АРАЛДА ЖАҢА РӘМІЗДЕР АЛАҢЫ АШЫЛДЫ
Бүгінгі мерейлі мерекеде аралдықтар Тәуелсіздігіміздің басты нышаны саналатын Рәміздер алаңының ашылу салтанатына куә болды. Жалпы құны 174,670 млн теңгені құрайтын жоба арнайы 4 маусым – ҚР-ның Мемлекеттік рәміздер күні аясында пайдалануға берілді.
Жалпы аумағы 8 000 м2 құрайтын «Рәміздер алаңында» Мемлекеттік Елтаңба, Мемлекеттік Гимн және биіктігі 20 метрлік қасиетті Мемлекеттік Ту орналастырылған. Жаңа нысанда көпшіліктің демалысы үшін бар жағдай жасалған.
Жаңа «Рәміздер алаңының» ашылу салтанатына облыстық мәслихат хатшысы Н.Байқадамов, аудан әкімі М.Оразбаев және бірқатар қадірлі қонақтар арнайы қатысып, Мемлекеттік рәміздерді ұлықтау шарасына куә болды.
Салтанатты шарада сөз алған облыстық мәслихат хатшысы Н.Байқадамов «Өткен жылы Арал қаласынан «Рәміздер алаңын» салу және абаттандыруға облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, құрылыс жұмыстары қарқынды түрде жүргізілген боласа, бүгінде өз мәресіне жетті. Мұнда, өздеріңіз байқап тұрғандай, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Рәміздері көрініс тапқан. Атап өту керек, биіктігі 20 метр болатын көк байрақ арнайы Астана қаласының 20 жылдығына арналып отыр. Осы орайда, Тәуелсіздік пен мемлекет символына айналған рәміздер алаңының Елбасының тікелей назарында тұрған Арал ауданынан бой тіктеуі - рухани жаңғырудың жарқын қадамдары деуге болады» деп, аудан жұртшылығына құттықтау лебізін жеткізді.
Одан әрі Рәміздер алаңындағы көк байрағымыз көкке көтеріліп, ел Әнұраны орындалды. Мұнан соң аудан өнерпаздары әзірлеген концерттік бағдарламаларын көпшілік назарына ұсынып, тұрғындар қуанышын еселей түсті.
Шараға келген тұрғындар мен қала қонақтары рәміздердің көркіне ерекше ықыластарыне білдіріп, әсем орнатылғандығына ризашылықтарын жеткізді. Әрі жастардың патриоттық тұрғыда тәрбиеленіп, отан¬сүйгіштік қасиетті бойларына сіңіруіне негіз болар дүние жасалғандығына, бой сергітіп, демалар орындар қатары көбейгендігіне қуанды.