1 ШІЛДЕДЕН ЕНГІЗІЛГЕН ӨЗГЕРІСТЕР: ЖАҢА ЖӘРДЕМАҚЫЛАР, ЗЕЙНЕТАҚЫНЫҢ ҰЛҒАЮЫ МЕН ТЕМЕКІНІҢ ҚЫМБАТТАУЫ
1 шілдеден Қазақстанда заңнамаларға енгізілген бірқатар өзгеріс күшке енді, деп хабарлайды Kazpravda.kz.https://www.kazpravda.kz/
2018 жылдың 1 шілдесінен шақыртуларды ресімдеу мен визалық құжаттарды беру ережелеріне (ҚР СІМ мен ІІМ 2016 жылғы 28 қарашадағы бірлескен бұйрығы ) енгізілген өзгерістер күшке енді.
Шетел азаматтарының ҚР аумағына кіруге арналған шақыртулар беру мерзімі қысқарды. Енді Қазақстанға кіргенге дейін бес жұмыс күні бұрын шақырту беру қажет. Осыған дейін бұл мерзім 14 күн болатын.
Шақыртуда шетелдіктің Қазақстанда тұратын мекен-жайы мен баратын жерлері көрсетіледі.
Шақыртуда, сонымен қатар Қазақстан Республикасының белгілі бір елді мекенге сәйкес келетін әкімшілік-аумақтық нысан классификаторының коды болады. Оны ссылка арқылы өткенде білуге болады.
Шетел азаматында визалық құжат бар босла, онда көші-қон органдарында тіркелу міндетті емес. Өйткені оның тұратын жері мен бағдары шақыртуда көрсетіледі.
Визалық құжаттың жарамдылық мерзімін ұлғайту мақсатында берілетін құжаттарды 30 күннен көп емес, бес күннен аз емес уақыт ішінде тапсыру керек.
2018 жылдың 1 шілдесінен базалық зейнетақы еңбек өтіліне байланысты өзгереді. Ол орташа алғанда шамамен 1,8 есе көбейеді.
Мемлекет барлық азаматтарға төлейтін базалық зейнетақы мөлшері қазақстандықтардың еңбек өтілі мен зейнетақы жүйсіне қатысу мерзімімен байланысты болады.
Орташа базалық зейнетақы тағы 67 пайызға өседі.
Бұл өзгеріс барлық зейнеткерлерге әсерін тигізеді.
Саны 2 миллионнан асқан барлық зейнеткерлерге автоматты түрде біржолғы базалық зейнетақыны қайта есептеу жүзеге асырылады.
Зейнетке жуырда ғана шыққандарға базалық зейнетақы көлемі жаңа әдіс бойынша бекітіледі.
Базалық зейнетақыны қайта есептеуге еңбек өтілін растайтын және өзге де қосымша құжаттар талап етілмейді. Өйткені қайта есептеу зейнетақы істеріндегі және біздің министрліктің автоматтандырылған жүйесінде бар құжаттарға негізделіп жүргізіледі.
2018 жылы зейнетақы мөлшерін арттыру үшін республикалық бюджеттен қосымша 386 миллиард теңге бөлінді, ал зейнетақы төлеу үшін жұмсалатын шығынның жалпы көлемі 1,9 триллион теңгені құрады.
1 шілдеден Қазақстанда темекі қымбаттады
Қазақстанда үкіметтің 2007 жылғы 4 сәуірдегі «Сүзгілі, сүзгісіз темекілер мен папиростардың бөлшек саудадағы ең төменгі құнын белгілеу туралы" қаулысына түзетулер енгізуге сәйкес, 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап темекі бағасы 20 теңгеге қымбаттап, 360 теңгені құрайды.
Құжатқа сәйкес сүзгілі шылымның 20 түріне, сүзгісіз және папиростарға бөлшек саудадағы ең төменгі баға 360 теңге болып бекітілді - 2018 жылдың 1 шілдесінен 31 желтоқсанға дейін, 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап - 380 теңге.
Қазақстанда 2018 жылдың 1 шілдесінен 18 жастан асқан бірінші топтағы мүгедектерге күтім жасайтын азаматтарға төленетін жаңа жәрдемақы енгізілді.
"Бұл жәрдемақыны шамамен 14 мың жанұя алады. Оның мөлшері биылғы жылы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 1,05 мөлшерін немесе 29 699 теңгені құрайды. Мемлекеттік жәрдемақы оларға өмір бойы төленеді. Мүгедек жандарға күтім жасаған жылдары зейнетке шыққанда еңбек өтіліне қосылады", – деп осыған дейін еңбек және тұрғындарды әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова атап өткен.
2018 жылдың 1 шілдесінен Қазақстанда көлік құралдарына арналған электрондық төлқұжаттар күшке енді.
Электронды төлқұжаттан автомобиль "өмірінің" толық тарихын, оның ішінде шектеулер мен қиындықтары, техникалық қызмет көрсету сапасы мен көлемі, көлік құралдарының жол-көлік оқиғаларына түскен-түспегені жайлы мәліметтер туралы білуге болады.
2018 жылдың 1 шілдесінен электрондық төлқұжатқа өту Еуразиялық экономикалық одақта құжат рәсімдеуді оңай қылады және бизнестегі операциялық шығындарды азайтады, сондай-ақ, көлікті пайдаланудың барлық кезеңінде ашықтығы мен қалай күтілгені жайлы мәліметке тез қол жеткізуге мүмкіндік береді.
Электронды төлқұжатқа көліктің немесе мотоциклдің өндіріліп, ЕАЭО-ға кірген уақытынан бергі тарихы жазылады. Бұл құжаттарды қолдан жасау мүмкіндігін жояды және көлік туралы ақпаратты бұрмалау әрекетін күрделендіре түседі. Болашақта көлікті сатып алғысы келген адам оның тарихын арнайы порталдан көре алады.
Электрондық төлқұжатқа өту біртіндеп жүзеге асады. Паспорт ЕАЭО елдерінде біріңғай болады.