Атсейіс
Жалғасы. Басы өткен сенбіде
– Биік төбенің басында тұрып аттың будақтаған шаңынан байқап тұрдым, атты барынша жібергендеріңді. Тұсымнан өткенде көрдім. Атқа отырысың жақсы. Тізгінді жинақтап ұстап, қазықтай шаншылып солай, тіке отыру керек, – деп үлкен кеседегі шәйді үйіріп ішіп, үнсіз отырды. Сейістің сөзінен соң өзім де терең тыныстап, көңілім жайланып қалды. Төртінші кесені төңкеріп ішіп, бет орамалымен терін сүртіп отырып:
– Ертеңгі бәйгеге он екі ат қосылады. Бәрі де жол көрген, жарақты аттар, – деп бесінші кесені оң қолының томардай салалы саусақтарының ұшына отырғызып толғап қойды. Одан әрі:
– Ат екі сағатта отын алады. Соңыра суарып, аттың суын шайқап, кездіріп түнгі отына қоямыз. Ертең қайта суына тиеміз, – деп алдағы істі бажайлатып қойды. Бұл кісі, бар жұмысты өзі біледі. Кемпірі, аты, қорасы, өзі – ауылдың ішінде бір бөлек өмір сүріп жатқан жан секілді. Әшейінде «қойға көмекші», «жантақ шабу» т.б. деп ұрандатып жүретін совхоз белсенділері де бұл үйді айналып өтеді. Сірә, сыбағаларын алған болар. Осылай ой қуалап отырғанымда сейіс:
– Ал, қожа! Үйіңе барып кел. Әке, шешеңе ескерт. Алдағы үш күнге осы үйге қонасың. Жанымда бірге бол! Жаратылған ат ұстараның жүзіндей қылпып тұрады. Сәл нәрседен күйі ауып кетеді. Енді аттың ұйқысын күзетіп, қасы-қабағына қарап отырамыз. Соның бәрін көр, үйрен. «Сенен тәуір атсейіс шығады», – деп қошемет сөзін қайталап, орамалмен маңдайы мен мойнын орай сүртіп, жадырап жайсын отырды...
Үйге келгесін барлығын әкеме баяндадым. Ол кісі сол таспиғын тартып отырып үнсіз тыңдады. Соңында:
– Айналайын, Алла жар болсын! Қартекеңнің айтқанын істе. Ұятқа қалмайық балам!? – деп әкем де сергектеніп батасын берді. Бұл кісінің отырған жерінің барлығы «айналайын» бейбітшілік. Бала кезім. Бірде әкем, бұзықтықтан апамнан таяқ жеп жылап отырған үстімнен түсіп:
– Балам кім тиді? – деп, сұрады:
– Апам ұрды! – деп, шағымдандым:
– Балам, Алла – «өзге шеше» мен «өгей шешенің» таяғынан сақтасын!? Өз шешеңнің алақаны – бал ғой! – демесі бар ма.
Не жыларымды, не күлерімді білмей қалдым. Осы сөзден кейін апам да қол көтермейтін болды. Әкеміз бір ауыз сөзімен анаға да, балаға да ескерту жасаған екен. Кейін анамыз: «Ойпырмай сол сөз, өзегімнен өтіп кетті!» – деп отыратын.
Апам бар киімімді мектепке баратындай өтектеп қойыпты.
– Апа, мынауыңыз не? – десем:
– Атқа мінсең де, тойға барсаң да шатырдай болып жүр. Етігіңді де сүртіп майлап қойдым. Басыңа тағатын орамалың да осында, – деп көрсетіп жатыр. Онымен қоймай қалтама қара тұз салып: «Тіл-көзден сақтайды», – деп пысықтап қойды. «Баласы атқа шапса, шешесі үйінде отырып тақымын қысадының» кері. Сонда да апам қобалжулы. Әр сөзінің соңында: «Құдай сақтасын! Байқа, сақ бол!», – деумен жүр. Өзім Қартекең айтқан: «Ой, құдай-ай! Ортанқолдай жігіт аттан құлайтын ба еді!?», – деген сөзін малданып, «тәуекел» деп тас түйін, дайынмын...
