ТҰРМАҒАМБЕТ АУДАРҒАН «РҮСТЕМ-ДАСТАН»
Қармақшының «Ақтайлақ-кезең» деп аталатын ежелгі елді мекенінде туып-өскен Тұрмағамбет Ізтілеуұлының балалық дәурені оқу, ізденумен өткен еді. Ауылдағы молдалық мектептен сауат ашқан ол 14 жасында Бұқара шаһарындағы медресеге оқуға аттанады. Мұндағы оқу балалықтан бозбала шаққа өткен шәкірттің дүниеауи көзқарасын қалыптастыруда үлкен өзгерістер жасағаны даусыз. Сондағы оқудан терең білім алып, ауылға оралған соң, өзі жинаған бай кітапханасындағы дүниелермен шәкірттерге дәріс бере бастайды.
Білімдар жас ұстаздың қолында арабтың «Мың бір түн», үндінің «Тотынама», Әбілқасым Фирдоусидің «Шаһнама» тәрізді баға жетпес мұралары, сондай-ақ Сағдидың «Гүлстан», «Бостан», Низамидің «Ескендірнама», «Хосроу-Шырын», Науаидың «Ләйлі-Мәжнүн», «Жеті жұлдыз» аталатын классикалық шығармаларының толық қолжазбалары болған еді. Оны ұлы шайыр Тұрмағамбетпен тұтас өмір сүрген құймақұлақ қариялар кейінгілерге жыр қып айтып отырушы еді деседі.
Бұқарадағы Мир-араб, Көкілташ медреселері негізінен діни оқу орны болғанымен, онда парсы, араб, түркі және шағатай тілдері тереңдетіп оқытылып, шәкірттерге адамзатқа ортақ арғы-бергі әдеби-мәдени мұралардан мол мағлұмат берілетін. Осының барлығы да Тұрмағамбеттің тіл іліміне деген құштарлығын арттырып, оның ақындық өнерге қарай қарымды құлаш жая түсуіне ықпал еткен еді. Елдегі мешіттерде ұстаздық еткен кезінде оның білімдарлығы айқын сезіле түседі. Осы арада айта кететін бір жәйт, ол Аламесектегі мешітте (Жалағаш ауданы) қазақтың тұңғыш Нарком, (халық ағарту комиссары) Темірбек Қараұлы Жүргеновке дәріс беріп, оның сауатын ашуға ықпал етеді.
1934 жылы «Шығыстың жарық жұлдызы» атанған Фирдоусидің туғанына мың жыл толған мерекесі әлемнің көптеген елдерінде атап өтіліп, мәңгі өлмес шығармасы «Шаһнама» («Патшалар өмірі жайлы жыр») әлем халықтарының тілдеріне жаппай аударыла бастайды. Өз кезінде «Шаһнаманы» Шығыстың «Илиадасы» деп те атағандар болған. Бірақ шын мәнісінде «Шаһнама» «Илиададан» сегіз есе келетін теңдессіз эпопея-дастан. Сол бір дүбірлі мереке аталып өтіп жатқан 1934 жылы Алматыда Қазақстан жазушыларының тұңғыш съезі, одан соң дәл сол жылы көркемөнерпаздарының республикалық І слеті өткізіліп, оған Оңтүстік Қазақстан облысынан Тұрмағамбет Ізтілеуов те қатысады.
Осы барған сапарында Казкрайкомның сол жылдардағы хатшысы Л.Мирзоянмен, халық ағарту комиссары Т.Жүргеновпен жүздесіп, олармен «Шаһнаманы» қазақ тіліне аудару мәселесі төңірегінде келелі әңгіме қозғалады. Сөз түйініне тоқтар кезде Т.Жүргенов Тұрмағамбеттен: «Шаһнаманы» аудара алар ма едіңіз?» - деп сұрайды. Сонда Тұрмағамбет: «Ол дастанның түрікшесін де, шағатайшасын да, тіпті парсышасы мен арабшасын да оқығанмын. Көптеген жерін жатқа да білемін. Оны аудармай несі бар» - дейді сенімді түрде.
Арқалы ақын шәкіртіне осы кесімді сөзін айтқан соң, былай деп өлеңдете жөнеледі:
- Тәуекел! Орын тап та, тапсырып көр,
Алармын әрқалайда иілдіріп.
Қалайша қиял шіркін қашады екен,
Отырсаң жоғарыға киімді іліп.
Баяғы балалықтың базарында,
Өлеңді отырушы ем үйілдіріп.
Ойламай оның жолын қартайған соң,
Тастап ем зейінімді түйілдіріп.
Қалайда бәйге алып бере алмайды,
Жүйрікті жаратпасаң күйін біліп.
«Ишарат – ақылы барға» деген нақыл,
Ал қойдым осы араға тыйылдырып.
Осы әңгіме үстінде бірге болған ақын Өтебай Тұрманжанов өз естелігінде «Шаһнаманы» бітіргеннен кейін оны редакциялауды маған тапсырған еді. Ең алдымен қолжазбаны бастан-аяқ оқып шықтым. Ақындық шабыттан туған әдемі жырлар жазылған беттерге қалам да тигізбедім», - деп жазады.
/жалғасы бар/.
Рашид ЖАРЫЛҚАСЫНОВ,
Қармақшы ауданы