ӘЛШЕКЕЙДІҢ ТӘБӘРІК ТОНЫ
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Рухани жаңғыру бағдарламасының бастау бұлағы «Мәдени мұра» (2004), «Халық – тарих толқынында» (2013) бағдарламасы аясында басталды десек, сананы жаңғыртуда тарихтан тағылым алудың қаншалықты маңызды екенін түсінесіз. Расында, тарихтан сабақ алып, рухани көкжиегімізді арттыруда ескерткіштер мен жәдігерлердің орны бөлек. Осы ретте, тарихтан тәбәрік болып жеткен құнды мұраның бірі – Әлшекейдің тоны жайлы тарқата айтсақ.
Музейлердің құнды экспонаттарының қатарында тарихи тұлғалардың қолданған тұрмыстық заттары жиі орын алып жатады. Мұндай жәдігерлерді өзге жақтан іздемей-ақ аудандық тарихи-өлкетану музейінде де көп. Манап Көкенов пен Бексұлтан Байкенжеевтің сырт киімдері мен олардың қолданған музыкалық аспаптарын көре аласыз.
Аса бағалы жәдігер ретінде жағасы қара масатымен көмкерілген, қой терісінен жасалған Әлшекейдің тоны деуге болады. Оны күйшінің немересі Дүйсенкүл мен шөбересі Оңғар Дәнебеков Әлшекей атындағы өнер мектебінің мұражайына табыстағанына куә болған едім. Тарихи тұлғаның қайтыс болғанына 80 жылдан асса да тонның ұқыпты сақталғаны байқалады.
Тонның тарихы жайлы Қазақстан Республикаксы Мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі директорының орынбасары Оңғар Дәнебековтен сұрап, білдік.
– Атам Әлшекей даулескер күйші ғана емес, тақымы мықты шабандоз, күші мығым палуан болған. Ұжымдастыру кезеңінде алдындағы мал-мүлігін алып, жер аудармақшы болады. Бұл жайында «Қызыл отауда» өткен жиналысқа қатысқан ауылдағы Тойлыбек деген кісі Әлшекейге жеткізеді. Тәуекелге бел буған атамыз түнделетіп 40 нарға әулеттің жүгін артып, Өзбекстанды бағытқа алады. Екі баласымен бірге Қызылқұмды 15-20 күнде енсеріп, діттеген жеріне жетеді. Мұнда оны «қашып жүрген бай» деп көрсетушілер табылады. Әлшекей бұл кезде елде қалған отбасын күтіп жүреді. Тойлыбек оның отбасын Бөртескен разъезі арқылы Ташкентке баратын поезға мінгізіп жібереді. Артынан келген отбасы мүшелерін ерткен Әлшекей көші 1930 жылдың тамызында Ауғанстанға өтпек болып Тәжікстанға келеді. Бірақ, «Бадының желі» аталатын дауылға тап келіп, көш тоқтайды, – дейді немересі қиын кезеңдер жайлы.
Сонымен, Әлшекей бастаған топ шекарадан өте алмай, Шәрбат ауданына қарасты Яуан қыстағына келіп тоқтайды. Осы Яуанда Әлшекейдің Жұмабек, Әлеухан есімді екі немересі қатар қайтыс болып, қарт күйші мұнан әрі көшпеуге бекінеді.
Яуан қонысында ортаншы ұлы Дәнебектің келіншегі Күлпат бірнеше қой терісін илеп, атасына 1931 жылы шапан тігеді. Тігілген шапанды Тәжікстанда көп өсетін анардың қабығын қайнатып, бояйды. Алайда, тағдыр бұл шапанды ұзақ киюді Әлшекейге бұйыртпапты. Тонды небары бір қыс қана киген қарт күйші 1932 жылы 85 жасында қайтыс болып, денесі қос немересінің қасына қойылады.
Күйші тонының кейінгі тарихы төмендегіше өрбиді. Күйші қайтыс болғаннан кейін тон өзі жақсы көретін үлкен қызы Бейсенкүлдің күйеуі Нәбиге беріледі. Арада 60 жыл өтіп 1992 жылы Бейсенкүл қайтыс болғаннан кейін, күйшінің немересі Сейіттің ұлы Мейірбек біраз уақыт киіп, 2010 жылы баба тонын тарихи жәдігер ретінде сақтауға Дәнебектің Жидебай есімді ұлынан туған Оңғарға тапсырады.
– Менің қолыма тигенде тон жыртылмаса да ескіріп, барынша кірлеген екен. Баба тонын жат қолына бермей, көзінің қарашығындай сақтаған Бейсенкүл әпкем «тонның мерзімі бітті» деп күл-қоқысқа тастамаған. Оны 2010 жылы ауылға барған сапарымда арнайы химялық тазалауға бердім. 2012 жылы Жаңақорғанда баба атындағы өнер мектебінің директоры Қалдыбай Қошқарбай Әлшекейдің 165 жылдығына орай облыстық күйшілер байқауы өтетінін хабарлады. Әрі бабадан қалған жәдігердің бар-жоғын сұрады. Сосын отбасыммен ақылдаса келе тонды өнер мектебінің мұрайжайына тапсыруды жөн көрдік, – дейді Оңғар Дәнебеков.
Әлшекей Бектібайұлынан тәбәрік тон осылай келіпті. Бізге күйшінің көзіндей болған жәдігер осысымен құнды...