңізге белгілі.
Осының барлығы адам үшін адами мәселелер, оны сақтаудың жолдары екендігі өзінен өзі түсінікті. Бірақ соңғы революция адамзат тәжірибесінде бұрын жоқ, болмаған құбылыстарды тарих сахнасына шығарып отыр. Бұл құбылыстар адам өмірінің барлық салаларын қамтиды, көп сәулелі, көп көлеңкелі. Осыны біздің тәуелсіз Қазақстан азаматтары, басқа елдер және мемлекеттермен қатар түйсінуі қажет болып отыр.
Негізінде бұл өзгеріс адам миының, демек ақыл ойының моделін құрып, ойлар тудыратын жасанды интеллект жасау, физикалық, биологиялық тылсымдарды шешумен қатар тұтас жасанды адам жасау және адам әлемін сол жасанды адамға жасатуға бет алды. Бұрын ешбір тәжірибеде болмаған, күтілмеген күрделі мәселе осы жерден басталынады. Жаңа оқулықтар гуманитарлық маңызды салаларды қамтыған және әр оқулық өз саласы тұрғысын дамудың төртінші сатысы қойып отырған күрделі сұрақтарға жауап береді. Философия ілімі де өз тарапынан заман талабына сай қойылып отырған мәселелерге жалпылық тұрғысынан жауап болып есептелінеді. Жалпылық дегеніміз түптеп келегенде адамнан басқа ешнәрсе емес.
Сондықтан оқулықтардың мазмұны, мәні адамзаттың философиялық ақыл-ойы арқылы Сократ дәуірінен бастап қойылған адам мәселесін, одан кейінгі дәуір ойшылдарының көзімен қарай отырып, сол мәтіндер мен ойларға сүйеніп, қазіргі қойылып отырған адам мәселесін шешу болып табылады. Бұл алапат зор түрдегі, шешуі өте қиын мәселе.
Міне, осыларды түйсініп, сараптай отырып Елбасымыз Жаңа гуманитарлық, яғни адами білім, соны түсінуді, тұшынуды, демек түсіндіруді бастайтын әлемдік 100 оқулықты аударуды іске асыруға басшылық жасады.
Соның алғашқы даналары қолымызда. Философияға байланысты 4 кітап-Д.Джонстонның «Философияның қысқаша тарихы», Реми Хесстің «Философияның таңдаулы 25 кітабы», Энтони Кеннидің «Батыс философиясының жаңа тарихы» 2 том-Антика және Орта ғасыр. Әзірше қолымызға түсіп тұрған осы еңбектер.
Негізінде осы 18 оқулық, және гуманитарлық саладағы қалған кітаптардың барлығы философиялық ойлауға, мына жаңа оқулықтарға байланысты жаңаша ойлауға алып келіп тіреледі. Философиядан басқа оқулықтарда өз саласы бойынша жаңа адам мәселесін қарайды бірақ жеке жақтарынан-тіл, экономика, әлеметтік өмір, әлеуметтік психология т.т. алып қарайды. Міне осы салаларда ашылған жаңалықтарға, тұжырымдар мен қорытындыларға сүйеніп, негізге ала отырып қолымызға тиіп отырған жаңа философиялық оқулықтар жаңаша ойлар, жалпы ойлар, яғни философиялық ойлар түйіндейді.
Батыс қазіргі жаңа технология арқылы тауар өндіруші өте қуатты экономикалық күш. Алайда осы күштің соны жасаушы және тұтынушысы адамның табиғатына, болмысына, оның жер бетінде болу болмауына тікелей әсері болып отыр. Бұл жағдай дизрупция деген терминмен беріледі. Яғни құрылымның бұзылуы ыдырауы. Біз технологиялық, экономикалық жағынан Батысқа тәуелдіміз. Демек аталып отырған ауыр мәселе, бұзылу, дизрупция біздің де мәселеміз. Міне жастар, келешек сіздердікі мұны сіздер мұхият есте ұстауларыңыз керек, міндеттісіздер, шешуге ат салысуларыңыз керек. Бірақ алдымен осы оқулықтармен танысуларыңыз қажет. Менің салам философия болғандықтан, жаңа философия, батыс философиясы, либералдық философия қазақ жастарына, оқырмандарына не береді деген мәселеге шамалы тоқталайын. Бұрын философияны оқығанбыз. Философиялық ойлар біздің қоғамға, қазақ ортасына ене бастаған. Бірақ ол әлемдік философияға марксизм тұрғысынан қарау бағытымен оқытылды. Қазір тап осы арада оның жақсы және нашар жақтарына тоқталудың қажеті шамалы.
Тек бір кемшілігі ол философиялық ой ағымына, оның шарықтау мүмкіндігіне демек философиялық ақиқатқа идеологиялық тұсау салып, қамыт кигізді, яғни шектеп отырды. Осыдан барып адам өмірінің филсофиялық шындығы бұрмаланып, көп зардап шекті. Кейін марксизм ой аренасынан кеткеннен кейін бізде философиялық бос қуыс, вакуум орын алып, қандай ағымды басшылыққа аламыз деген қиындықтар болды. Міне жаңа философиялық оқулықтар осы кемшіліктердің орнын толтырады деген ойдамын. Сондықтан біздің қоғам, демек жастарымыз осы оқулықтармен танысу арқылы батыстың алдыңғы қатарлы бүкіл әлем мойындаған либералдық философиясымен сусындай отырып жаңаша көзқарас, сыни ойлау машығын қалыптастыра алады.
Біз ХХІ ғасырдың әлемдік философиялына қарай қадам жасауға мүкіндік алдық. Бұл – үлкен жетістік. Осы жетістікті пайдалана білуіміз керек. Бұл жолда мен сіздерге табыс тілеймін.
Оңғар БЕРМАХАНОВ,
Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың
философия және мәдениеттану
кафедрасының меңгерушісі