Тәңертең еншімді алып сейістің үйіне келдім. Сейіс қорада екен. Көңілі әлде неге алаңдаулы. Сәлемімді салқындау алды. «Не болып қалды?» – деп жалам-жан Қаракерге қарадым. Ат сол жараған қалпы, шиыршық атып тұр. Сейіс аттың қамшылар жақ алдыңғы аяғын көтеріп, тұяғына үңілді. Жанына тез барып өзім де қарадым.
Сейіс ағаш қырғышымен аттың табанын тазалап, төңкере ұстаған тұяқтың сыртқы шетін ала түскен пышақтың жүзіндей болар-болмас жарықты бармағымен басып, сипай берді. Басын шайқап әлдене деп күбірлеп қояды. Шыдамай:
– Әке, аттың аяғы аман ба? – деп салдым. Ол кісі, аттың тұяғына үңілген қалпы:
– Аман. Бірақ, мына бір жарық кеуіліме ұнамай тұр. Анасы кәрі бие еді. Кәрі биенің құлынының тұяғы кеш жетіледі. Басқа құлындар қарақұлақ болып, тұяғы қатып кеткенде, бұлардікі шеміршек болып сүріліп, «қазтабан» болып қалады. Қазтабан аттың тұрасы ұзақ шабыста қатты жерге тез тиеді. Оның үстіне су кешіп, көлтабанға жайылған мал. Тұяғы жұқа, азғақ келеді. Бұл аттың да, бойындағы бар кемістігі сол. Мына жарық ертеңгі шабыста күш түсіп тұяқтың ақкірішіне өтіп кетпесе, Қаракер малдан қорқамын деп тұрған жоқ!? – деп аттың аяғын жіберіп, еңсесін көтерді. Аттың шоқтығынан бастап арқасын сипап өтіп, сыртын айналып құйрығын көтеріп, оң қолын сан етінің арасына тығып көрді. Өзім де, «Ух!» – деп дем алдым-ау. Көңілімнен күдігім сейіліп, күнделікті жұмысымызға кірістік...
Ертең ат шабады деген күні, жұмыс қызды. Сейістің де мазасы кетті. Өз ойыма әзір бәрі жақсы. Аттың таңертеңгі суын шайқап, кездіріп әкеліп отқа қойдық. Кешке атты кездіріп қораға келсем, сейістің дауысы көрші Ақберген ағамыздың үйі жағынан шығып жатыр. Әйел адамның дауысы аралас, Қартекең:
– Көңірсітіп далаға от жақпаңдар! Түтіні атқа шалқиды. Бір күн нан жемей, сүт ішпесеңдер, аштан өлмейсіңдер! – деп қырғынды салып жатыр. Ой, Алла-ай! Шиеттей бала-шағалы жан, от жағып, ас ішпей қалай отырады? Ақылға сыймайды!? Бұл кісінің басқа жерлерге барып ат қосқандағы қылықтары, Әбентайдың айтқанынан ойыма түсіп, өзімнен-өзім қораның ішінде рахаттанып күлдім-ау. От қайда, ат қайда?!
Сейіс көршілерді айналып, қолында таяғы бар, ентігіп, елеуреп қораға келді. Күлкі тастай тыйылды. Атты жеңілдеп, далаға шығарып ашағына қаңтарып қойдық. Ат керіліп сиіп, шылбырдың ұшынан айналып таза жерге тұрды. Кешкі ымырт мезгіл. Аспандағы күн қара жерге бауырын төсеп, қызыларай құрсауланып, нартөбенің үстіне арытқан алтын шаңырақтай әдемі орнықты... Әне-міне дегенше, сексеуілдің шоғындай қарақошқыл талаурап, қоламтасы сөнер-сөнбес уақытына таяды. Қаракер батар күннің сәулесіне шомылып, кекілін баяу желпіп, басын екшеп, артқы аяғын суытып, жусап тұр. Ауыл-үйде мүлгіген тыныштық орнады. Арқамды қабырғаға сүйеп, Қаракерге қарап отырмын. Ой, он тарау. Ертең бәйге. Сейіс сатұр-сұтыр еткізіп, талдан арса-арса қылып жасаған атқораның есігін жауып, атшабар ерді көтеріп үйге қарай келе жатыр. Екі жағына аударылып-төңкеріліп жүреді. Сірә, кәрілік шығар, оны үйдегі әкемізден көріп отырмыз... Жұмагүл апай, шәй-су қамымен жүр. Сейіс қасымнан өте бере:
– Әй, қожа! Үйге жүр. Істейтін іс бар?! – деді. Орнымнан атып тұрып, ішке бірге кірдім. Ауызғы бөлмеге жайғасып отырған сейіс, ерді алдына алып екі жонасын ағытып қолыма берді. Кішкене ағаш қобдидан тебен мен тарамыс шығарып:
– Жонаны айналдыра тігіп шық. Ескі тігісін сөгіп таста. Мынау – біз! – деп тапсырма берді. Дәл осы жұмысқа, қолым өте жүрдек болатын. Үйде кілең ер баламыз. Доп ойнап аяқ киімді шақ келтірмейміз. Үлкен ағайым Серік өте шебер жан, өзімнен төрт жасы үлкен. Сол кісі барлық аяқ киімімізді тігіп беретін. Бір күні, қолыма тура сейіс секілді, бар аспапты берді де:
– Ал, енді, өзің тігіп ал! – демесі бар ма. Ол кісі қалай айтады, солай болады. Содан бері бұл жұмыс маған таңсық емес. Оған қоса, үйдегі әкемнің есегінің тартпасын, бұзаудың ноқтасын тігу, т.б. жұмыстардан шаршамаймын. Сапасының қалай екенін кім білген, өзімізге жарайды.
