ОТБАСЫ БАҚЫТЫНЫҢ БАСТАУЫ
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында қазақстандық қоғамның болашаққа қарай қалай қадам басуы туралы ойларын айта келіп, ұлттық салт-дәстүрімізді өркендетуді еске салған-ды. Орайлы тұста ұлттық құндылықтарымызды сақтап, қазақы үрдісті берік ұстанған жарқын жүзді жастар туралы айтуды жөн санадық.
Иә, Елбасы айтқандай, әрбір қазақстандық осы ғасырға лайықты қасиеттерге ие болуы керек. Мысалы, компьютерлік сауаттылық, шет тілдерін білу, мәдени ашықтық сияқты факторлар әркімнің алға басуына сөзсіз қажетті алғышарттардың санатында. Өйткені, қазіргі уақытта жеке адам ғана емес, тұтас халықтың өзі бәсекелік қабілетін арттырса ғана табысқа жетуге мүмкіндік алады. Сонымен берге ата-бабадан жалғасып, тіні үзілмей келе жатқан ұлттық салт-дәстүрлерімізді де жоғалтпай, берік ұстануымыз қажет.
– Қазір жасыратын жоқ, алмағайып заман болды ғой. Жаңалықтардан, көпшілік арасында болған кезде адам тәрбиесі аясына сыймайтын жайттарды естіп қаламыз, – деді Жұбанышбай ағам сөз арасында. «Әсіресе отбасы ынтымағының өзектілігі әрбірімізге ой салады. Дәл осы тұрғыда жасы 80-нен асқан қарияның жағдайын жасап, отбасының шырайын кіргізіп, әдептілігімен, имандылығымен әулетіміздің аузына ілігіп жүрген келінім Еңлікті көпке үлгі ретінде айтуды үлкендік парызым деп білемін» -деп бастады әңгімесін.
Елбасы «Біз «Жаныңда жүр жақсы адам» деген сөздің байыбына бара бермейміз» деген болатын. Расында солай. Дана халқымызда: «Түсі игіден түңілме» деген де қанатты сөз бар. Әңгімеге арқау болып отырған инабатты жан Еңлік Асылбекқызы – Қармақшы ауданындағы жүз жырау шыққан Тұрмағамбет Ізтілеуов ауылында туып-өсіпті. Әкесі Асылбек пен анасы Ақайша – ауыл шаруашылығының мамандары. Жеті ағайынды Еңліктің әкесі ауылға ақындығымен аты шыққан азаматтың бірі. Еңлік мектепті бітірген соң Қызылорда аграрлық-техникалық колледжін жылу технигі мамандығы бойынша қызыл дипломмен бітіреді. Оқуын аяқтаған жылы Талғатпен табысып, жұбайлық өмірге қадам басыпты.
Бүгінгі күні жас отбасы қарт әкесі, сексеннің сеңгіріне шыққан Күлікбай Торжымбаевтың денсаулығына ерекше мән береді. Ішетін дәрісінің түрлері, оны пайдалану уақыты, күтімі, басқа да толып жатқан қажеттіліктерін қабақ шытпай атқарады. Сүйген жары мен балаларының да жағдайын жасауға уақыт таба біледі. Бұған қоса өлең жазып, ән айтатын, сурет салатын, шаш алатын, гүл өсіретін Еңлік кондитерлік тәттілерді кәнігі мамандардан кем дайындамайды. Үлкен-кішінің алдынан кесе өтпейтін, дауыс көтеріп сөйлеуді білмейтін жас келіннің жан жылуының шұғыласы бүкіл әулетке әр бергендей.
Ал «Қазалы жолшы» мекемесінде жұмыс істейтін Талғат Торжымбаев жас шаңырақтың егесі. Ол да өнерден құр алақан емес. Бөлме ішіндегі ірілі-ұсақты, түрлі-түсті жарқыраған балықтар жүзген, теңіз түбін көзге елестететін көлемі әжептәуір аквариумды жасап шығарғаны оның шеберлігін байқатады. Талғат көпшіліктен сұраныс болып жатса, олардың тілектерін дер кезінде орындауға күш салып отырады. Болашақта Ақтөбемен байланыс орнатып, зоологиялық дүкен ашуды армандайды.
Өмірде тіршілік түйткілдері аз емес. Әйтсе де қазіргі қоғамда күрделі мәселеге айналған, талайларға арман болған отбасы бақыты дегеннің бастауы осы болар. Ендеше үй ішіндегі төрт жасар Бақтияр мен екі жастағы Жанеркесін аялап, қариялық жасқа жеткен әкелерінен барлық қамқорлықтарын аямаған Талғат пен Еңліктің адамгершілікке тән жарқын істері кім-кімге де үлгі емес пе?!
Әлімжан ӘЛКЕБАЙҰЛЫ,
Қазалы ауданы
Әйтеке би кенті