ТҰРМАҒАМБЕТ АУДАРҒАН «РҮСТЕМ-ДАСТАН»
Әлем әдебиетінің асыл қазынасы саналатын Ә.Фирдоусидің «Шаһнама» дастан-эпопеясының бір саласы «Рүстем-дастан» жырының қалай аударылғаны туралы ардагер-журналист Рашид Жарылқасыновтың «Рүстем-Дастан» қалай жазылды?» атты мақаласын біз оқырман назарына ұсынған болатынбыз. Бірінші тамыз күні «Тұрмағамбет аударған Рүстем-Дастан»....
Ал екінші тамызда «Рүстем-Дастан» қалай жазылды?» ... тақырыбымен берілді.
Бүгінгі «Тұрмағамбет аударған Рүстем-Дастан» мақаласы соның заңды жалғасы.
Ал екінші тамызда «Рүстем-Дастан» қалай жазылды?» ... тақырыбымен берілді.
Бүгінгі «Тұрмағамбет аударған Рүстем-Дастан» мақаласы соның заңды жалғасы.
...Тұрмағамбеттің «Шаһнама» негізінде жазылған «Рүстем-Дастаны» қазақ тіліндегі тұңғыш аударма ма?
«Шаһнаманы» бірінші болып қазақ тілінде жырлаған Ақмешіттен шыққан Ораз молда болатын. Ол Кеюмарс пен Кей-Хосроу аралығын жырлап, ұлы дастанның басты қаһарманы етіп Рүстемді алған. Ораз молдадан соң Сердалы ақын «Қисса-и Рустам» деген атпен жазған шығармасын 1888 жылы Қазан баспасынан басып шығарады. Одан кейін тағы бір қазақ ақыны, публицист Мұхамеджан Сералин В.Жуковскийдің орыс тіліндегі аудармасынан алып, «Рүстем-Сохраб» деген бөлімін қазақшалап шығады. «Шаһнаманың» қара сөзбен жазылған аудармалары да бар. Әрине осылардың барлығы да өз дәрежесіндегі толымды аудармалар емес еді.
Кезінде Тұрмағамбеттің аударма саласындағы еселі еңбегі тиісінше бағаланған жоқ. Оны көрнекті қаламгерлер де мойындаған болатын. Білікті тіл маманы, академик М.Қаратаев былай деп ой түйіндепті: «Мен былай дер едім: егер Тұрмағамбет «Шаһнамадан» басқа ештеңе жазбаған болса, соның өзінде де біз оны үлкен ақын деп танып, оның осы «аударма» іспетті еңбегін «қолтума» деген жасық шығармалардан жоғары бағалауымыз керек дер едім».
«Рүстем-Дастан» ақынның көзі тірісінде жарық көрген жоқ. Ақын жазықсыз жазалауға ұшырап қудалауға түсті. Сол бір қиын-қыстау кезеңдегі ауыр жағдайды Тұрмағамбет ақын өз өлеңінде былайша суреттеп жазады:
- Қалайда қапыда өтіп кетем бе деп,
Кітабын «Шаһнаманың» еттім ермек.
Өлеңмен онбір буын он ай жазып,
Бітірдім басым сипап, шаршап-терлеп...
Үкімет ескеріп бұл еңбегімді,
Пенсия бұйырып ед, бұған бер деп,
Айына онда үшжүз аласың деп,
Қолыма берді қағаз жазып мөрлеп.
Бұлары ойынындай боп балалардың,
Отырмын түзеу үйде енді шерлеп.
Саяси зобалаң салдарынан жазалау, қудалауға ұшыраған ақын ақыр соңында қыруар еңбегінің ақадал ақысын да ала алмай «түзеу үйіне» түсіп, сондағы көрген ақырет азабы салдарынан елу алты жасында дүние салды.
Сонымен Тұрмағамбет Ізтілеуұлы қазақшалаған «Шаһнама» баспа бетін көре алмай, тұп-тура ширек ғасыр бойына қалтарыста жатып қала береді. Ақынның қырық бес дәптер қолжазбасын шашау шығармай сақтап, көрегендік таныта білген бәйбішесі Биғаның жанкешті еңбегі қалай айтса да ерлікке бара-бар іс.
1960 жылы Тұрмағамбет тәржімалаған «Шаһнаманың» «Рүстем-Дастан» деп аталатын саласы М.Әуезовтің алғы сөзімен 70 мың таралыммен шығып, оқырманмен қауышқан еді...