Сейіс ерді сүртіп, майлап отыр. Әне-міне дегенше тапсырмасын орындап алдына қойдым. Сейіс қос жонаны қолына алып, бір құлағын жіппен тартып іліп қойған көз әйнегінен астын-үсті, аударып-төңкеріп көріп, сосын көз әйнегінің үстінен ежірейіп маған қарады да:
– Әй, кемпір! Мына қожаның қолының месекері бар екен. Менің мәсімді әкел! – деп, дауыстады... Ұлтаны үзеңгіліктен сөгілген екі мәсіні де, су бүркіп жібітіп отырып, тігіп болдым. Сірә, атқа мінген-түскенде үзеңгі жеп қойған-ау деп шамаладым. Сейіс, мәсіні айналдырып көріп, мырс етіп күліп, іргеге тастай салды. «Қап! Дұрыс болмады-ау!», – деп қысылып қалдым. Сосын:
– Қожаның талабы жақсы-ы-ы! – деп орнынан тұрып далаға беттеді. Одан әрі:
– Атты отқа қоятын уақыт болды, шәй-суға сосын отырамыз, – деді. Есік ашылғаннан Қаракер оқыранып, шылбырын айналып, жер тарпи бастады. Босағада ілулі ат дорбаны алып, ере шықтым. Бір сағаттың көлемінде, атқа жем қақтырып, отқа қойып болып үйге кірдік.
Дастарқан басында сейіс әдетінше асықпай шәйға қанығып алып, әңгімені ертеңгі бәйгеге бұрды:
– Қожа бала, біліп ал! Ертеңгі бәйгеден дәмелі – бізден бөлек үш ат бар. Саған тапсырма, сол аттар басты назарыңда болсын! Сол үш аттың ізіне салып отыр. Озба, қалма. Қарақшы көрінгенде барып, атты ағытып жібер. Аттың күшін сарықпай отыр. Бірі – Кеген Кете Балшынның Кер аты. Арғымық шатыс, будан мал. Көшелі, жылқыдан бөлек, жүйрік ат. Егесі – Балшын, белдеуінен жүйрік ат кетпеген, аттың тер-суын толық айыратын, сейіс адам. Былтыр күзде Киікшінің басындағы бәйгеде, алдыңға мінер жақ аяғын қақтырып алып еді. Егер сол кінараты ұстамаса, дәмелі аттың бірі – сол. Атшабары – өзінің кіші баласы Олжабай. Олар атқа шауып ысылған, қутақым балалар, –деп, асықпай аузына ащы кәмпиттің жаңқасын атып жіберіп, малдас құрған қалпы, шынтағын дізесіне тіреп қолындағы кесені толғап отыр. Келесі атты білгім келіп, тұғырдағы балапан құстай сейістің аузын бағып, қабағын аңдып, жұтынып отырмын. Ол кісі, асығатын емес. Кеседегі шәйді шұрқыратып қайырып, иіріп ішіп отырып, әлде-е-ен соң:
– Келесі ат – Дөсек Мырқының Шағыры. Ол Сарбұлақта Аспанның Кедей аталығынан Әли, әкесі Омарға ас бергенде бару-келуі 100 шақырымнан жалғыз келген, Мырқының Үлкенторы атының бел баласы. Ол Торы ат бүгінде, Сойырғас Тәукенің қолында. Құда болып, қалап алды. Шағыр қолтума, таза қазақы жылқының қарабайыр тұқымынан шыққан мал. Бұл мал, ертеде жауға мінетін, сауыт қабырғалы, шоқтығы биік, құйма тұяқ, мұзбел жылқының ерекше тұқымы.
