ЕЛ БОЛАШАҒЫНЫҢ БАҒБАНДАРЫ
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты биылғы жылдың 10 қаңтары күні жариялаған Жолдауында: «білім беру бағдарламаларының негізгі басымдығы өзгерістерге үнемі бейім болу және жаңа білімді меңгеру қабілетін дамыту болуға тиіс. 2019 жылдың 1-қыркүйегіне қарай мектепке дейінгі білім беру ісінде балалардың ерте дамуы үшін өз бетінше оқу машығы мен әлеуметтік дағдысын дамытатын бағдарламалардың бірыңғай стандарттарын енгізу қажет» деген болатын.
Иә, күн санап емес, сағат санап өзгеріп отыратын бүгінгі қоғамда адамзат баласы кез келген жағдайға бейім болуы орынды. Әсіресе, ел ертеңі жастардан біздің күтеріміз көп.
Сол себепті, біз балаларымызға мектеп қабырғасына дейін-ақ барынша білім беріп, өмірге деген көзқарасын қалыптастыруымыз қажет. Бұл заман талабы. Осы жолда елеулі еңбек атқарып келе жатқан орталықтардың бірі Арал қаласындағы «Еңлік» балабақшасы.
2014 жылы өз жұмысын бастаған бұл ұжым Жанар Данабаеваның басшылығымен бүгінде іргелі мектепке дейінгі білім беру орталықтарының біріне айналды.
Балабақша меңгерушісі Ж. Данабаева өз сөзінде: – Бала – тым сезімтал, көзімен көргенін бірден қабылдағыш болып келеді. Қазақта «балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» деген аталы сөз бекер айтылмаған ғой. Біздегі тәрбиеленуші бүлдіршіндердің бір үйі осы біздің біздің ұжым. Сондықтан, бала тәрбиесіне аса мұқият болу басты мақсатымыз. Сол үшін де ұжым барынша білімді әрі өз ісіне үлкен жауапкершлікпен қарайтын мамандардан құралған,-дейді.
Десе дегендей-ақ, мұнда жұмыс жасайтын әрбір жанның еңбегі көрініп-ақ тұр. Түрлі байқауларда балабақша бүлдіршіндері дара шығып жүр. Атап айтар болсақ, 2014-2017 жылдары арасында дәстүрлі өткізілген «Тіл болашағы» байқауында тәрбиеленушілердің алдыңғы қатардан көрінуінен бөлек, «Әнші балапан», «Мен және менің тәрбиешім» сынды басқа да жарыстарда жоғарғы нәтиже көрсетті. Тәрбиешілері де аудандық байқаулардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері атанып жүр.
Осынау бірлігі берік ұжым бағасын алып келеді. Балабақша меңгерушісі Ж. Данабаева былтыр Жаңа жыл мерекесі қарсаңында Арал аудандық білім бөлімі басшысының «Алғыс» хатымен марапатталды.
«Бағбанның бағасын дала береді» деген емес пе?! Ертеңгі қазақ елінің бағбандары бола білген «Еңлік» балабақшасының тәрбиешілері жайында ата-аналардың да бағасы бас бармақпен бағаларлық.
Бала – баршамыздың үмітіміз. Ертеңгі күні қалай тәрбие алып шығады деген ой әр ананы мазалары анық. Ал, біз үшін баламыздың тәрбиесіне алаңдауға еш себеп жоқ. Өзіміз көріп жүрміз. Бүлдіршіндерімізге өзіміздей қарайтын «Еңлік» балабақшасы ұжымы мен үлкенге құрмет, кішіге ізет таныта білген Ж. Данабаеваға алғысымыз шексіз, - дейді ата-аналар.
Арал ауданы