СЫР ӨҢІРІНІҢ ТҮЛЕКТЕРІ ЖЕРЛЕСТЕРІНЕ АРНАП АТТРАКЦИОН САЛЫП БЕРДІ
Сыр өңірінің Тұрмағамбет ауылында ерекше бастама қолға алынды. Елді мекендегі 1991 жылы туған азаматтар, яғни Тәуелсіздіктің төл құрдастары жерлестеріне арнап ойын алаңын салып берді.
Олар бұл игі істі мектеп бітіргендеріне 10 жыл толуына орай қолға алған. Темір мен ағашты иіп, әткеншек, сырғанақ секілді түрлі аттракциондарды жергілікті жігіттер өз қолдарымен жасап шыққан. Ауыл ажарына әр қосқан жаңа нысанның ашылуы да бар сән-салатанатымен өтті. Жалпы мұндай үрдіс Қызылорда облысында соңғы жылдары жаппай қолға алынып, әр жылдары мектеп бітірген түлектер өз ауылдарын абаттандыруға үлес қосуды дәстүрге айналдырған.
Сәкен Мұратов, Тұрмағамбет ауылының тұрғыны:
– Не істесек те, осы кейінгі жас ұрпақ үшін жасап жатқан жайымыз бар. Және де Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың да «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында «Туған жерге туыңды тік» деген ұранды сөзі бізді ойландырды.
Сондықтан біз осы 1991 жылғы азаматтар ойласа келе, ауыл жастарына ойын алаңын соғуды жөн көрдік.