Бір түп жусан – азығы, бір түп жусан – қазығы, екі түп жусанмен басыңды жаудан құтқаратын, күй таңдамайтын, жылқыда сирек кездесетін мал. Бұл тұқым қазір құрыды. Совхоз үйір-үйірімен етке айдап, тұқымына тұз етті. Бұл аттар, жаратуын тауып, күйіне түссе, өлімге айдасаң да кете береді. Мырқының өзі жастай атқа шауып, кешегі үлкен сейістерді көрген, аттың бабын білетін – аз адамдардың бірі. Шағыр биыл бесті. Жас мал – деп, шәй ішуге кірісті. Ұзақ түн. Жыланның арбауына түскен торғайдай, дастарханның шетінде, сейіске қарама-қарсы қозғалмай отырмын. Сейіс, көзінің астымен маған жылан көзін жылт еткізіп қарап қойып:
– Одан кейінгі ат: – Қазалының Сарбұлағынан келетін Әлидің Торы атынан туған, Ақжамбас. Бұл ат – ішкі жұрттан келген, Төрткүл жылқысының тобындағы мал, – деп кесені төңкере ішіп болып, кемпіріне қарай шиырып жіберді. Бұл, шәйді ішіп болғаны. Бетін сипап, ас қайырып, орамалымен терін сүртініп отырып әңгімесін әрі жалғады:
– Торы ат Түрікпеннің Шашты деген жылқысының тұқымы. Бұл да жаугершіліктің малы. Қызыл көз, ашықса үстіндегі адамын турап жеуден тайынбайтын малдың тұқымы. Сарбұлақтағы Есім Бегалының Қарақасқа аты мен Әлидің Торы аты Алматыға барып басқа мемлекеттің аттарымен бәйгеге қосылған жүйріктер. Бегалының Қарақасқасы атақты Жылқайдардың Қара атының тұқымы еді. Жылқайдардың өзі 28-жылы, «бай талауға» түсіп, айдалып жоқ болып кетті. Жылқайдардың Қара аты қолтығында тынысы бар, талақсыз жүйрік ат болды. Оны көзіміз көрді. Кейін колхоздың жылқысына қосып бір-жар тұқымы қалды. Әлидің Торы аты Өзбекстан, Қарақалпақты адақтап шауып жүрген ат. Әли құмар ойынын қойып (карта) бірыңғай атқа қараса, Торы атқа жылқы жолдас бола алмайды. Қосқалы отырған Ақжамбас сол атақты торының баласы. Сейтжан деген баласы шабады. Ол да пысық, тісқақты бала, – деп бір қойды. Одан әрі:
– Сосын бір ат бар. Ол, Қасай Күзембайдың Кер аты. Жылқышы, Киікбайдан шыққан мал. Бұл да, таза будан тұқым. Қаны, қарабайыр мен түрікпеннің ақалтекесінен түскен, келісті мал. Жорға-жүрмал жүрісі бар. Бұл да бірінші қосылғалы тұр. Оған Қоңыртай Шәмшаттың баласы Әмзебек шабады. Ол біздің Кер аттың атшабар баласы еді. Бұл аттың бір-екі жерде аяқ алысын көрдім, егер күйтіне түссе бәйгеден ол да құр қалмас, – деп тоқтады.
Одан әрі:
– Мына, Әйтпенбеттің Торы аты тентек жылқы. Жүйрік мал. Майлыөзектегі Ұлықтың Үлкен торы атының баласы. Бұл қалайда осы жолы құр қалмас. Баласы Әбентай да әккі шабандоз, – деп, тоқтады.