Дастанның алғысөзін ұлы жазушы былайша қорытыпты: «Қазақтың кейбір ақындары «Мың бір түн» ертегілерінен алып жыр-дастан жазатын. Мына тұста да Тұрмағамбет тәжірибесінен біз сондай еңбек мысалын көреміз. Сонымен Рүстемнің жайы туысқан тәжік әдебиетінің ұлы классигі Фирдоусидің «Шаһнамасынан» тікелей жасалған аударма демейміз, сол Фирдоуси үлгісімен халық ақыны Тұрмағамбеттің өзі өлең етіп жазған Рүстем жөніндегі дастанның қазақша варианты дейміз». Керемет баға!
Ұлы тұлғалар бірін-бірі қайталамайды. Бірақ олардың ой-мүдде ұқсастығы мен рухани жағынан тым етене жақындығы даусыз ақиқат. Мен Фирдоуси мен Тұрмағамбеттің өмір жолына зер сала отырып, осындай ұқсастықтың нышандарына анығырақ көз жеткізгендей болдым.
Мәселен, Фирдоуси өзінің ана тілінің саф тазалығына жан-тәнін сала көңіл бөліп, парсы тілін қайта түрлентсе, Тұрмағамбеттің де өлең өнеріндегі сөз қолданысынан оның қазақ тілінің тазалығына аса жауаптылықпен сергек қарағанын сезінеміз. Фирдоуси көп Құдайшылыққа қарсы болып, тақұттық жолды қолдаса, Тұрмағамбет те Жаратушының бірлігіне кәміл сеніммен қараған.
Осы тұрғыда мына әңгімені тілге тиек етелік, Тұрмағамбеттің туған жері Ақтайлақта сызба жазулармен таңбаланған (сірә, руникалық жазу болар) бір балбал тас болыпты. Оған адамдар тәу етіп, әлгі тасқа шүберек байлап кетуді әдетке айналдыра берсе керек. Халықтың осы қылығына қатты налыған ақын: «Пұтқа, отқа табыну – көп Құдайшылықтың көрінісі» деп кесімді сөз айтады да белуардан жер қаздырып, таңбалы тасты көмдіріп тастайды. Осының өзі-ақ ақыннаң Жаратушының бірлігіне деген кәміл сенімін айғақтай түспей ме?!
Ең ақырында айтар болсақ, екі ұлы тұлғаның тағдыр ұқсастығы да таңқаларлық жағдай. Нәсілі тұрандық Иран патшасы Сұлтан Махмуд Фирдоусидің ақындық дара еңбегін бағаламақ түгілі, «Шаһнаманы» қолына алып оқымапты да. Сірә, оған дастанда парсылардың ата-бабаларының асыра дәріптелгені ұнай қоймаса керек деген пікір айтады кейбір зерттеушілер. Қудалауға ұшыраған Фирдоуси өмірінің соңында қайыршылық күн кешеді. Әйтсе де өз кінәсін кеш түсінген Сұлтан Махмут қол астындағыларға ақынға 60 мың динарды апарып беруді бұйырады. Алтын артқан керуін Тус қаласының қақпасына ене бергенде данышпан ақынның мүрдесін ақырғы сапарға шығарып бара жатқан топпен ұшырасып қалады.
Тұрмағамбет ақынның өмірі де дәл осыған ұқсас. Ол да өз еңбегінің жемісін көзі тірісінде көре алған жоқ. Қайта қудалауға ұшырап, жазықсыз жала отының азабын аяусыз тартты. Иә, қос дананың өмірлеріндегі осындай ұқсастық бас шайқалтпай қоймайды. Дүниенің жолы – шартарап. Солай болған соң да өмірде мұндай ұқсастықтар (әлде кездейсоқтық дейміз бе?) бола береді. Асылында осы кездейсоқтық дегеннен гөрі жазмыштың жолы десек, бәлім дәлірек пайым болар.
Қалай айтсақ та даналардың рухы өлмейді. Ол мәңгі шамшырақтай алаулап жанып, ұрпақтарының жадында жаңғыра түспекші.
Дана ақын, дара тұлға Әбілқасым Фирдоусидің мәңгі өлмес ұлы дастан-эпопеясының бір саласы – «Рүстем-Дастан» қазақшалаған Сыр шайырларының атасы Тұрмағамбет ақын жайлы әңгіме-баянды аяқтай келе, сөз әлқиссасын Тұманбай Молдағалиев ақынның бір шумақ өлеңімен қайырғанды жөн санадым.
«Күй жанып, көкірегінен күйік қашып,
Елінің ерке ұлдарын сүйіп, тасып.
«Рүстем-Дастанымен» Тұрмағамбет,
Барады Фирдоусимен иықтасып».
/Соңы/
Рашид ЖАРЫЛҚАСЫНОВ,
Қармақшы ауданы