«АДВОКАТТЫҚ ҚЫЗМЕТ ЖӘНЕ ЗАҢ КӨМЕГІ ТУРАЛЫ» ЗАҢ ЖОБАСЫ МАҚҰЛДАНДЫ
Ұлттық құқықтың дамуының басты бағыты Қазақстан Республикасы Конституциясының құқықтық идеяларын іске асыру болып табылады. Қазақстан Республикасы Конституциясының 13-бабы 3-тармағына сәйкес әр адамда білікті заң көмегін алу құқығы бар. Заңмен көзделген жағдайларда, заң көмегі тегін көрсетіледі.
Ағымдағы жылдың 5 маусымында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің пленарлық отырысының екінші оқылымында «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне адвокаттық қызмет және заң көмег мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдар жобалары мақұлданды.
«Адвокаттық қызмет туралы» Қазақстан Республикасының Заңы 1997 жылы 5 желтоқсанда қабылданған. Аталған Заңға сәйкес Қазақстан Республикасындағы адвокатура адамның өз құқықтарын, бостандықтарын сотта қорғауға және бiлiктi заң көмегiн алуға мемлекет кепiлдiк берген және Қазақстан Республикасының Конституциясымен баянды етiлген құқығын жүзеге асыруға жәрдемдесуге, сондай-ақ дауды бейбіт жолмен реттеуге жәрдемдесуге арналған. Алайда, аталған Заң азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауда, заң көмегін алуда қазіргі уақыт талабына сәйкес келмейді. Осы орайда, адвокатура институтын жетілдіру мақсатында құқықтық саясат тұжырымдамасында бірқатар міндеттер айқындалған болатын.
Бұдан басқа, қазіргі кезде жеке тәжірбиемен айналысатын заң кеңесшілерінің құқықтық мәртебесі мен құзыреттері арнайы заңмен реттелмеген.
Жаңа Заң жобасында заң кеңестерімен заңгерлік көмек көрсетудің негізгі қағидаттары, заң кеңесшілерінің мәртебесі, құқықтары мен міндеттері, олардың қызметін сақтандыру сияқты мәселелерді нақтылап қарастырады.
Заң кеңесшісінің қызметін сақтандыруы ол – заң кеңесшісімен заңгерлік қызмет көрсету нәтижесінде клиентке зиян келтіру салдарынан туындайтын міндеттемелер бойынша өзінің кәсіби жауапкершілігін сақтандыру шартын жасауға міндеттейді.
Сонымен қатар заң кеңесшілерінің палаталарын құру арқылы олардың қызметін (заң кеңесшілері мүшелігі, заң кеңесшілері палатасының бірыңғай тізілімі, заң кеңесшілері палатасының ережелері мен стандарттары, Кәсіби этика кодексінің талаптары) ұйымдастыруды көздейді.
Тұрғындар үшін тиімді енгізілетін жаңалық «pro bono» тәжірбиесі болмақ. Ол дегеніңіз кешенді әлеуметтік заң көмегін көрсету ақысыз негізде, соның ішінде халықтың әлеуметтік әлсіз топтарына, Қазақстан Республикасының заңнамаларында көрсетілген тәртіппен іс бойынша қорытынды құқықтық шешім (құқықтық жағдайды шешу) қабылдағанға дейін құқықтық сүйемелдеуге жағдай туғызуды белгілейтін заң көмегін көрсету болып табылады.
Кешенді әлеуметтік заң көмегін көрсету қызметі ерікті түрде және әлеуметтік жауапкершілікті іске асыру болып табылады.
Заң жобасы адвокаттық қызмет институтын бәсекелестікті арттыра отырып жетілдіруге де бағытталып отыр. Бұған адвокаттар алқасына мүшелікке кірудің жолдарын жеңілдетіп, адвокаттардың санын арттыру арқылы қол жеткізілмек. Бұл ретте, адвокаттар алқасына кіруге үміткерлерге алғашқы кіру жарнасын төлеуді алып тастау қарастырылып отыр. Ал қазіргі қолданыстағы заңнамаға сәйкес адвокаттар алқасына кіру үшін жарна сомасы қомақты және оны адвокаттық қызметпен айналысқысы келген кез-келген жас маманның қалтасы көтеруі екіталай. Заң жобасында адвокатура институтын жетілдіру үшін заң көмегін көрсету субъектілерінің біліктілігін қамтамасыз ету, аттестаттау өткізу тәртібін қайта қарау, адвокаттардың біліктілігін арттыру және сапасыз заң көмегін көрсеткені үшін жауаптылыққа тарту тетігін қайта қарау ұсынылды.
Мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсететін адвокаттардың тізімі, мемлекет кепіл берген заң көмегін көрсету жүйесіне қатысатын адвокаттардың тізімінен адвокатты таңдау сияқты ақпараттық мүмкіншіліктерді еркін таңдауға жағдай жасайтын «Е-адвокатура» ақпараттық жүйесін енгізу туралы ереже бекітілетін болады. «Е-адвокатура» ақпараттық жүйесі мемлекеттік органдардың басқа жүйелерімен ықпалдастырылатындығын да атап өту қажет.
М.БИСЕМБАЕВ,
Қызылорда қалалық әділет басқармасы басшысы
Қызылорда қалалық әділет басқармасы басшысы