Сол кезде, апай:
– Қожа баламен екеуіңізге төсекті далаға сәкіге салып қойдым, – деп, басқа тіршілігіне кірісті. Сейіспен ілесіп далаға шықтым. Ат айдың жарығымен жусап тұр екен. Сейіс:
– Ат отын алып болыпты. Енді шамалыдан соң, ұйықтайды. Сен төсекке жатып демал. Ертең ерте тұрамыз, – деп өзі атқа қарай кетті. Жастыққа басым тигені сол, ұйқтап кетіппін. Өзімнен-өзім ояндым. Таң құлан иектеніп келеді екен. Тез тұрып киінбек болып жатыр едім, сейіс сыбырлап:
– Жата тұр! Ат жаңа ғана ұйқтады – деп, сәкінің ернеуіне отырды. Төсегіне қарасам, қыры бұзылмай сол бойы тұр. Бұл кісінің түнімен ұйқтамағанын білдім. Он-он бес минуттан соң-ақ Қаракер өре түрегеліп, дүр-дүр етіп сілкінді. Қауырт тіршілігіміз басталды. Сейіс аттың үсті-басын тазалап, жал-құйрыған тарақтап соңғы дайындыққа кірістік. Қалтасынан қызыл шүберек алып, таспалап жыртып аттың жалын өре бастады. Аттың ауыз омыртқа тұсынан төмен қарай мінер жағына қызыл шүберекпен араластырып, тарау-тарау салалап өргенде аттың мойны қаздай иіліп, көзі жайнап шыға келді. Аттың құйрығын үш айырып салалап, қатты өріп қойып, жоғарғы құйысқандығына жақын екі жерден қызыл жіппен буып тастады. Кекілін тіке тұрғызып, түбінен байлап, бекітіп қойды. Қаракер ертегідегі қанатты аттардай, құлпырып кетті. Дене, сымбатына көз тоярлықтай еді. Сейіс тоқымы мен желдікше жабуын жауып, белін тартып, атқа дорбадан қос уыс жем қақтырды. Алдыңғы қамшылар жақ аяғын қайта көтеріп, тағы қарап өтті. Сосын, атың дорбасын алып үйге беттеді. Таңғы шәйға отырдық. Сейіс соңғы тапсырмаларын пысықтады.
– Ал, қожа бала, бүгін атты Тектұрмастың жолымен айдайды. Бару-келуі – елу шақырым жерден қайтарады. Жол өзіңе таныс. Ат айдаушыға тапсырып жіберемін. Қайтар жерде аттың төс тартпасын бекітіп, тарттырып ал. Қатарға қойғанда жел бетке тұр. Қаракердің екпіні қатты мал. Мықты отыр. Ал, дегенде түсіп қалып жүрме. Ізіңе тақап ат салдырма. Аяғын шауып тастайды. Бағанағы айтқан аттар назарыңда болсын. Қазір сағат оннан қалдырмай атты айдатамыз. Далаға шығып, әбден жеңілдеп ал. Шәй ішпе. Бір кесе қатыққа нан турап жеп ал. Сол болады.
Сонымен сейіс далаға шығып, атты ерттеуге кірісті. Күн көтеріліп қалды. Аттың бастырық жабуын жауып, ерттеп болып, жүгендеп қаңтарып қойды. Қамшыны ердің басына ілді. Өзім де апам дайындап берген киімдерді киіп, басыма тартатын орамалды не істерімді білмей тұр едім, сейіс:
– Оны былай тартасың, – деп үш бұрыштап, ортаңғы бұрышынан түйіп басыма дулыға жасап берді. Әне-міне дегенше ат шабатын уақытта таяды. Жұрт Бәйге төбеге жиналып жатыр. Жүрегім дүрсілдеп, атқа мінгенше асығып жүрмін. Көшемен бір топ атты жортып өтті. Қаракер басын көтеріп алды да, қойды. Сейіс қосар атын ерттеп болып, Қаракерді суаруға бұлаққа апарды. Ат, суды өз өлшемімен ішті. Сосын сейіс:
– Ал, айналайын! Пешенеңді Алла ашсын! – деп бата беріп, шынтағымнан сүйеді:
– Әумин! – деп атқа міндім. Бәйге төбеге қарай жорытып жөнелдік. Қаракер жеңіл жортып, басы жібектей есіліп, тізгінді қалай қақсам солай, су бетіндегі қайықтай жылжыды. Жануар құлағын қайшылап, бір шекелеп көсем жортып келе жатыр. Төбеге жан-жақтан бәйге аттары жиналып қалған екен. Біз, шығыс жағынан келіп, жұрттан оқшау тұрдық. Сейіс жорытып топтың ішіне кіріп кетті. Атты кездіріп жүрмін. Ойда үш ат кездіріп жүр. Бәрі жабулы, тек аттың тұмсығы, құлағы мен тұяғы ғана көрінеді. Біздің ат та солай. Көп кешікпей:
– Бәйге аттарын шығарыңдар! – деген Бас тоғашының айқайы шықты. Сейіс шауып келіп, аттың жабуын алып, жалғыз тоқыммен тартқан атшабар ерге қайта отырғызып:
– Ал, кәне жүр! – деп алдыма түсіп жорта жөнелді. Ойдағы жиналған бәйге аттарына келіп араластым. Көзіммен аттарды тез шолып өтіп, сейістің айтқан аттарын да шамалап алдым. Бәйге аттарының саны он бес болды. Жүзіктің көзінен өткендей жал-құйрығы өріліп, жаратылған аттар бірінен-бірі өтеді. Ат айдаушы болып үш адам бекітілді. Солардың біреуі Әділбек Қайроллаев ағамыз екен. Ол кісі – біздің сейістің інілері. Сойырғас Кете аталығынан. Сейіс сол кісіге мықтап тапсырды. «Ат айдалсын!» – деген айқай шығуы сол, үш айдаушы аттарды алдына салып қуып ала жөнелді. Бұрқ етіп шаң көтеріліп, бәріміз ақ киіктей аттарды ойнатып шыға келдік. «Қаракер» өзінің таныс жолымен алдын бастап, сүзе ұмтылды.
Қапталыма Шағыр мен Күзембайдың Кер аты ере шықты. Арындап, арттағы аттар жолға сыймай, балалар шуласып бірін-бірі боқтап, балағаттап келеді. Ат айдаушылар ештеңеге қарайтын емес, сыпыртып, тықсыра қуып келе жатыр. Қаракер құлағының түбі жіпсіп, омырауынан тер шыққасын тізгінді сүзіп, басын екшеп, бауырын жазып жортақтай түсіп, текіртіп келеді. Кер атқа мінген Әмзе қапталдап келе жатып:
– Алмас, Қартаңбай сейіс Қаракерді бабына түсірген екен, менен қалмай отыр. Құдай қаласа атың бүгін бәйге тістейін деп келе жатыр! – деп, көңілдендіріп қойды. Тізгінді қысып ұстап, жон арқам жалданып:
– Рахмет! Өзіңе де, ат бәйгелі болсын! – деп қойдым. Әмзе өзімнен екі жас үлкен, аттың құлағында ойнайтын, нағыз шабандоздың өзі. Сатырлаған аттың тұяғы, мыс тақырға түскенде тіпті ерекше естілді. Артқы жақтан ат айдаушылардың «жүр-жүр!» – деген әмірлі дауысы шығып келе жатыр. Денесі қызған аттар, әртүрлі мінез көрсетіп, ала қашып, жұлқып келеді. Жол өте ауыр. Асу құм, қарсы қабақ, кешпе топырақ, сор табан кебір, сексеуілді, жыңғылды табан, қырық өрім қума жол, індігеш қабақ, сексеуіл төсеген ор, мәшине қазған қаптал жол, көк аяз тақыры – табан жол, т.б. қияметтің жолындай көрінген Қызылқұмның қойнауын жебедей жарып, жау қуғандай жортып келеміз. Аттардың тұяқ дүбірі мен танаулата пысқырған дыбысы ғана естіледі. Тізгінге қаңтарулы Қаракер танадай көзін төңкеріп, шекелеп, төрт аяғын топтап тастап, еркін келеді. Тектұрмастың бұлағы арта қалды. Күн тастөбеге келгенде қайтатын жерге де жеттік. Қос тұрбаның тақыры ортасындағы тегістік табанға жетіп, аттың басын бір-ақ тарттық. Заматында атынан түскен Әділбек ағаның алдына барып, атпен көлденеңдеп тұра қалдым. Ол кісі де шалт аттың асырмасын ағытып, төс айылымды қайта мықтап тартып берді. Жедел жел бетке өтіп атты кездірдім. Бір балалар аттан түсіп, жеңілдеп жатыр. Аттар шұрқырап, жер тарпып шыдатар емес. Ат айдаушылар сапқа қойып, әуреленіп жүр. Алқалап итерісі сапқа тұра бастадық. Қаракер құлағын қайшылап, төрт аяғын жұптап басын екшеп тұр. Жел бетінен орналастым. Енді: «Ал пешенелеріңді Алла ашсын!» – деп, бата беріп, сосын жібереміз деп тұрмын. Айтқандай-ақ, ат айдаушының үлкені Көнек Әлиакбар ағамыз қолын жайып:
– Ал, – дегенде батаның аяғына қарамай аттар орнынан атылды, Қос қолымды жайып бата тілеп тұрған өзім, бірден ерден ұшып, аттың сауырына түстім. «Қап, сопылық не теңім ед!?», – деп пішайман болып келемін. Қолым дізгінде, оң аяғым үзеңгіде, оң қолыммен ерден ұстап, ерге қайтып мінейін десем, Қаракердің екпінінен бас көтеру мүмкін емес. Сол аяғым үзеңгіден шығып кеткен, күш алалмай келемін. Аттың ағыны мұндай қатты болар ма?! Алдымдағы аттың тұяғынан ұшқан топырағы мылтықтың оғындай тиіп, бас көтертпейді. Сол қолымда орап ұстаған тізгінді қатты тартып, ерге мінуге әрекет жасадым. Сол кезде оң білегімнен біреу қатты қысып, көтеріп, ерге отырғызды... Ересек адамның қолы екенін сездім. Қайырылып қарап, бораған аттың шаңынан ешкімді көрмедім. Ерге отырып аяғымды үзеңгіге тірегеннен кейін, көңілім орнықты-ау!? Аттың тұяғына түсіп туралып кете жаздадық. Құдай сақтады! Жан-жағыма қарасам, алдыңғы топпен келе жатқан, алты ат екенбіз. Алдымда Әлидің Ақжамбасы мен Әмзе мінген Кер ат қабырғаласып егесіп бара жатыр. Қапталымда керегедей керіліп, сулықты шайнап Олжабай мінген Кер ат құйындай дөңгелеп келеді. Ізімді басып, Әбентайдың Торы аты келе жатыр. Қалғаны да үздік создық, аттардың арасы ашылып келе жатқан секілді. Қарсы қабақ, қия құмды тыңдамай аттар өте қатты келе жатыр. Қаракер сулықты керіп, кешпе құмға келгенде төрт тұяғынан топырақты уыстап атып, айызды қандырып, қарыштап ұмтылады. Сол алты ат, тобымызды жазбай Тектұрмастан өттік. Алда Тампының бұлағы. Қарақшыға алты-жеті шақырым жер. Жолы машина жүріп, тапталған көк аяз, мыстай тақыр, екі шеті сексеуілді, бұталы биік төбе. Тақырлы ойға түсе бергенімізде, артымыздан ат айдасып барған Бақтияр ағамыз матасекілімен қаптал жолмен гүр етіп өте шықты. Алда келе жатқан Ақжамбас басын алып қашып, үркіп, жолдан шыға жөнелді. Тампыға келгенде бәріміз де атты қоя бердік. Суырылып алдыға Кер атпен Әмзе шықты. Ізін ала Балшынның Кер аты ілесті. Оның өкше ізінен Әйтпенбеттің Торы аты, Солардан соң Қаракер мен Шағыр қатар келеміз. Мыс тақырдағы аттың тұяғының дыбысы, қара тасқа таңба ойғандай шақылдап келеді. Қарақшының төбесі көрінді. Қаракерді тепсініп барынша ағыттым. Шағыр қарыс-сүйем қалмай келе жатыр. Қарақшыға жарты шақырым қалғанда Қаракер өзінен-өзі баяулады. Шағыр алдыға шықты. Жалма-жан аттың аяғына қарадым. Қаракердің қамшылар жақ алдыңғы тұяғындағы сейістің қауіптенген жарығы ашылып, қан шашып келеді екен. Қарсы шауып Қартекең де қапталыма келіп қалды.
– Қожа бала, көп қинама, еркіменен өтсін – деп қарақшыдан өттік. Аттан секіріп түсіп аттың тұяғына қарасам, жануар тілі жоқ болғасын шыдап тұрған шығар, көзіме жас келді. Сейіс атты жетектеп, кездіріп кетті. Ат аяғын сылтып бара жатыр. Ізінен жүгіріп ере жөнелдім. Сол кезде, Қаракердің жабуларын өңгеріп, атпен Әйтпенбет ұста келіп (сейістің күйеу баласы):
– Ал, ақсақал Көзайым болдыңыз. Құтты болсын! – деп, жатыр. Сейіс:
– Өздеріңе де құтты болсын! Аттың аяғын көріп жібер, – деп кідірді. Ұста, аттан түсіп, Қаракердің қарсылығына қарамай алдыңғы аяғын көтеріп көріп:
– Ештеңе қылмайды. Қазір кездіріп, қораға апарыңыздар. Екі жерден үстінен бүрме салып, мыс тағамен тұяғын айналдыра қаусырмалап, таңдайлатып тағалап беремін, бітіп кетеді, – деді. Бойым жеңілдегендей болды. Сейіс аттың жабуын жауып, өзімді атқа мінгізіп:
– Кездіріп, қораға бара бер. Мен де жетемін – деп, топқа қарай кетті. Қораның аузына келіп тоқтағанымда, соңымнан бір қой бәйгесін өңгеріп сейіс те аттан түсті. Бірге келген Әйтпенбет ұста аттың тұяғының өлшемін алып, үйіне кетті. Атты көлеңкеге қаңтарып. Үйге кірдік. Жұмагүл апай:
– Айналайын, Алмасжан құтты болсын! Әкең мен екеуіңнің еңбегіңнің қайтқаны ғой. Атың бәйгелі болыпты! – деп, қуанып жатыр. Жуынып дастарқан басына отырдық. Сейіс:
– Ат аман, бала аман келді, шүкір! – деп, қысқа қайырып кесеге қолын созды. Өзім болсам іштей, айыпты адамдай сезініп отырмын. Кезекті үш кесе шәйін ішкен соң, сейіс:
– Қожа бала, жақсы еңбектендің. Атқа да жақсы шаптың. Қаракердің туымының кемісі жоқ мал, тұяғы шыдас бермеді. Енді үйірге жараса болар, – дегенде, ішімнен жалын шыққандай дем алдым. Сол кезде үйге ұста кіріп:
– Аттың аяғын, тағалап қойдым. Енді кездіріп, кешкі суына қорықпай тие беріңдер, – деп, дастарқаннан нан ауыз тиіп шығып кетті. Ұстаның Әбентай шапқан Торы аты бәйгеден үшінші келді. Бірінші Әмзе шапқан Күзембайдың Кер аты келді. Екінші Олжабай мінген Балшынның Кер аты, төртінші Мырқының Шағыры, бесінші болып біз өттік. Сейіс:
– Жаңа бәйге беретіндерге барсам, біздің аттың бәйгесіне ешкі аласыз, – дейді.
– Өй, әкең... мүйізін қақайтып оны не қыламын?! Мен қой аламын! – деп, Мырқының бәйгесін тартып алдым:
– Қартеке ешкіні де қоса ал! – деп, Мырқы күліп жатыр...
– Ешкісін кәйтейін. Қойға соңыра үлкен қожаның батасын аламын, – деп, қояды. Жұмагүл апай көзінің астымен маған қарап, бетін шымшып қойды. Өзімді де тығылып, күлкі қыстап отыр. Баладай ақ жүрек сейіс, ас қайырып далаға шықты. Қаңтарулы тұрған "Қаракердің" тұяғын көтеріп көріп, басын шайқап:
– Қап, осылай тағалатып жіберетін едім ғой! Әй, әттеген-ай, өзімнен болды-ау!? – деп санын ұрып қалды. Ұста, оймақтай қылып тағалап, жарылған жерден екі бүрмемен шегелеп, сынған тұяқтың тұсынан қарама-қарсы қайырма құлақ салып қысып тастапты. Ұстаның шеберлігіне таңғалдым. Атты мініп қайтадан кездіріп келіп, кешкі суына тиіп барып отына қойдық. Ат аяғын ауырсынбай келді. Осылайша Қаракердің жорығы аяқталды... Сейіс секілді өзімнің де, «Әттегенайым!» ішімде қалды. Ендігі мақсат: «Қалайда – ат жаратып оздырамын!» – деп шештім.
qarmaqshy-tany.kz